Жеңімпаздар кешірім сұрамайды
Жеңімпаздар кешірім сұрамайды
170
оқылды
Жуырда Германияның сыртқы істер министрі Хайко Маас өз елінің ІІ дүниежүзілік соғысты бастағанын, сон­дық­тан ХХ ғасырдағы адамзат қасіреті үшін айыпты болатын өз­ге елдерді іздемеуді сұрады. Сөйтіп, Германия бар кінәні мой­­нына алғаны. Бірақ әлемді қанға бөктірген сол со­ғыс­тың басталуына Германия ғана кінәлі ме, жалпы бір мемлекеттің өзгеге немесе қандай да бір халық­қа жа­­­­­са­ған қысымын, геноцидін мойындауына қалай баға беру­ге болады? Неге кейбір мемлекеттер үшін айыпты еке­нін мойындау тым ауыр? Біздіңше, осынау сауалдарға жауап іздеу адамзат әдебі мен жауапкершілігінің деңгейін көр­сететін сияқты. Жалпы, тарихта қандай да бір ұлттың, мемлекеттің өзге ха­лық­тарға, этностарға жасаған қысымы, зорлық-зомбылығы аз бол­маған. Тек адамзатқа қауіп төндіргенін біреу мойындай алса, енді біреулер «әке үшін бала жауап бермейді» принципіне әбден жа­бысып алған, өткен күндердегі қателікті айтуды жеңіліс санайды. Әйтпесе, іс жүзінде II дүниежүзілік соғыстың басталуына тек Германияны айыпты санауға да болмас еді. Өйткені ХХ ғасырдың оты­зыншы жылдарындағы жаһандағы геосаяси жағдай мен адам­зат көзқарасы алапат соғыстың табалдырығында тұрған-ды. Егер ІІ дүниежүзілік соғысты Германияның Польшаға басып кіруіне апарып тірейтін ресми тарихқа қатысты қарастырсақ, иә соғысты бас­таған Берлин. Ал адамзаттың төгілген қаны тұрғысынан қа­растырсақ соғысты Жапония бастаған болып шығады. Өйткені жапондар 1939 жылға дейін-ақ Қытайда қанды қасап ұйымдастырып жатқан еді. Демек, қазіргі Германияның сол соғыс жауапкершілігін мойнына алуын біріншіден, адамгершіліктің тамаша үлгісі ретінде бағаласақ, екіншіден, еуро­центристік көзқарастың маңызы жойыл­­мағаны деп ұғамыз. Адамзат алдындағы жауапкершілікті Германия мойнына алса, демек адам баласының асылы да сол неміс немесе батыс жұрты деген ой қа­лып­тасады. Яғни, Германияның бар айыпты мойындауын сан қырынан қарастыруға болады. Дегенмен өз айыбын мойындай алғандар ғана келешекте сол қателікті қайталамайтынын есте ұстаған абзал.  

