Нұр-Сұлтан қалалық бас санитарлық дәрігері Жанна Пралиева қаладағы карантин шараларының қашан жұмсаратынын айтты. Бірақ карантин талаптары жеңілдеу үшін де тұрғындардың белгілі бір шарттарды орындауы қажет. Санитарлық дәрігер елімізде төтенше жағдай алынып тасталғанымен, қалада эпидемиологиялық жағдайдың әлі күрделі күйінде қалғанын айтты. Сондықтан карантин шектеулерін жеңілдетудің де өзіндік талаптары сақтала бермек. «Коронавирус індетіне шалдыққандар мөлшері тәулігіне 7 пайыздан аспайтын мөлшер бір апта бойы сақталса, карантин шараларын жеңілдету мүмкіндігі болады», – деді Жанна Пралиева. Оның сөзіне қарағанда, 8 мамырға дейін қалада індет жұқтырушылар мөлшері тәулігіне 10,8 пайыз мөлшерінде болған. Содан бергі бірнеше күнде бұл мөлшер 2,3-4,5 пайыз аралығында сақталып тұр. Егер жағдай шиеленіспесе, карантин ережелерін 16 мамырдан бастап жеңілдетуге болатынын айтты бас санитарлық дәрігер.
Аманкелді ҚҰРМЕТ