Көпқабатты үйдің сыртында... жеделсаты
Көпқабатты үйдің сыртында... жеделсаты
198
оқылды
Нұр-Сұлтанда көпқабатты үйге лифт салуды «ұмытып кеткен» құрылыс ком­паниясы тығырықтан шығудың жолын ойлап тапты. Олар  жеделсатыдан бөлек, өрт ке­зінде түсетін сатыны да естен шығарған. Компания жеделсатыны ны­санның сыртына орналастырып жатыр. «Баспана-Кентал» деп ата­латын тұрғын үй кешенінің биіктігі 5 және 9 қабатты болуы керек еді. Алайда бұған жауапты мердігер ұйым «Орал-Дизайн-Стройсервис» басшысы өзгеше шешіп, алаяқтыққа барған.
«5 қабат салынуы тиіс жерге 9 қабат салған. Ал 9 қабат салу қа­жет болған орынға 12 қабат үй бой көтерген. Үйдің барлығы да үлес­керлерге сатылып кеткен. Сот шешімімен нысанның тұрғын үй кооперативіне өтуіне байла­ныс­ты техникалық тексеру жүргізілді. Соның нәтижесінде, жобалық-сметалық құжат жасақталып, мемлекеттік сарап­тамадан өтті. Қолданыстағы нормаға сәйкес, 6 қабаттан жоғары үйлердің лифті болуы тиіс. Сол себептен де жоба­лаушылар ол үйлерге лифт пен өрт баспалдағын салу туралы шешім қабылдады» деп хабарлады қала­лық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Артық ақша табу жолын қуған мердігер компания жеделсаты мен адамдарға арналған қауіп­сіз­дік сатысын ұмытқан емес, мүлде керек етпеген. 11 жыл бойы біт­пеген құрылысты қазір жергілікті билік өз қарамағына алып, жедел­саты мен өрт кезінде тұрғындар түсетін сатыны үйдің қасбетінен салып жатыр. Нысанға жауап­тылар бірнеше жылда 564 пәтерді 536 үлескерге сатып үлгеріпті. Алаяқтық анықталған соң жауап­ты мердігер компанияның бас­шысы сотталған. Жергілікті тұрғындар жаңадан салынып жатқан көпқабатты үй­лер сол маңдағы басқа да пәтер­лерде тұратындарға кедергі кел­тіруде дейді. Өйткені ол жақта балалар ойнайтын алаңқай жоқ көрінеді. Ашық жерлер көлік тұрағы мен газ құбыры өтетін орынға бөлініпті. Тұрғындар кейде үлескер­лер­дің келіп-кететінін айтады. Олар жеделсатысы мен сатысы сыртта болған тұрғын үй кешенінен бас­паналы болуға әлі де үмітті. Алай­да 2009 жылдан бері салынып келе жатқан үйдің құрылысы қашан аяқталатыны белгісіз.  

Әділ БЕК