Төтенше жағдай кезінде түрлі шараға тартылған жауынгерлер мен әскери техникалар өз бөлімдеріне қайтатын болды. Алайда аймақтық қорғаныс әскерлері мен арнайы жиынға шақырылғандар қызметтерін жалғастыра береді. Қорғаныс министрлігі таратқан хабарламада: «Қазақстан Қарулы Күштерінің блок-бекеттерінде күшейту, елді мекендерді дезинфекциялау және патрульдеу бойынша кезекшілікке тартылған жеке құрамы мен әскери техника өздерінің тұрақты орналасқан пункттеріне оралады. Пункттеріне жеткізу әскери-көлік авиациясының күштерімен, сондай-ақ өз жүрістерімен жүзеге асырылады. Бұл ретте арнайы жиындарға шақырылған аумақтық қорғаныс әскерлерінің әскери қызметшілері өз міндеттерін бұрын бекітілген мерзімдерге және жергілікті атқарушы органдардың жоспарларына сәйкес орындауды жалғастырады» делінген. Елде төтенше жағдай енгізілген күннен бастап әскерилерге режимді қамтамасыз ету және вируспен күресте маңызды міндеттер жүктелді. Әскери қызметшілер аумақтар мен объектілерді өңдеуді жүргізіп, блок-бекеттерде және патрульдерде қызмет атқарды.
Аманкелді ҚҰРМЕТ