Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері рұқсатсыз діни мазмұндағы әдебиет пен жазбаларды таратқан 5 адам әкімшілік жазаға тартылды. Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, заң бұзушылардың басым бөлігін тәртіп сақшылары әлеуметтік желі мен интернетке мониторинг жүргізу барысында анықтады. Мамлютка қаласының 31 жастағы тұрғыны «ВКонтакте» желісі арқылы діни мазмұндағы аудио және бейнежазбалар таратқан. Әкімшілік жазаға тартылған ол енді 120 мың теңге айыппұл төлейді. Ал Петропавлдың екі тұрғыны интернет ресурстардың бірі арқылы діни мазмұндағы басылымдарды сатпақ болған. Бұл да әлеуметтік желіге мониторинг барысында анықталды. Осы дерекке байланысты әкімшілік материал жиналды. «Діни әдебиетті және діни мазмұндағы басылымды сатуға арнайы рұқсаты бар ресми орындар ғана сата алады. Соған қарамастан мұндай әдебиетті интернет арқылы сататындар бар. Діни әдебиет пен басқа да материалдарды елге кіргізіп, таратқандарға әкімшілік жаза бар екенін ескертеміз. Жеке тұлғаларға 50 АЕК, ал заңды тұлғаларға 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады», - дейді облыстық ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Руслан Мұхамбетжанов. Ал Қырғызстанға транзит арқылы өтпек болған 35 жастағы ер адам 200 мың теңге айыппұл төледі. Одан Қазақстан аумағында тыйым салынған «Таблиғи Жамағат» деструктивті діни ағымның кітаптары табылған.