Мақтааралдағы төтенше жағдай қалыпқа түсіп келеді. Ең бастысы, қауіп сейілді. Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет, облыс басшылары жағдайды басты назарда ұстап, тұрғындарға көмек көрсету, жағдай жасау жұмыстары жалғасын табуда. Төтенше жағдай кезінде құрылған штаб күні-түні жұмыс істеп жатыр. Әрине, алда атқарылар қыруар істер өте көп. Өткен аптада aikyn газетінің Түркістан облысындағы тілшісі су тасқыны болған аймаққа арнайы барып, жағдайды көзбен көріп, саралап қайтты. Осы тұрғыда, ең алдымен Мақтааралдағы төтенше жағдай бойынша атқарылып жатқан қазіргі жұмыстарға аз-кем тоқталып өтейік. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев бастаған команда күн-түн демей жұмыла кірісіп, жағдайды реттеуге күш салып жатыр. Нәтиже жаман емес. Бұл мәселеде Өзбекстан мемлекеті де көмек беріп жатыр. Қазіргі таңда судың деңгейі төмендеуде. Өргебас, Нұрлы жол, Фирдоуси, Жеңіс елдімекендерінде су сору жұмыстары жалғасуда. Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұлан, ТЖД мен Полиция департаментінен 1 365 адам жұмыс атқаруда. Мәселен, 75 мотопомпа су сору жұмыстарында, 44 қайық су басқан елді мекендерде тұрғындардың үйлерінен заттарын тасу жұмыстарына жұмылдырылған. Нұрлыжол, Фирдоуси, Өргебас, Ырысты, Жантақсай ауылдарының аумағында ұзындығы 21 шақырымды құрайтын уақытша бөгеттер тұрғызылып, құм толы 85 300 мөшек төселді. 80 техника жұмылдырылды. 3 коллектор орнатылды. Бұл жұмыстарға ІІМ-нен 86 адам, 16 техника, 63 мотопомпа және Өзбекстаннан келген 140 адам, 14 техника, 58 мотопомпа жұмылдырылды. Апаттан құтқару жұмыстарына жалпы 1 598 адам, 292 техника, 15 қайық, 160 мотопомпа тартылды.
ШЫҒЫН ТОЛЫҚ ӨТЕЛЕДІ
Мақтаарал ауданында 11 елді мекеннің жалпы көлемі – 7 639 гектар (егістіктің шығыны 4 млрд 1 млн теңге көлемінде) ауыл шаруашылығы жерлері зақымданған. Ал мал шығыны 297 (58 бас сиыр, 227 қой-ешкі, 16 жылқы, 2 түйе және 227 үй құстары суға аққан. Нарықтағы баға бойынша 32 млн теңге шығын) болды. Барлық шығын есептеліп, Үкіметке ұсынылды. Алдағы уақытта өтемақы жасалатын болады. Атап айтқанда, жалпы 1 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің тізімі жасақталды. Комиссия шешімі бойынша әр дақыл түріне орай өтемақы беріледі. Nur Otan партиясы ауданға 400 тоннадан астам гуманитарлық көмек жіберді.БІРІНШІ БАЙЛЫҚ – ДЕНСАУЛЫҚ
«Ең бірінші байлық – денсаулық» демекші, қазір төтенше жағдайға тап болған мақтааралдықтардың денсаулығы басты назарда тұр. Айталық, көршілес аудандардан, яғни Сарыағаш, Келес, Шардара, Жетісай аудандарының орталық ауруханасы және облыстық жедел жәрдем медициналық стансасының 147 маманы қосымша көмекке тартылып, эвакуациялық орталықтардағы азаматтардың денсаулығын бақылау жұмыстарына атсалысуда. Олардың 58-і – дәрігер, 89-ы – орта буын медицина қызметкерлері. 10 эвакуациялық дәрігер мен медбикелер 24 сағат бойы азаматтарға қызмет көрсетуде. Көршілес аудандардан қызметкерлерден бөлек, қосымша көмек ретінде 17 медициналық көлік тартылды. Сондай-ақ адамдар арасында коронавирус індетінің таралуын болдырмау мақсатында барлық тиісті шаралар да қолға алынған.БАСТЫ МӘСЕЛЕ – БАСПАНА
Премьер-Министр Асқар Мамин Түркістан облысы Мақтаарал ауданы Мырзакент кентінде Өзбекстан Республикасының премьер-министрі Абдулла Ариповпен кездесу өткізді. Үкімет басшылары Мақтаарал ауданының су басқан аумақтарын аралап көрді. Сондай-ақ Жаңажол ауылдық округінің Нұрлыжол, Өргебас және Фирдоуси ауылдарында болып, су тасқыны салдарын жою аясында жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты. Мақтаарал ауданының әкімшілік орталығы Мырзакент ауылында Үкімет басшылары жаңа шағын ауданның құрылыс жоспарымен танысып, алғашқы тұрғын үйлердің іргетасын қалау рәсіміне қатысты тұрғындармен кездесу өткізді. Барлығы Мырзакент кентінде су тасқынының салдарынан зардап шеккен Жеңіс, Жаңа тұрмыс, Достық елді мекендерінен 500 отбасы үшін жеке тұрғын үйлер, мектептер, балабақша мен фельдшерлік пункттер салу жоспарланып отыр. Құрылыс жұмыстарын Қазақстан және Өзбекстан мамандары бірлесіп жүргізетін болады.ЖАС КЕЛСЕ, ІСКЕ...
Түркістан облыстық Қоғамдық даму басқармасының басшысы Дамир Жүнісов және Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев Мақтаарал ауданында жұмыс істеп жүрген 500 еріктімен кездесті. Еріктілердің 150-ге жуығы тұрақты түрде көмек көрсетіп келеді. Ауданда орын алған төтенше жағдайға байланысты облыстық Қоғамдық даму басқармасы мен Nur Otan партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен Жастар орталығының жанынан «Біргеміз, Мақтаарал» волонтерлар штабы құрылған. Еріктілер Жамбыл ауылдық округіндегі №36 жалпы орта мектебіне жайғастырылып, олардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасалған. Олар тасқын суда қалған ауыл азаматтарын эвакуациялық бекеттерге орналастыру, гуманитарлық көмекке келген тауарды тасымалдау, мұқтаж азаматтарға үлестіру сияқты шаруаларды атқаруда. Бұдан бөлек, Шымкент, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларының жастары мен волонтерлық ұйымдардан, республикалық Jas Otan Жастар қанатынан гуманитарлық көмек жеткізіліп жатыр. Бүгінгі таңда волонтерлер күшімен 10 мыңнан астам медициналық бетперде мен антисептикалық құрал таратылды.Тельман БЕЙСЕН, Түркістан облысы