Карантин зардаптары анықтала бастады
Карантин зардаптары анықтала бастады
180
оқылды
Биылғы 4 ай қорытындысында Қазақстан эконо­микасы 0,2% төмендеді. Яғни, дағдарыс белгілері байқалуда. Бұл мәлімет Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында хабарланды. Жиында Үкімет экономиканың жаңа құрылымын қалыптастыруды қарастыратын басым міндетті орындауға кірісетіні жарияланды. Республиканың көрсеткіші әлдеқайда жақсы болатын еді, алайда оны бірер сала бүлдіріп отыр. Ұлттық экономика ми­нистрі Руслан Дәленовтің ай­туынша, осы жылдың қаңтар-сәуірінде ІЖӨ 2019 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 0,2%-ға төмендеді. Соның ішінде сауда және көлік секторы тиі­сінше 8,9% және 11%-ға құл­дырап кеткен. Қызметтер көрсе­ту көлемі 4%-ға азайды. Ал өңдеу өнеркәсібі 7% өсім­ге қол жеткізді. Бұл ретте машина жасау саласының өсімі – 25,4%, жеңіл өнеркәсіпте – 13,9%, фар­мацевтикада – 24,2%, сондай-ақ тау-кен өнеркәсібінде – 6%, құ­рылыста – 5,5%, байланыс қыз­меттерінде – 9,6%, ауыл ша­руа­шылығында 2,2% болды. Осы­лардың арқасында жалпы көр­сеткіш біршама жақсарды. Әйт­песе, төмендеу деңгейі әлде­қай­да жағымсыз болуы мүмкін еді. Жылдық инфляция қазірдің өзінде 6,8%-ға дейін шығындады. Негізгі капиталға салынған ин­вес­тициялар 0,9%-ға өсті. Қа­зақстанның алтын-валюта қоры 30,5 миллиард долларды, ал Ұлт­тық қор активтері 58,5 мил­лиард долларды құрады. Үкімет басшысы «алда жағ­дай жақсарып қала ма?» деген үміт білдірді. Өйткені елімізде төтен­ше жағдайдың аяқталуына және карантин шараларының жеңіл­деуіне байланысты ең ал­дымен қызмет көрсету секторы қалпына келе бастауы тиіс. Бұған салық­тық ынталандыру, жеңіл­дікті несиелендіру, отандық тауар­ларды өткізуге кепілдік беру те­тігі арқылы ішкі өндірісті өріс­тетуге бағытталған әралуан мемлекеттік қолдау шаралары ықпал етеді деп күтілуде. Сонымен қатар Үкімет «Ата­мекен» ҰКП және салалық қауымдастықтармен бірлесіп, іскерлік белсенділікке қозғау салу, жұмыспен қамту және ха­лықтың табысын арттыру ша­ра­ларын пысықтап жатыр. Мем­лекет басшысының тапсыр­ма­сына сай әзірленген шаралар негізінде «2020 жылдың соңына дейін Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі ке­шенді жоспар» қалыптас­ты­рыл­ды. Ол жоспар Үкіметтің келесі отырысында қаралады. Премьер-Министр әкімдер мен министрлерге қызмет көр­се­ту секторын жандандыру бо­йынша нақты шаралар қабыл­дауды жүктеді. – Жалпы, алдағы кезеңдегі басымдықты міндетіміз – эконо­миканың жаңа құрылымын түзу болады. Ол экономиканың өзін-өзі қамтамасыз етуі деңгейін арт­тыруға негізделеді, бәсекеге қабілетті шикізаттық емес сек­торға және тиімді инвести­ция­лар­ға иек артады. Бұған қоса, жаңа экономика қосылған құны жоғары өнімдердің өңірлік және жаһандық тізбегіне кірігуі тиіс, – деп түйді Асқар Мамин. Еліміздің бас экономисі тө­тенше жағдайдан көп зардап шек­кен салаларды атады. Мы­салы, қызметтер секторында так­си, жүк тасымалының шек­телуі кесірінен көлік қызметі 11%-ға, базарлардың, ірі сауда орталықтарының жабылуы сал­дарынан сауда секторы 8,9%-ға, әкімшілік қызметтерді көрсету 4%-ға, жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар, яғни баспана сату саласы 2,7%-ға құлады. Мектептер, ЖОО, мемле­кет­тік мекемелер және басқала­рының қашықтан жұмыс істеуге көшуі арқасында қызмет секто­рында тек интернет-байланыс қызметінің көрсеткіштері қаң­тар-сәуірде 9,6%-ға артқан. – Егер сәуірді, яғни карантин айын жеке қарасақ, 2019 жылғы сәуірге қарағанда көрсетілген қызметтер секторы 17,5%-ға құл­­дырады. Атап айтқанда, өт­кен айда сауда және көлік қыз­меті үштен бірге, әкімшілік қыз­­мет көрсету 22,5%-ға және жыл­жымайтын мүлікпен жаса­латын операциялар 9,9%-ға төмендеді. Бұл кері кетулер ка­рантин және шектеу шарасымен тікелей байланысты, – деді Руслан Дәленов. Бірінші вице-премьер – Қар­жы министрі Әлихан Смайы­ловтың мәліметінше, 4 ай қоры­тындысында мемлекеттік бюд­жетке 2,7 трлн теңге кіріс түсіп, жоспар 103,9%-ға орындалды. Алайда салықтар жоспардағыдан 61 млрд теңгеге аз түсіпті: ха­лықаралық сауданың кедергіге ұшырауы салдарынан қосылған құн салығы және корпоративтік табыс салығы кеміді. Индустрия және инфра­құ­ры­лымдық даму министрі Бей­біт Атамқұлов баспана құ­ры­лысы да дағдарғанын жеткізді: 2020 жыл­дың қаңтар-сәуір ай­ларында 3 млн 112,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліпті, бұл был­тырғы сәйкес кезеңдегі көлем­нің 89,9%-ы ғана. Министр елі­мізде сани­тарлық-эпиде­мио­логиялық шаралардың ен­гізі­луіне бай­ланысты жеке және көппәтерлі тұрғын үйді іске қосу көлемі кемігенін мәлім етті: биыл­ғы тиісті жылдық жоспар 22,1%-ға ғана орындалып отыр.  

Айхан ШӘРІП