«Азық-түлік қауіпсіздігін сақтау – мемлекет қауіпсіздігінің басты міндеті. Мұны қалыптасқан ахуал анық аңғартты. Сондықтан біз ауыл шаруашылығы саласына барынша қолдау көрсете береміз». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 11 мамырда Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында осылай деді. Иә, әлемдік пандемия салдарынан республикамызда 54 күнге созылған төтенше жағдай біраз жайдың бетін ашып көрсетті. Қазір баршаның аузында жүрген сөзге салып айтар болсақ: «енді әлем бұрынғыдай болмайды». Коронавируспен қабаттаса келген мұнайдың нарықтағы құнының түсіп кетуі де еліміздің ертеңгі ұстанар бағытын айқындап бергендей. Ол бағыт – ауыл шаруашылығы. Атакәсіпке – мал бағуға, егін салуға жаппай оралатын сәт туды. «Ең бастысы, біз жаңа ахуал жағдайында жұмыспен қамтамасыз ету және экономикалық тиімділікті арттыру үшін ресурстарды қайда жұмсау керегін білеміз», – деді Қ.Тоқаев. Президент тап басып атап көрсеткендей, ел экономикасының келешектегі құрылымын айқындау үшін ауыл шаруашылығы саласының рөлін анықтап алуымыз қажет. Белгілі қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы Оразалы Сәбденовтің пікірінше, ауыл шаруашылығын дамыту дегеніміз – ауылды дамыту. «Ауылда халқымыздың 43%-ы, яғни 7 млн-нан астам адам тұрады, олардың ішінде жартысына жуығы жастар. Өкінішке қарай, қазір ауылда ең тиімді жұмыс мал бағу емес, керісінше, мал ұрлау болып тұр. Себебі өңірлердегі жұмыссыздық орташа есеппен 60-70%-ды, кей жерлерде 80%-ды құрайды. Бұл статистиканы мен аудандарды, оңтүстік облыстарды аралап шығып айтып отырмын. Егер ауылда жұмыспен қамтылған мұғалімдер мен дәрігерлер, әкімшілік және шаруа қожалықтары қызметкерлерін алып тастап есептесек, жұмыссыздықтың нақты есебі шыға келеді. Жастар жазда 2-3 ай қалаға барып жұмыс істейді де, күзде ауылға оралып жұмыссыз отырады. Осыдан келіп жаман жолға түсіп кетуге мәжбүр болады», – дейді ғалым. Биыл ел Үкіметі ауыл еңбеккерлерінен өнімді алдын ала сатып алу шараларын қарастырып жатыр. Мемлекет басшысы атап өткендей, оффтейк-келісімшарттары енгізіліп, фермердің несие бойынша қарызы қайта құрылымдалады. Яғни, саланы қаржыландыру мүмкіндігі кеңейтіледі. Аталған жұмыстар «Қаз Агро» компаниясы арқылы жылдық мөлшерлемесі 6% болатын жеңілдетілген шағын несиелер көмегімен жүзеге аспақ. Бұл тұрғыда экономист сарапшы Оразалы Сәбденов бюджет қаражатын агросекторға бағыттауда ашықтық, қатаң жауапкершілік болуы керегін алға тартады. «Ең жаманы – бізде өтірік ақпарат беру, қағаз жүзінде есеп беру әдетке айналып кетті. Мемлекет қоржынынан ауылдағы халыққа бөлінген ақшаға ортақтасатындар көп. Осы делдалдық әрекетке тыйым салатын уақыт жетті. Ұсақ шаруашылықтарда өнімді молайтуға техника, жаңа технология жетіспейді де, бәсекелестікте ұтылып жатыр. Сондықтан оларды ірілендіру үшін «Кооперация туралы» заңды тезірек іске асыру қажет. Кооперация мемлекеттің көмегін тиімді жүзеге асырудың да кепілі болар еді», – дейді ғалым.
ӨНДІРІС БАР, ӨНІМ НЕГЕ ҚЫМБАТ?