Жеңімпаздарды ешкім айыптамайды

Германияның Екінші дүниежүзілік соғыс пен Холокост үшін бар жауап­кершілікті мойнына алғанын батыл қадам ретінде бағалағанымызбен, бірқатар елдің тарихтағы өз кінәсін ешқашан мойындағысы келмейтінін ескеруіміз керек. Айталық, КСРО ешқашан Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуына себепші болған мемлекеттердің бірі еке­нін мойындаған емес. Өйткені «жеңім­пазды айыптамайды» қағидасы сол соғыс­тан кейін мықтап бекіді. Амери­калықтар да Жапонияны өздеріне ша­буыл жасауға итермелеу үшін барын салғанын, өздерінің жаһандық соғыс жауапкершілігіне қатысты бар екенін айтып әуре болмайды. Өйткені олар да жеңімпаздар. Егер жеңімпаздар қисынына жүгінсек, олар кешірім сұрамайтыны байқалады. Ал жеңілгендер кешірімді бір емес, бірнеше мәрте сұраған. Азиядағы лаң үшін Жапония басшылығының да кешірім өтінгені есте. Әйтпесе, сол соғыста антигитлерлік коалиция құрған елдердің де азды-көпті айыбы болғаны рас. Мәселен, Қызыл армия Германия жеріне кіргенде сарбаздар немістің 2 миллионнан астам қыз-келіншегін зорлағаны туралы деректер кездеседі. Алайда алғаш рет неміс зерттеушісі Барбара Йор ортаға тастаған бұл деректің шынайылығына қатысты түрлі көзқарас бар. Дегенмен соғыс болған соң майданда әйел мен бала-шағаның көбірек құрбан болатынын, оларға зорлық-зомбылықтың көп жасалатынын ұмытпаған жөн. Яғни, Германия жерінде Қызыл армия сарбаздарының ары таза болды деуге еш негіз жоқ. Оған бір ғана Владимир Гельфанд деген Кеңес жауынгерінің күнделіктерінің өзі нақты айғақ болады. Сонымен қатар кейін Германияның канцлері болған Гельмут Кольдің алғашқы әйелі Ханнелоре Реннерді 1945 жылы 12 жасында Кеңес әскерлері зорлап тастаған дейтін дерек те бар. Міне, мұның өзі жаһандық соғыстағы қатігездіктің бір көрінісі. Жаудың жеріне басып кірген Кеңес әскерлері түгілі, одақтас Ұлыбританияның жеріне келіп, Еуропаға аттанбақ болған америкалық жауынгерлер де қыз-келіншектерді жиі зорлағаны белгілі болған. Боб Лилли дейтін зерттеуші америкалық әскерлер Англияда, Франция мен Германияда 1942-1945 жылдар аралығында 14 мың қыз-келіншекті зорлағанын анықтапты. Оның көбі Британия жерінде болған. Себебі америкалықтар Еуропаның теріскейіне тек 1944 жылы жазда табан тіреді. Тіпті, Дуайт Эйзенхауердің зорлықшыл сарбаздарды атып тастауға бұйрық бергені де бар. Шамасы генерал әбден күйінсе керек. Кейін америкалықтар Жапонияға қос атом бомбасын тастады. Бірақ КСРО да, оның мұрагері Ресей де, АҚШ та адамзат алдындағы айыбын мойындап, кешірім сұраған жоқ. Демек, жеңімпаздар мен күштілер өткен күннің қателігінен сабақ алмайтын болса керек.  

