«Жансақтауда» жатқан жобалар
«Жансақтауда» жатқан жобалар
187
оқылды
Жамбыл облысы – қай кезде де өзінің өндірістік әлеуеті­мен танылған өлке. Аймақта жылда жаңа өндіріс орындары ашы­лып, кәсіпкерлік салаға серпін беруде. Сондай-ақ  өңір­ге инвестиция құюға ниетті инвесторлардың да  қатары қа­лың. Алайда кейбір жобалардың жұмысы жүрмей  «жан­сақ­тау» бөлімінде жатқаны жанға батады.  

Жеті жылда бір зауыт

Жеті жылдан бері «бауын тап­са, байлауын таппай» келе жат­қан ірі жобаның бірі – Шу ау­­­да­нындағы «Тараз химиялық пар­­кі». Арнайы экономикалық ай­­­­мақты құру жобасын со­нау 2013 жылы сол кездегі «Са­мұ­­рық-Қазына» АҚ басқарма төра­ға­­сының орынбасары Дәурен Ер­дебай Үкімет отырысында та­­­ныстырған болатын. Ол 2020 жыл­ға дейін 180 миллиард ин­вес­­тицияға экономикалық ай­мақ­тан 20 кәсіпорын бой көте­ре­ді деп мәлімдеген. Сол жылы бірін­ші кезең шеңберінде натрий цианидін, күйдіргіш сода, хлор, хлор­лы фосфор, глифосат өн­діру бойынша 4 жоба жүзеге аса­ты­нын айтқан еді. Алайда кейін «көр­пе­мізге қарай көсілейік» деді ме, са­лынатын кәсіпорындар саны 16-ға қысқартылды. Десе де, осы өндіріс орындарының өзі ТМД ау­мағында теңдессіз деп танылады деп күтілген. Жобаны «Біріккен хи­миялық компания» ЖШС қолға алып, отандық инновация мен ғы­лыми-техникалық ізденістердің арқасында тиімділігі аса жоғары 7 өнім түрін шығаруы керек болатын. Атап айтсақ, каустикалық сода мен хлор, үштекті фосфор, натрийдің құр­ғақ бутилдық ксантогенаты, май­лау-салқындату сұйықтығы жә­не коррозия ингибиторы, пес­тицидтер мен агрохимиялық өнім­дер, тереңдетіліп өңделген та­би­ғи газ өндірісі мен сутегі пе­­­­роксидін өндіру арқылы кә­сіп­­орындар жылына шамамен 226 487 тоннаға дейін химиялық өнім шығарады деп көзделген. Ал одан 86 миллиард теңгеге дейін та­быс келеді деп күтілген. Ал ең көп сұранысқа ие глифосат өнімі «Та­раз химиялық паркінің» бренді болуы тиіс еді. Алайда арада 7 жыл өтсе де, жо­баның жүрісі «жүгі жеңіл есек­тің» керін келтіруде. Мұны Шу ау­­­­данына жұмыс сапарымен бар­ған Жамбыл облысының әкімі Бер­дібек Сапарбаев та баса айтты. – Арнайы экономикалық ай­мақ құрылғаннан бастап жеті жыл ішінде бір ғана өндіріс орны іске қо­сылған. Сіздер түрлі мәселелерді ал­ға тартып, жергілікті биліктен кө­мек сұрап отырсыздар. Алайда же­ті жылда жасалған тірліктеріңіз кө­рінбейді. Ең алдымен, өз мін­­­дет­теріңізді ойдағыдай ат­қа­ру­ла­­рыңыз керек. Содан кейін ға­на көмек сұрауларыңыз қажет. Әйт­песе, жеті жыл жамбастап жа­тып алып, енді «анау болды, мы­нау болды» деген болмайды, – деген Бердібек Мәшбекұлы экономикалық ай­­­­маққа жауапты серіктес ком­па­ния­лардың «қалқып» отырған тір­ліктерін қатаң сынға алды. Әрине, Бердібек Сапарбаев Жам­­был облысына жақында кел­­ген әкім болғанымен, Үкі­мет үйінде отырғанда «Тараз хи­­­миялық паркіне» қатысты мә­селелерге әбден қаныққаны анық. Сондықтан әкім мұндағы жағ­дайды толық біліп келді десек те бо­лады. Негізі, 505 гектар аумақты алып жатқан «Тараз химиялық пар­кі» арнайы экономикалық аймағында қазіргі таңда бір зауыт іске қосылып отыр. Яғни, «ХИМ-плюс» ЖШС 1,7 миллиард теңгенің өнімін өндірген. Алдағы уа­қытта сомасы 631,9 миллиард тең­ге болатын тағы алты жобаны іске асыру көзделіп отыр. Сондай-ақ мұнда жобалық құны 99 миллиард теңге болатын, жылына 150 мың тонна қант шығаратын қант зауытының құрылысы да бас­­талмақ. Бір сөзбен айтқанда, кеш те болса құрылыстың бойы­­на қан жүгіретін секілді. Жо­ба жанданғаннан бері Жам­был об­лысында үш әкім ауы­сып үл­герді. Барлығы да «Та­раз хи­мия­лық паркіне» тың көз­қа­рас­пен келіп, өндірістің өрісін өз­­гертуге ты­рысты. Алайда оның нә­тижесі бү­­гін көрініп тұр. Сондықтан Бер­ді­бек Мәш­бе­кұлына жаңалық жасамай-ақ, жеті жыл бұрын жос­парланған жо­баны соңына дейін жеткізіп берсе, бұқараның да, Үкіметтің де алғысы шексіз бо­ла­тыны анық.  

