Мемлекеттік қызметтің жаңа моделінде үш корпустық вертикаль: мемлекеттік саяси қызметшілер, мемлекеттік әкімшілік қызметтің «А» басқарушылық корпусы және «Б» атқарушылық корпусын құру көзделген. Негізгі басымдықтар анықталған: кадрларды іріктеу және жоғарылату кезінде меритократия қағидатын күшейту, «А» басқарушылық корпусын құру, барлық мемлекеттік органда арнайы басқару құрылымдары мен тетіктерін жетілдіру, оның ішінде кадр қызметінің мәртебесін көтеру, тәртіптік және этикалық бақылауды күшейтіп, корпоративті мәдениетті жетілдіру.
Қазіргі таңда кәсіби басқарудың тиімділігі жоғары екенін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Мемлекет басшысы Тwitter-дегі парақшасында жыл соңына дейін 300 адамнан тұратын алғашқы кадрлық резервтің тізімі дайындалатынын жазды. «Мемлекетті басқару жүйесіне жас мамандарды, соның ішінде азаматтық сектордан тарту менің міндетім болады. 300 адамнан тұратын алғашқы кадрлық резервтің тізімі жыл соңына дейін дайындалады. Жастар – алдағы реформалардың негізгі қозғаушы күші», – депті.
Қызметте «сатылап өсу» деген ұғым бар еді. Бұл қызметкерлердің жаңа қызмет сатысына көтерілуіне оңды стимул болатын. Кейінгі жылдары осы құнды талап әлсіреп кетті.
Кадрлық резерв дегеніміз не? Бұл – мемлекеттік қызметті атқаратын адамдардың жаңа буыны. Біз қазір сыбайлас жемқорлықтың себебімен емес, салдарымен күресіп жатырмыз. Кадрлық резервке ілінетін азаматтар халыққа қалтқысыз қызмет етуге әбден берілген, барынша адал азаматтардан жасақталуы тиіс. Әйтпесе, белгіленген заңдар бар, жауапкершілік жүгі де аз емес, соған қарамастан басқарушы және атқарушы буындағы жемқорлық деңгейін төмендете алмай отырмыз. Мұның бәрі айналып келгенде мемлекеттік қызметшілердің абыройын түсіріп тастайды. Кейде «анау ұсталды, мынау қамалды» деген ақпараттарды оқыған халық мемлекеттік қызметкерлер тарабына тіптен сенуден қалғандай әсер аласыз.
Жас толқын – таза буын. Олар жастайынан рухани жағынан таза, мемлекет ісіне шынайы берілген, «алтын көрсе, жолдан таймайтын» қалыпта болуы шарт. Жаңадан жасақталатын кадр резервіне кіретін үш жүз адамның әрқайсысы өз ісімен, өз тазалығымен үлгі көрсетуі керек.