 Адамзат тек соғыс үшін айыпты емес

Жалпы, адамзаттың бір-біріне жасаған түрлі қысастығы көп. Егер жіпке тізсек, олардың барлығын айыптап шығуға болады. Айталық, үндістерді қырған америкалықтарды, өз бодандарына күн бермеген Цинь империясы мен оның орнына келген Қытай мемлекетін, қазақ пен украинды аштыққа ұшыратып, Сібір халықтарының түбіне жеткен Ресейді, күрдтер мен армян мәселесі үшін Түр­кияны, Ходжалы қырғыны мен Таулы Қарабақ үшін Арменияны, мұсылмандарға қысым жасаған Мяньманы, тұтас тайпа­ларды қырып тастаған Африканың кейбір мемлекеттерін, қызыл кхмерлерді, тіпті палестиналықтарды ығыстыру саясатын жүргізіп жатқан Израильді, қысқасы талайды айыптауға болады. Бірақ мұндай оқиғаларға қатысты кешірім сұрап, айы­бын мойындағандар сирек. Шамасы кешірім сұрау мәселесі адами қасиеттен гөрі, саяси ұстанымға айналып кеткен-ау. Әйтпесе, адамзат өзара кешірісіп, қателіктерін мойындап, тату өмір сүруіне болар еді. Тек мүдде деген дүние бәрінен жоғары тұр. Бір қызығы, саясатта кешірім сұрау тым сирек екені байқалады. Соғыс түгілі ашықтан-ашық біреудің мүлкін қиратып, азаматтарын өлтіргендер де кешірім сұрамауға тырысады. Мәселен, соңғы жетпіс жылда жиырмаға жуық азаматтық ұшақты түрлі елдің әскерилері атып түсірсе де, кешірім сұрап, өтемақы бергендер көп емес. Айталық, 1978 жылдың 20 сәуі­рін­де Парижден Сеулге ұшып бара жат­қан Korean Air Lines компаниясының ұшағын Кеңес ұшқыштары зақымдап, қонуға мәжбүрлеген. Сөйте тұра, КСРО кешірім сұрамақ түгілі Оңтүстік Кореяның өзінен жолаушыларды «бағып-қақтық» деп, 10 мың доллар төлем талап еткен. Сондай-ақ 1983 жылы тағы да Korean Air Lines компаниясының Нью-Йорктан Сеулге ұшып бара жатқан ұшағын Кеңес ұшқыштары атып түсірген. КСРО апаттан қаза болғандарға өтемақы да төлеген жоқ, ұшақтың қирауына өздерін айыпты деп те санаған емес. Тіпті, ұшақты атып түсірген әскери ұшқыштар да кешірім сұрамаған. 1988 жылы 3 шілдеде Парсы шыға­нағында жүзіп жүрген АҚШ-тың Vincennes крейсері Iran Air компаниясының Тегераннан Дубайға бағыт алған ұшағын атып тастап, 290 адам көз жұмған. Әйтеу америкалықтар 1996 жылы қаза тапқандардың отбасыларына өтемақы төлеуге келіскен. Бірақ кешірім сұрамаған. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында аталған апат мәселесі қаралғанда сол кездегі АҚШ вице-президенті үлкен Джордж Буш «АҚШ үшін ешқашан кешірім сұрамаймын» деген. Ал ұшақ апаты үшін айыпты екенін мойындағандардың бірі Ливияның бұрынғы басшысы Муаммар Каддафи еді. Ол 1988 жылдың 21 желтоқсанында Шотландия аспанында жарылған Pan American World Airways компаниясының ұшағы үшін өз елінің айыпты екенін айтқан. Өйткені ұшақты ливилиялық террористер жарып жіберген еді. Ал биыл қаңтарда Иран билігі Украина ұшағын атып түсіргендіктен, Киев пен украиндықтардан кешірім сұраған. Міне, осы деректерден-ақ кешірім сұрап, адамзат алдындағы айыбын өтеуге күштілердің тым ықыласты емес екенін байқаймыз. Германия мен Жапония да қазір мықты ел екенін алға тартатын шы­ғар­сыздар. Иә, олар қуатты елдер. Бірақ олар адамзат көшбасшысы болу соғыс арқылы жүзеге аспайтынын түсінген жұрт. Сондықтан ғылым мен техника арқылы алға шықты. Бірақ батыс пен шығыстың кешірім сұрауында да айырмашылық бар. Айталық, немістер Екінші дүниежүзілік соғыстың бар айыбын көтерсе, жапондар «біз айыптымыз, бірақ қайта-қайта ке­шірім сұрай береміз бе?» деген ұстаным байқатты. Оны 2015 жылы Жапония премьері Синдзо Абэ ашық айтқан. Әрі тек соғыс құрбандарына құрмет көрсететінін білдірген. Қытай, Корея қатарлы Азия елдерінен кешірім сұрамаған еді. Өйткені 1995 жылы Жапония премьері Томиити Мураяма, 2005 жылы Дзюнъитиро Коидзуми соғыс үшін өкінетінін айтып, кешірім сұраған. Тек Абэ ғана басқаша ұстаным көрсетті. Бәлкім, ол да дұрыс шығар. Ғасырға жуық уақыт бұрын болған оқиға үшін, сол дәуірден тым алыс, танымы мен пайымы, білімі мен мәдениеті бөлек жаңа буын өзін төменшіктете беруі керек пе?! Оның үстіне азиялықтар жапондардан өтемақы тілейтіні тағы бар.  

 Ревизионизм де қауіпті

 Айтпақшы, Хайко Маас өз елінің соғысты бастауға себепші болғанын мойын­дау ревизионизмнен аулақ болу үшін қажет екенін айтты. Яғни, Екінші дүниежүзілік соғыс тарихына ревизионистік көзқарас қажет емес. Мұндай ұстаным тым қатерлі саналады. «Неміс халқының өткен күндері ревизионизмнің өте қауіпті екенін, ол рационалды ойлауды жасанды мифтермен алмастыратынын көрсетті», – дейді. Сөйтіп, әу баста соғысты бастаған халықтың кейін құрбандық болып көрінбеуі керек екенін айтады. Шамасы бұл саясаткердің соңғы жылдары немістердің де сол соғыста көп қорлық көргенін айта бастағандарға қарсы келтірген уәжі болса керек. Айталық, біз мысал еткен «2 млн неміс әйелі зор­лан­ды» дейтін деректің де астарында реви­зионистік ұстаным байқалып қалады. Ал неміс әскерлерінің КСРО жерінде қандай зорлық-зомбылық жасағаны, әкелген қасіреті соңғы кездері сирек айтылады. Демек, кейбір саясаткерлердің тарихи оқиғалар үшін кешірім сұрауға батылы жетуі осы ревизионистік пиғылды тежеу үшін де қажет болып тұрса керек. Өйткені өткен күннің қателігін қайталау ревизионистік көзқарастың кесірінен де болуы мүмкін.  

 width=   Амангелді ҚҰРМЕТ