Өнім бар, өткізетін жер жоқ

 Жүрісі жүдеу кәсіпорынның тағы бірі – Талас ауданындағы Talas Investment Company өндіріс ор­ны. Елімізде баламасы жоқ деп есептелген жобаның құрылысы 2014 жылы қолға алынған болатын. Жо­балық құны 22,6 миллиард тең­ге болатын инфрақұрылым жүр­гізуге мемлекет тарапынан 1 миллиард 469 миллион теңге бө­лінген кәсіпорын жылына 15 мың, айына 1 250 тонна натрий цианидін өн­діреді деп күтілген еді. Тіпті, те­лекөпір арқылы таныстырылған өн­діріс орнын Елбасы Нұрсұлтан На­зарбаев «Тәуелсіздік таңындағы елімізде баламасы жоқ кәсіпорын» деп бағалаған-ды. Алайда содан бері 6 жыл өтсе де, зауыт қуатты кү­­­­шіне бір шықпады. Бірақ бұ­ған ком­панияның басқарушы ди­рек­торы Бахтияр Алдашов кінәлі емес еке­нін айтады. – Біз 15 мың тонна өнімді бір­ден шығарып тастасақ, ертең оны өткізетін жер болмай қалады. Сон­дық­тан біз тапсырыс берушіге қа­­рай өнім өндірудеміз. Негізгі тұ­­тынушыларымыз Тәжікстан, Қы­р­ғыз Республикасымен қа­тар, өзіміздің отандық өндіріс орын­дары саналады. Алайда шы­ғыс­тағы алтын өндіретін зауыттар нат­рий цианидін Қытайдан алса, солтүстіктегілер Ресей мем­ле­ке­тіне тапсырыс бергенді тиімді кө­реді. Себебі жеткізу құнымен біз­дің өнімдер қымбат түсуде.    width= Негізі, қазір натрий цианидіне бүкіл Қазақстанның сұранысы 23-25 мың тоннаны құрайды. Би­­лік «осындай алып зауытты то­­­­лықтай кәдеге жарата алмай отыр­сыңдар» деп жұмысымызды сы­науда. Алайда айтуға оңай, іс жүзінде тапсырыс болмаса қа­й­теміз? Сондықтан бізге тек осылай жұ­мыс істеуден басқа амал жоқ, – дей­ді кәсіпорынның басқарушы директоры. Негізі, зауыт 2017 жылы 5 700 тонна цианид өндірсе, 2018 жы­лы өнім көлемін 8 023 тоннаға дейін жеткізген. Ал ағымдағы жыл­­дың төрт айында 4 тоннадай өнім өндірген көрінеді. Әрине, хи­­­­­миялық қоспамен жұмыс іс­теу­­де көп тірлік тәуекелге келіп ті­релетіні түсінікті. Алайда кәсі­п­о­­рынның жобасын жасарда неге осы мәселелер ескерілмеді екен? Бәлкім, зауыт жылына 15 мың тон­на цианид шығарса, Ресей мен Қытайға алақан жаймай, іш­кі сұраныстың басым бөлігін өз өнімізбен өтерміз? Ол үшін жол шығыны мен жеткізу құ­ны­ның төмендету тетігін табу анау айтқандай қиын шаруа емес қой. Елімізде әуе мен теміржол та­сымалы жолға қойылған. Бәл­кім, осы ресурстарды кеңінен пай­да­лану керек шығар. Ал ең бастысы Ел­басы мен Президент те отандық өндірісті дамытуды бірінші орынға қойып отырғанда болмайтын жол шығынын айтып, өз өндірісімізді шетқайпай қою жөн болмас. Бұған дейін облысты басқарған әкімдер жо­ғары жаққа бұл мәселені ашып жеткізе алмаған болар. Алай­да Үкімет үйінен тікелей келген Бер­­­дібек Мәшбекұлы ескі та­ныс­тарының тілін тауып, тасымал құнын төмендетіп, кәсіпорынның көкжиегін кеңейте алатын шығар?  

