Қиындыққа тап келген Мақтааралға еліміздің көптеген аймағынан гуманитарлық көмек беріліп жатыр. Мұнайлы мекен – Атыраудан да Мақтаарал ауданына алғашқы гуманитарлық көмек жөнелтілді. Атырау халқы жинаған 150 тонна азық-түлік, киім-кешек тиелген гуманитарлық көмек Түркістан облысына аттанды. Жолға 6 ауыр жүк көлігі, 20 газель және 2 жеңіл машина шықты. Сонымен қатар Атырау қаласының тұрғындарынан бөлек, мұнайлы өңірге қарасты барлық жеті аудан халқы жинаған 15 миллион теңгедей қаражат Мақтаарал халқына беріледі. «Бұйырса екі тәулік шамасында атыраулық ағайынның аманатын Мақтааралға жеткіземіз. Талай қиындықты халқымыз бірліктің арқасында жеңген. Бұл сынақты да бірге еңсереміз. Біз біргеміз!» – дейді ұйымдастырушылар. Қазіргі кезде тағы екі көлік жолға дайындалып жатыр. Бұл көмектен өзге Атырау облысы әкімдігі қолдауымен Мақтааралға көмек көрсету үшін ашылған арнайы қорға атыраулықтар тарапынан қаржы жиналып жатыр. Бұл адамгершілік атты игі істі жалғаған қазақ халқының бабалардан жеткен айрықша қасиеті.
Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы