Шахмерден Рыспаев пен оның бұрынғы орынбасары Саят Ағыбаев және аудандық Мәдениет бөлімінің бұрынғы басшысы Еркебұлан Өмірәлиевке сот үкім шығарды. Рыспаевқа сот 40 миллион теңге айыппұл салса, оның бұрынғы орынбасары екі жылға бас бостандығынан айрылды деп хабарлайды Алатау аудандық соты. Алатау ауданының экс-әкімін сот басқаның мүлкін заңсыз иемденгені үшін айыпты деп тапты.
«ҚР ҚК 189-бабы 3-бөлігінің 1, 2-тармақтарымен (Басқалардың сеніп тапсырылған мүлкін ірі көлемде иемдену немесе ысырап ету) Рыспаев Шахмерден кінәлі деп танылсын. Оған ұрлаған мүлкінен (4 162 857 теңге) он есе 41 628 570 теңге көлемінде айыппұл салынсын. 2020 жылдың 17 қаңтарынан 6 мамырына дейін қамауда отырған фактіні ескере отырып, 40 406 250 теңге айыппұл салынады» - делінген сот үкімінде.Кінәлі деп танылған Рыспаев айыппұлды үкім күшіне енген сәттен бастап алты айдың көлемінде мемлекетке төлеуі тиіс. Алайда, ол енді өмір бойы мемлекеттік лауазымды қызметте жұмыс істей алмайды. Осы уақытқа дейін қамауда отырған экс-әкім сот залынан босатылды. Ал, оның бұрынғы орынбасары Саят Ағыбаев ҚР ҚК-нің үш бірдей бабы бойынша сотталды.
«ҚР ҚК 366-бабы 1-бөлігі (Пара алу), ҚР ҚК 369-бабының 1-бөлігі (Қызметтік алаяқтық) және ҚР ҚК 189-бабы 3-бөлігінің 1 және 2 тармақтары (Ірі мөлшердегі сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе ысырап ету) бойынша кінәлі деп танылсын. Қылмыстық кодекстің баптарын саралай келе Саят Ағыбаев түбегейлі екі жылға бас бостандығынан айырылсын», - делінген құжатта.2,5 миллион теңге айыппұл төлеуі тиіс Ағыбаев жазасын қауіпсіздігі төмен түзету мекемесінде өтейді. Ағыбаевтың жазасын өтеу мерзімі 17 қаңтардан бастап есепке алынатын болды. Сондай-ақ, сот Еркебұлан Өмірәлиевті де кінәлі деп тауып, аудандық мәдениет бөлімінің бұрынғы жетекшісін 3,5 жылға бас бостандығынан шектеді. Оған ҚР ҚК 189-бабы 3-бөлігінің 1-тармағы (Ірі мөлшердегі сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе ысырап ету) бойынша айып тағылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Сотталушылар алдағы 15 күннің ішінде шағымдана алады. Естеріңізде болса Алматы қаласы Алатау ауданының бұрынғы басшыларын сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет күдікті деп танып, сот санкциясымен экс-басшылар 18 қаңтардан бастап қамауға алынған еді. Олар 2019 жылы «Өңірлерді 2020 жылға дейін дамыту» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бөлінген бюджет қаражатын ірі көлемде жымқырды деген күдікке ілінген.