Айтса айтқандай, елімізде 1 млн 700 мыңдай жеке қосалқы шаруашылық жұмыс істейді. Жыл сайын көкөніс шаруашылықтары 3 млн тоннадан аса өнім өндіреді. Ал ішкі нарық қажеттілігі – 2,16 млн тоннадай, яғни өнім артығымен шығады. Алайда дүкен сөрелері мен базарда өзіміздің өнім қат, болса да бағасы аспандап кеткен. Азық-түлік құнының жыл сайын көтерілетініне көзіміз үйренгені рас. Десе де, биылғы баға «әкесінің құнын сұрағандай» алқымнан алды. Әсіресе, қыста лимон мен зімбір және сарымсақ (чеснок) қымбатшылыққа қатты ұрынды. Оған «коронавирусқа қарсы таптырмас ем» деген дақпырт та қатты әсер еткені анық. Әйтсе де, зімбір мен лимонның төркіні белгілі, ал сарымсақтың келісі 3 мың теңгеге баратындай не әсер етті? Күні кеше ғана елорданың супермаркетіне бас сұққанбыз, сарымсақ әлі арзандамапты, келісі 1 500 теңгеден сатылып жатыр.НЕГІЗГІ ПРОБЛЕМА – ӨНІМДІ ӨТКІЗУДЕ
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында агроөнеркәсіп саласындағы өнімді өткізу мәселесіне де айрықша тоқталды. «Үкіметке «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, ауылдағы кооперациялық желіні дамыту үшін «Егіс даласынан – дүкен сөресіне дейін» атты пилоттық жобаны бірнеше өңірде бастауды тапсырамын. Содан кейін оның ауқымын кеңейтіп, 2021 жылдың ортасына қарай толыққанды бағдарлама әзірлеуге болады», деген болатын. Осы орайда, Алматы облысындағы көкөніс шаруашылығының басшысы Нұрмұхан Етекбаевқа хабарласып, өнімді өткізудегі негізгі мәселе туралы сұрадық. «Өнімді өткізу деген проблеманың көкесі ғой, ауыл шаруашылығында одан асқан проблема жоқ» деп әңгімесін бастады фермер. Н.Етекбаевтың көкөніс өсірумен айналысқанына 21 жыл болыпты. Бүгінде NAZ-DANA ЖШС 1 000 тонна пияз, 200 тонна картоп, 100 тонна сәбіз және 70-80 тонна қызылша өсіреді. «Көкөніс – тез бұзылатын азық. Фермерлердің көбі оны сақтай алмайды, қойма аз, жабдығы ескі. Күзде өнімді алысымен, бірден өткізіп жіберуге тырысамыз, тіпті кей жылдары өзіндік құнын шығара алмаған жағдайлар да болады Былтыр қызылшаның келісін 10 теңгеге өткізе алмай қор болдық. Пияз да солай, шіріп кеткен соң далаға лақтырдық. Ал қалаға келсем, мен өткізе алмай отырған пияздың келісі 200 теңгеден сатылып жатады. Сонда кім пайда тауып отыр? Жалпы, Қазақстанда өнім өткізу формуласының қалай жасалатынына менің басым жетпей қойды» деп ренішін жеткізді. Фермердің сөзінше, көкөніс өсірушілер көктем, жаз айларында өнімді өсірумен әлектенсе, күзде өткізуді ойлап уайым кешеді. Әлеуметтік мәселе тағы бар. Айтпақшы, агросекторда жұмыс істейтін жандардың әлеуметтік тұрғыдан қорғалмағанын, өнімге кепілдік беру жүйесі жасалмағаны да өзекті мәселеге айналған. Оны Президент те атап айтты. «Бұл ретте «Даму» қорының кепілдік беру тәсілдерін пайдаланған жөн. Тұрақты сатып алу және сату жүйесін қалпына келтіру керек. Мұның барлығы 2 миллионға жуық ауыл тұрғынының табысын көбейтуге, отандық ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының жүктемесін 53 пайыздан 70 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Сол арқылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімінің импортын азайтуға болады», – деді Қ.Тоқаев. Экономист маман Оразалы Сәбденовтің есебінше, отандық өндіріс пен шаруаларды қолдау үшін Қазақстанда логистикалық ХАБ құрылуы керек. «Ол – оңтүстіктегі фермердің өнімін егістік басынан елордаға және еліміздің облыс орталықтарына тікелей жеткізетін жүйе. Президенттің айтып отырған жаңа бағыты да осы болса керек. Логистикалық жүйе қалыптасса, алыпсатарлар, делдалдар нарықтан өздігінен шығып қалады да, оның тиімділігін шаруа мен тұтынушы көрер еді. Ол бағыттың іске асуына «Атамекен» ҰКП және жергілікті әкімдіктер жауапты болуы керек. Бірақ бұл жүйе бизнестің жолымен, нарық заңдылығымен жүргізілуі тиіс. Яғни, ол салық мәселесі, несие беру, инвестиция тарту жұмысы. Ал оның атқарылуын қоғамдық кеңестер бақылауға алып, жауапты болсын. Өкінішке қарай, біздегі қоғамдық кеңес мүшелері әкімдерге жалтақтап отырады да, не қоғамға, не атқарушы билікке беделі жоқ. Халықтың сөзін сөйлейтін, өмірлік тәжірибесі бай, іскер адамдар осы кеңеске келгені жөн», – дейді О.Сәбденов. Қазақстанның аграрлық әлеуеті әлемнің үштен бірін азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуге жетеді. Бұл – біздің емес, шаруашылық басында жүрген фермерлердің пікірі. «Егер өнімді өткізу мәселесі шешілсе, салаға субсидия бөлудің де қажеті бола қоймас еді», – дейді олар. Демек, барлық мәселе салаға қатысты мемлекеттік саясат пен көқарастың өзгеруінде тұрғаны анық.