Алматыда коронавирус індеті бойынша жағдай тұрақталды. Бұл туралы Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев мәлімдеді.
"Бүгін мегаполисте коронавирус инфекцияcын жұқтырған 26 адам анықталды, кеше 13 адамнан инфекция табылды. Соңғы күндері Covid-19 вирусының оң нәтижелері тек карантиндегі адамдардан анықталды. Жаңа жұқтыру ошақтары жоқ", – деді Әбілдаев.Алматыдағы стационарларда коронавирус инфекциясынан 1 145 адам, провизорлық госпитальдарда 404 азамат емделіп жатыр. Сондай-ақ, карантинде – 329 адам, ал үйде оқшауланған 15 327 азамат бар. Стационарлардағы 33 емделушінің жай-күйі – ауыр, 237 адамның жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр. Әбілдаевтың айтуынша, Алматыда коронавирустан емделіп жатқан науқастардың 77%-інде сырқат жеңіл өтіп жатыр. "Халықаралық тәжірибеге сәйкес олар емдеуді қажет етпейді, бірақ вирусты тікелей тасымалдаушы болып табылады. Егер үйде тиісті жағдайлар жасалған болса, оларды үй карантиніне жіберу мәселесі қаралады. Ондай мүмкіндік жоқ кезде карантиндік стационарларда болады", – деді басқарма басшысы.