Алматы полициясы 500 қорғаныш костюмін 125 миллион теңгеге сатып алмақ болып, бірақ неліктен келісімшартты бұзғанын түсіндірді. Мемлекеттік сатып алу сайтының мәліметінше, бір жеңіл қорғаныс костюмінің құны – 250 мың теңге. Жалпы 125 млн теңгеге 500 костюм сатып алу жоспарланған болатын. Сондай-ақ тауар сипаттамасында «бұл мақта матасынан тігілген ерлерге арналған санитарлық қорғайтын костюмі» деп жазылған. Полиция департаментіндегілердің айтуынша, наурызда төтенше жағдай режимі жарияланған соң полицейлерге қорғаныш заттарын алу керек болды. Бірнеше компанияның ұсыныстары мен бағасы зерттелген. «Ең төменгі соманы ұсынған компаниямен 4 мамырда келісімшарт жасалды. Онда тауар сипаттамасына және бағасына сай болмаған жағдайда полиция департаментінің бұл келісімшартты бұзуға құқығы бары туралы бөлек тармақ бар»,– деп атап өтті полициядағылар. 6 мамырда полиция департаментіне костюмдердің үлгісі жеткізілді. «Алматы қаласының полиция департаменті тауардың сапасы бағасына сай емес екенін көріп, жазбаша түрде келісімшартты бұзатынын көрсетті», – дейді департаменттегілер. Жеке қорғаныс костюмдері коронавирустық инфекциядан қайтыс болған адамдарды, сондай-ақ инфекция ошақтары табылған жерлерді тексеретін жедел-тергеу топтарына арналған. Ал Алматыда 5 мыңнан астам полиция қызметкері карантинді қамтамасыз етуге жұмылдырылған.