Педофилдің әлеуметтік һәм психологиялық портреті қандай? Қылмыскердің жасы мен жәбірленушінің жасы арасында байланыс бар ма? Адамның азғын атануына ұлты, нәсілі, тұрғылықты жері, туып-өскен ортасы, жұлдызнама белгісі, тұрмыс жағдайы әсер ете ме? Бұл сұрақтарға жақында AERC (Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығы) ғалымдары жауап берді. Әрине, педофил атаулыны бір қалыпқа сыйдыру мүмкін емес. Әркімнің тағдыры әртүрлі. Дегенмен AERC мамандары Бас прокуратура сайтындағы педофилдер картасын егжей-тегжейлі зерделеп, 197 азғынның бәріне ортақ заңдылықтар барын байқаған. Мысалы, жәбірленуші неғұрлым жас болса, зорлаушы соғұрлым ұзаққа сотталады екен. Баланың жасы 1 пайыз төмендесе, педофилге тағайындалған жаза мерзімі 0,34 пайыз артады. Жәбірленушінің жасы 1 пайыз өссе, азғынның жасынан 0,1 пайыз алып тастаймыз. Бір қызығы, педофилдерге Қарағанды мен Павлодар облыстарында салыстырмалы түрде қатаң үкім шығарылады. Керісінше, ең «мейірімді» соттар Қостанай облысында. Жұлдызнама белгілерінің ішінде Сарышаяндар мен Шаяндар ұзақ уақытқа сотталады, бұл жағынан Егіздердің жолы болғыш. Қазақстандық педофилдің орташа жасы – 30,5 жас, жәбірленушінің орташа жасы – 10 жас. Педофилия дерегімен сотталғандардың көбі Шығыс Қазақстан облысында. Атырау облысында небәрі екі жағдай тіркелген. Ең егде педофил Түркістан облысында (78 жаста), ең жас педофил Қостанай облысында ұсталған (26,4 жаста). Ғалымдар Қазақстанда педофилиямен сотталған азғынның бет-бейнесін де құрастырған. Ол – моңғолоид нәсілді, дөңгелек жүзді адам. Басының көлемі орташа, маңдайы тегіс, көзі қара және домалақ. Аузы кішкентай, ернінің ортаңғы сызығы айқын аңғарылады. Ал психоаналитик Күләнда Төлендиева азғындарды өзгеше тәсілмен өзінше сипаттайды. – Педофил орта бойлы, солақай. Көп жағдайда ішімдікке тәуелді. Мұндай ауытқу бай немесе кедей, кәрі немесе жас, білімді немесе білімсізден де байқалуы мүмкін. Досы аз, бір-екеу ғана. Үйленген болса, әйелімен тек дос ретінде араласады, жақын қарым-қатынасқа бармайды. Жұмыс істейтіндердің жалақысы аз, біліктілігі төмен немесе мүлде жұмыссыз, – дейді маман. Рас, педофил көпшілік ортада өзін барынша қарапайым ұстап, көзге түспеуге тырысады. Әйтсе де, AERC ғалымдары осындай портреттің арқасында азғындарды 90 пайыз ықтималдықпен тап басып танитынына сенімді. Қазақстанда педофилдер туралы мағлұмат беретін электронды база жұмыс істейтінін сөз басында жаздық. Әр азамат infopublic.pravstat.kz сілтемесін басып, қылмыскердің фотосын, аты-жөнін, туған жылын, мекенжайын және сотталғаны жайлы мәліметтерін қарай алады. Бірақ елдегі құқықтық нигилизм мен шалғай жерлердегі ақпараттандыру мәселесінің түйткілдерін ескерсек, мұны толыққанды шара деу қиын. Өркениетті әлемде азғындармен күрес әлдеқайда алға кеткен. 1994 жылы АҚШ-тың Хэмильтон қаласында 7 жасар Меган Канканы көршісі зорлап өлтірген еді. Меганның әке-шешесі «Әттең, көршіміздің кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыс жасап, сотталғанын ертерек білсек, қызымыз тірі болар еді» деп өкініштен аһ ұрған. Содан кейін Америка қоғамы педофилия мәселесіне жіті назар аударып, 1996 жылы Меган заңын (ағылшынша Megan's Law) қабылдады. Заңға сәйкес, педофилдер жайлы ақпарат ашық жарияланады. Кей штаттарда педофилдердің көлік нөмірі бір түске ғана боялады. Соған қарап көлік иесінің кім екенін бәрі біледі де, теріс айналады. Ата-аналар баласын жасыра бастайды. Педофилдердің үйіне арнайы тақтайша іліп, «Мұнда педофил тұрады» деп жазып қояды. АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Эстония мен Оңтүстік Кореяда педофилдер электронды әдіспен бақыланады. Түрмеден босап шыққан азғынның қолына шешілмейтін қондырғы тағылады. Қондырғы жерсеріктен басқарылады. «Педофил» ұғымы – заң саласына емес, медицина саласына қатысты термин. Яғни, педофил – ақыл-есі кем адам. Сондықтан оның баяғы дерті қайта қозбайтынына ешқандай кепілдік жоқ.
Еркебұлан НҰРЕКЕШ