Қазақстан халқы Ассамблеясы Түркістан облысы Мақтаарал ауданында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға осыған дейін 16 жүк көлігімен 180 тонна гуманитарлық көмек жіберді. Кеше Алматы қаласы әкімдігімен бірлесіп, 8 жүк көлігіне тиелген 98 тонна азық-түлік, құрылыс материалдары, киім-кешек және басқа тұрмыстық заттар жөнелтілді. Жүк тиелген керуен жолға шығар алдында ҚХА Төрағасының орынбасары – хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев ақжол тілеп, қайырымдылық көмекке атсалысқан этнос өкілдеріне алғыс білдірді. Сондай-ақ ол Алматы өзбек этномәдени бірлестігі, Қазақстан ұйғырларының республикалық этномәдени бірлестігінің филиалы, Алматы қалалық ұйғыр этномәдени бірлестігі, Қазақстан дүнген қоғамының Алматыдағы филиалы, «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігі мен басқа да орталықтардың еңбегін айрықша атап өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясы 4 мамырда Мақтааралдағы төтенше жағдайға байланысты гуманитарлық көмек көрсету акциясын бастап, этномәдени бірлестіктерден түскен қаржы көлемі 23 млн 325 мың теңгені құрады. Алматылықтардан бөлек, Жамбыл облысы Қордай ауданы 5 млн 500 мың теңгеге азық-түлік жөнелткен. «Вынхуа» дүнген этномәдени бірлестігі жіберген 11 тонна ұн, 2,5 тонна қант, 2,5 тонна күріш, 1,5 тонна макарон және 1 500 литр өсімдік майы, 5,3 тонна картоп, 500 келі пияз, 300 келі тұз, 1 000 қорап шай өнімі мен 25 келі тұрмыстық-гигиеналық заттарды Мақтаарал ауданы қуана қабылдап алды. 25 тонна азық-түлікті бірауыздан жинап берген дүнген этносының шынайы қолдауы достық, бауырластық сезімдер мен Отанға деген сүйіспеншілік бәрінен биік екенін дәлелдесе керек. – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында алдымызға бірталай мақсат қойды. Ең алдымен, Қазақстан экономикасының өзін-өзі қамту деңгейін арттырып, өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету сияқты басты салалардың рөлін нығайту көзделіп отыр. Осы мақсатта 1 миллион 700 мыңдай жеке қосалқы шаруашылыққа көңіл бөліп, «Егіс даласынан – дүкен сөресіне дейін» атты пилоттық жобаны бірнеше өңірде бастауды тапсырды. Этнос өкілдерінің басым бөлігі осы салада еңбек ететінін ескерсек, бұл қарапайым шаруалар үшін үлкен қолдау, – деді Жансейіт Қансейітұлы. – «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыруға 1 триллион теңгеге жуық қаржы бөлінді. Бұл да шағын бизнес үшін тиімді қадам. Қолжетімді тұрғын үй құрылысы басталып, елімізде бұрын-соңды болмаған көлемде баспаналар бой көтермек. Мемлекет басшысының жалақысы төмен азаматтарға салық мөлшерін азайту, халықтың қарызға батуына жол бермеу, азаматтардың мүддесін қорғау шешімі жұртшылық көңілінен шықты деп ойлаймын. Микро және шағын кәсіпкерлік саласына да ерекше көңіл бөлу, ұлттық бизнесті дамыту қажеттігі де күн тәртібіне қойылды. Қазақстан халқы Ассамблеясының кәсіпкерлері бұл көмекті қуана қабылдайды және экономиканы өсірудің төте жолы – қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтау екенін жақсы түсінеді. Ел Президенті тұрғындарды төтенше ахуалдың кез келген жағдайында жедел әрекет етуге бейімделуге де шақырды. Түбегейлі өзгерістер жасап, жұмысымызды қайта оңтайлау қажет екеніне маңыз берді. Сол себепті Қ.Тоқаевтың бұйрығымен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанынан Этносаралық қатынастарды дамыту комитеті мен Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты құрылды. Яғни, этносаралық қатынастар мәселесі жаңа деңгейге көтеріліп, қызметін тиімді түрде үйлестіретін болады. ҚХА әрдайым Елбасы тапсырмалары мен Президент реформаларына үн қосып, жүзеге асыруға дайын. Бүгінгі гуманитарлық керуен осы сөзіміздің жарқын дәлелі. Жансейіт Қансейітұлы халықтың тағы бір мәрте ортақ мүддеге жұмыла отырып, елдік пен ерліктің, бірлік пен келісімнің үлгісін көрсете алғанына тоқталды. Ассамблеяның қайырымдылық көмегі мұнымен шектелмейді, Шымкент қаласында Түркістан облысының Достық үйі базасында құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық жедел штабы мақтааралдықтар үйлерін қайта салып, орналасып біткенше қол ұшын созуды ары қарай жалғастыра береді.
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