Кеше ашылды, бүгін жабылды

Жамбыл облысының әкімі Бер­дібек Сапарбаев біліп отырған тағы бір жоба – «Оңтүстік халал та­ғам­дары» ет комбинаты. Жобалық құ­ны 2,5 миллиард теңгені құраған өн­діріс орны жылына 5 000 тонна ет өндіреді деп күтілген. Сондай-ақ 153 жаңа жұмыс орны ашылуы тиіс еді. Алайда қазір Жамбыл ау­­­­данындағы зауыт қаңырап бос тұр. Оған жуырда аймақ басшысы Бер­дібек Сапарбаевтың өзі көз жеткізіп келді. Кәсіпорын ашыл­ған­­­нан бері бар-жоғы 20 тон­на етті Иран мемлекетіне экс­порт­тал­ған. Алайда АҚШ-тың Иран Ислам Республикасына салған сан­кцияларынан кейін мұндағы жұ­мыс тоқтаған. Зауытты аралау ба­рысында өңір басшысы «бұл қол қусырып қарап отыратын жағ­­дай емес» екенін айтып, ты­ғы­­­рықтан шығудың өзге жолда­рын қарастыруды кәсіпорын бас­шылығына тапсырды. Бірақ се­ріктестік басшысы өндірісті өріс­тетудің жолын білсе, бұл күн­ге дейін қарап отырмайтын еді ғой. Сондықтан Бердібек Мәш­бе­кұлына зауыттың тірлігін тік­теу­дің тетігін өзі ұсынуы керек сияқ­ты.  

Дәрі өндірісінің де діңкесі құрып тұр

Шу ауданындағы «ҚазМия» ЖШС 2016 жылдан бері қуатты кү­шіне шыға алмай келеді. Ақсу ауыл­дық округінде мия тамырын өң­дейтін зауыт Қазақстан Тәуел­сіздігінің 25 жылдығы мен Тұңғыш Пре­зидент күніне орай бар сал­та­натымен ашылған болатын. Сол кездегі облыс әкімінің орын­ба­сары Тимур Жанке, Cokey Sustems Co. Ltd АҚ басқарма тө­­­ра­ғасы, жапондық инвестор Ешида Наомаса, «Қаз­Мия» ЖШС басшысы Олжас Әб­­дешов және Шу ауданының әкі­мі Рүстем Дәулет жоба жемісті бо­латынына сендірген.    width= Жобалық құны 900 миллион тең­гені құраған кәсіпорын 300 тон­наға дейін мия тамырының сы­ғындысы мен глицерин қыш­қы­лын шығарып, жаңа жұмыс орын­дарының құрылуына септеседі деп күтілген. Ал ең маңыздысы ин­­весторлар мия тамырынан дәрі жасап, бұл технологиясымен біз­бен бөліседі деп көзделген еді. Алайда содан бері төрт жыл өтсе де, өнім де, дәрі де жоқ. – Қазіргі әлемдік пандемияға бай­­ланысты жапондық инвестор­лар­­мен байланысу қиын болып тұр. Оған қоса, «ҚазМия» ЖШС-ның жұмысына жауапты болған Олжас Әбдешов басқа салаға ауысып кет­­кендіктен, көп құжаттарды әлі алған жоқпын. Сондықтан бар­­лық жағдайдан хабарсызбын. Де­­се де, бұйыртса карантиннен кейін осы жобаға қайта кіріссем деп отырмын. Сол кезде анық-қа­нық ақпарат бере аламын, – дей­ді «Қаз­Мия» ЖШС-ның жаңа бас­шы­­сы Гузеля Бахаутдинова. Кеңсесі Алматы қаласында ор­наласқан серіктестік басшысы осын­дай екіұдай ақпар бер­ді. Демек, жобадан жапондық ин­вес­тор­лар да қаша бастаған секілді. Алай­да құйылған қаржы кері қайт­пайтындықтан, қазір барды ұқса­тып қалу керек шығар. Бірақ жуыр­да ғана Шу ауданына жұмыс са­парымен барған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бұл зауытқа ат басын бұрмағаны таңғалдырады. Әлде Бердібек Мәшбекұлы да жо­ба­ның келешегіне сенбей отыр ма?  

Балықты қайдан аулаймыз?

Жобалық құны 5 миллиард тең­­геден асқан «Хантау» цемент зауы­­­ты екі жыл бұрынғы айқай-шу­­дан кейін қазір тоқтап тұр де­ген­­нің өзінде, кәсіпорын жұ­мыс­­шыларына қарыз болған 505 мил­­лион теңгенің қаншасын қай­тарды және жұмысын қашан қайта жан­дандырады деген мәселелерді ауданға барып тұрғаннан кейін об­лыс әкімі бір зерделемеді ме? Жүз рет естігенше, бір рет барып көріп, це­мент зауытының тынысымен неге таныспады? Әлде жоғарыда ай­­тылған Шу ауданындағыдай Үде­­мелі индустриалдық-иннова­ция­лық даму мемлекеттік бағдар­-ла­масы аясында салынған өндіріс ор­нының «келешегі жоқ» деп об­лыс әкімі кесімін шығарып қой­ды ма? Екінші алып өндіріс орны – «Мыңарал» цемент зауыты. Атал­ған зауытта коронавирус ін­де­тін жұқтырған бір жұмысшы тір­кел­­геннен кейін өндіріс орны ка­­ран­тинге жабылғаны белгілі. Сон­­дықтан өңір басшысы бұл кә­­­­сіпорынға ат ізін салмағанын тү­сінуге болады. Алайда дәл сол Мыңа­рал ауылындағы балық зауы­тына неге бармады екен? Жобалық құ­ны 600 миллион теңгені құраған зауыт жылына 1,5 мың тонна ба­лық өнімдерін шығаруға қау­қар­лы. Алайда 2014 жылдан бері қуатты күшіне бір шыға алмай ке­леді. Оған себеп – шикізаттың тап­шылығы. Кәсіпорын дәл Балқаш көлінің қасында орналасса да, су айдындары жекеменшік қолдарға өтіп кеткендіктен, балықшылар қай­дан балық аулайтындарын біл­мей отыр. Міне, осы күрмеуі қиын түйткілді облыс әкімі Мойынқұм ауда­нына барғанда неге көрмеді екен, әлде көрсетпеді ме? Аймақ басшысына «Ақбақай» ал­тын өндіру фабрикасына да мін­детті түрде бару керек. Себебі бір кез­дері даңқы жер жарған өндіріс ор­нының күн өткен сайын үні өшіп барады.   Түйін:

Әрине, байыбына бармай байбалам салудан аулақпыз. Алайда қазір Жамбыл облысының кәсіпкерлік саласын сүзгіден бір өткізіп жіберсе, «жансақтауда» жатқан жобаларды «табуға» болады. Бұны сала мамандары да жоққа шығара алмас. Әлемдік пандемияға дейінгі өндірістің әлеуеті осындай болса, карантиннен кейінгі күнді елестету, тіпті қорқынышты. Бұдан бөлек, қазір «Жамбылдықтардың тұрмыстық табысын жақсарту» жобасына қатысты да көп әңгіме айтылуда. Облыс әкімі барған жерінің бәрінде төрт түлікті басқа өңірлерден сатып алу туралы айтқанымен, «карантин кезінде малды қалай сырттан тасимыз?» деп шағымданған ауыл әкімдерінің үні де құлағымызға жетті. Нәтижесінде, бірінші кезең қаржысының өзін игеру қиынға соғып жатқанын жуырда аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың өзі мойындады. Бәлкім, төтенше жағдайдан кейін халық қалыпты тіршілігіне қайта көшіп, көп нәрсе ретке келетін шығар. Алайда жамбылдық жобаларға келгенде, ақ парақтағы ақпаратқа «мақұлмен» қарамай, нақты фактілерді ақылға салған жөн болар...

 

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы