Селдің қаупі сейілмей тұр
Селдің қаупі сейілмей тұр
129
оқылды
Биылғы көктем өткен жылдарға қарағанда өз­герек болды. Олай деуге де себеп бар. Өйткені «сә­уір болмай, тәуір бол­май­ды» дейтін қазақ үшін нау­рыз­дың өзі жылы болды. Қыста қар қалың түсіп, то­пан су мен селден қауіп­тендік. Ол – рас. Дегенмен төтенше­лік­тер «жалпы елі­мізде қазіргі уақытта сел­ден қауіп жоқ» дейді. Солай ма? Наурыз айында күннің күрт жылынуына байланысты Қазақстанның біраз өңірінде су тасқыны қаупі болды. Сол уақытта Экология министрлігі 2020 жылға су тасқыны кезеңіне әзірлік барысы туралы айтқан болатын. Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі С. Громов: – Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ақмола және Қостанай облыстарында су тасқыны кезеңі көп болады деп күтілуде. ШҚО, Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарының таулы өзендерінде су тасқыны жауын-шашынға байланысты болады. Апта сайынғы гидроболжамға сәйкес 27 ақпан мен 5 наурыз аралығында Қарағанды облысының өзен бас­сейндерінде ылғал қорының көлемі 15%-ға дейін, Қостанай және Ақ­төбе облыстарында 5-45%-ға азайды. СҚО мен Ақмола облыста­рында елеулі өзгерістер жоқ, – деген болатын. Ол «Қазсушар» РМК филиал­дары құрылыс және басқа да инертті материалдардың қажетті қорын, тиісті техника мен ЖЖМ дайын­дады. Қазіргі уақытта су шаруашы­лығына тәулік бойы бақылау жүргі­зілетінін де айтты. 2019 жылдың күзінен бастап ГТҚ тексеру жүргізіліп, оның қо­рытындысы бойынша гидротехни­калық құрылыстардың барлық меншік иесіне бассейндік инспек­циялар суағар суларды қауіпсіз өткізу және қажетті инертті ма­териалдар мен техниканы дайындау үшін қажетті іс-шараларды жүргізу туралы ұсыныс та жіберілген. – Жергілікті атқарушы органдар су қоймаларынан төгілетін су ағынын елді мекендерден бұру үшін өзен арналарының өткізу қабілетін арттыру бойынша жұмыстарды жеделдетіп, күшейтуі қажет. Бос сыйымдылықтарды арттыру бойын­ша біз қабылдайтын шаралар ар­наларды тазарту кешенімен үйлес­кен­де ғана тасқынның апатсыз өтуі­не толыққанды нәтиже бере ала­­ды, – деп түйіндеді вице-министр. Экология министрлігі комму­налдық және жеке ҚТС бос сыйым­дылықтарды ұлғайту, арналарды тазалау, инженерлік қорғауды жөн­деу және тұрғызу бойынша бұған дейін берілген ұсынымдардың орын­далуын бақылау бойынша көш­пелі бақылау тексерулерін қо­сымша жүргізіп, қауіпті сейілткен болатын.  

Қаржы бақылауда болады

Осы жөндеуді қажет ететін гидротехникалық құрылыстарға қаржы бөлінбек және ол ашық болмақ. Бұл туралы Экология, геоло­гия және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев гидротехникалық құрылыстар мен ирригациялық жүйелерді салу және жаңғыртуға бөлінетін қаражаттың жұмсалуын қоғам тарапынан бақылауды енгізуге ниетті екенін карантинге байланысты онлайн өтіп жатқан Kun.kz.-тегі тікелей эфир барысында айтты.  

АНЫҚТАМА. 2020 жылғы 20 ақпандағы жағдай бойынша Қазақстан бойынша 5 886 гидротехникалық құрылыс бар, оның ішінде республикалық меншікте – 4 709, коммуналдық – 966, жеке меншіктегісі – 201, иесіз жерлерде – 10. 463 ГТҚ жөндеуді қажет етеді, республикалық меншікте – 44, коммуналдық меншікте – 372, жеке меншікте – 40, иесіз жерлерде – 7.

  – Өкінішке қарай, соңғы жыл­дары су саласында түсініспеуші­лік көп болды. Осылайша, ең бір құр­метті мамандықтың абырой-беделі, тақырыпқа сай айтсақ, «су­ға кетті», – деді М.Мырзаға­лиев – Қоғам бұл процеске тар­ты­латын болса, бізге жеңілдеу бо­лады. Егер жергілікті жерде тұр­ғын­дар тарапынан бақы­лау жа­сал­са, онда жұмыс та сапалы әрі уа­қытылы жүргізіледі. Министрліктің барлық мате­риалды, соның ішінде жобаны қар­жыландыру туралы мәліметті ашық жария­ла­уы өте маңызды. Өйткені миллиард­таған қаржы бөлінген су қоймалары жылда асып-тасып халықты әбігерге салатыны рас. Ал сол ақша қайда жә­не қалай жұм­салғаны ашық бол­са, министрліктің де беделі арта түспек.  

Төтенше де тек жатпады

Себебімен емес, салдарымен күресіп келеміз. Биыл да солай бол­ды. Бұл жұмыс көбіне төтеншелік­тердің мойнында десек те болады. Мәліметке қарасақ, су тасқынынан сақтану үшін 164 км қорғаныш бө­гендерін салу және жөндеу; су тасқыны қаупі бар өзендердің 377 км арнасының жағалауын бекіту, түбін тереңдету, түзету, 156 км су бұру каналдарын құру, 5 189 км каналды (3 490 дана), арықтарды (4 792 дана) тазарту және авто және т/ж көпірлері астындағы 18 847 бірлік су өткізгіш құрылысын та­залау (14 564 дана автокөлік және 4 283 дана т/ж) бойынша жұмыстар жүргізілген. – Су тасқынының алдын алу және салдарын жою үшін жанар-жағармай 13,9 мың тонна, инертті материал 179,5 мың тонна, құм са­лынған қап 962,5 мың және жа­рылғыш заттар 48 тонна көлемінде қор дайындалды. 2020 жылға төтен­ше резервтер мен шұғыл шығын­дарға арналған резервтерге әкім­діктер 34,4 млрд теңге салды, – дейді Төтенше жағдай комитетінің өкілі Барат Оспанұлы. Көктемдегі су тасқынына жал­пы саны 61 мың адам және 17 мың техниканы құрайтын ішкі істер органдарының (жеке құрамның 9 мың маманы және 1 мыңнан аса бірлік техника) және жергілікті атқарушы органдардың (52 мың маманы мен 16 мың техника) ар­найы тобы құрылып селдің алдын алу мақса­тында жұмыс істеді. Әрине, селдің қаупі сейілді деп құр жатқан да болмас. Ол үшін алдағы уақытта жекеменшіктегі өзен, тоғандарды таза ұстауды қолға алған дұрыс болады. Өйткені өткен жылдардағы ту тасқыны көбінесе осы жекеге өткен тоғандар мен дамбалардың арнасынан асып тасуынан болғаны белгілі. Сонымен бірге ауылдарда үй, қора артындағы суағар арықтарды тазарту керек-ақ. Ол енді әкімдіктер еншісінде.  

 width=  Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