Нұр-Сұлтандағы сән салондарында тек шаштараз қызметі жұмыс істейді

Нұр-Сұлтандағы сән салондарында тек шаштараз қызметі жұмыс істейді

Елордада сән салондарына тек шаштараз қызметін бастауға рұқсат етіледі. Шаштараз қызметі де белгілі бір талаптар шеңберінде көрсетілуі тиіс. Бұл туралы қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің техникалық регламенттерді бақылау бөлімнің басшысы Қарлығаш Әбдішева қала әкімдігінің Facebook парақшасында өткен онлайн режимдегі баспасөз мәслихатында айтты. «Қазіргі карантин жағдайында көшелер мен қоғамдық орындардың, саябақтардың бәрі де алдын алу мақсатында дезинфекцияланады. Саябақтар қазір ашылды. Онда үш адамнан артық жүрмеуге кеңес береміз. Ал отбасымен болса жүруге болады. Адамдар 1-2 метр қашықтықты сақтап жүруі керек. Сондықтан саябақта кісі көп болса, міндетті түрде маска кию керек. Сіз өз денсаулығыңызды сақтау үшін осы талаптарды сақтауға міндеттісіз. Саябақта жалғыз өзіңіз жүрсеңіз кимеуге болады», - деді ол. Оның айтуынша, қаладағы ірі ойын-сауық және сауда орталықтары әлі ашылмаған. «Қазір ондағы тек азық-түлік сататын супермаркеттер мен дәріханалар жұмыс істеп тұр. Осы екеуінен басқа сауда нүктелері жұмысын бастамауы керек. Сән салондарының тек шаштараз қызметтері ғана жұмыс істейді. Косметикалық, маникюр немесе педикюр қызметтерін көрсетуге тыйым салынады. Шаштараз қызметі тек маска киіп көрсетілуі тиіс. Клиентке де, шеберге де осы талап ортақ. Кезек болмауы тиіс. Алдын ала жазылып қана жұмыс жүргізуге болады», - деді Қарлығаш Әбдішева.