Екпені міндеттеуге бола ма?
Екпені міндеттеуге бола ма?
214
оқылды
Ел тұрғындары «Халық ден­­саулығы және денсаулық сақ­­тау жүйесі туралы» ко­дек­ске енгізілгелі жатқан өз­­геріске қарсы шықты. Ко­дексте 13 түрлі ауруға қарсы екпе алуды міндеттеуді жос­пар­лап отыр. Көпшілігі А ге­па­титі мен жатыр мойны обы­рына қарсы вакцинаға үрке қа­райды. Араларында тегін егі­летін екпенің сапасына кү­мән­данатындар бар. Аталған кодекске енетін то­лық­тыруды Мәжіліс бірінші оқы­лымда құп көрді. Енді тағы да тал­қыға салып көрмек. Бірақ мін­деттеу жайында сөз қозғалғалы ата-ана көңілі тыншымай тұр. Елорда тұрғыны Марина Шай­ма­ханова бастаған ата-аналар би­лікке петиция жолдаған. Бұл бас­­таманы 150 мыңға жуық ата-ана қолдаған екен. Жыл сайын елімізде вакцина сал­дырудан бас тарту дерегі жиі тір­келеді. Эпидемиолог-вакци­но­лог Сәкен Әміреұлының ай­туын­­ша, бір ғана қызылша ек­пе­сін егуден 16 мыңға жуық адам бас тартқан. Салдарынан өлім-жі­­тім фактісі көбейген. Вак­ци­нолог жұрттың екпенің маңызына үңіл­генін қалайды. Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйымы да вак­ци­наны уақытылы салдыруды жөн көреді.  

Екпенің қандай маңызы бар?

Екпе дегеніміз – иммунитетке қор­ған болар құрал. Қарапайым тіл­мен түсіндірсек, белгілі бір ви­русты әлсіретіп, биоинженерия ар­қылы қолдан екпе жасайды. Құ­рамына вирустың негізгі ақуыз­­­дарын енгізеді. Содан вак­ци­­наны еккенде ағзада қорғаныш қа­­баты түзіледі. Әрбір екпенің егу мөл­­шері болады. Кейбір екпені әсер етуі үшін 3 рет егеді. Нәти­же­­сінде, адам кейін вирусқа шал­дық­­пайтын болады. Нақтырақ айтсақ, екпе уы­ты­нан айырылған вирус сияқты. Вак­­цина салған соң адамның әр­­түрлі ауруға қарсы иммунитеті кү­­шейеді. Екпе егілген ортада ин­­фекция тарамайды. Әрі екпе дәрі-дәрмекке қарағанда арзан әрі зияны аз. Вакцинологтар сондықтан жос­парда бар екпені егудің маңыз­ды екенін алға тартады. Егер балаға уақытында вакцина салмаса, қоршаған ортасына зиян. Мәселен, 1990 жылдары елде әртүрлі жағ­дай­ға байланысты дифтерияға қарсы вак­цина сатып алуға қаржы бөл­меген екен. Диф­терия – ба­ла­лар үшін аса қауіп­ті ауру санатына жа­тады. Арты өлімге әкеледі. Атал­ған ке­зеңде Қазақстанда дифтерия та­ралғанда мыңнан астам бала ауруға шалдыққан. Вакцинация жа­самау салдарынан 606 бала қайтыс болған.  

Вакцинамен ауруды ауыздықтауға болады

Қазір шешек ауруына шал­дық­қан жанды кезіктірмейміз. Не­ліктен? Өйткені адам ағзасына бұл ауруға қарсы екпе егіледі. Сон­дықтан ағзада иммунитет бар. Сон­дай-ақ адамзат қызылша, ту­бер­кулез, полиомиелит, тұмау се­кілді ауруларды екпе арқылы жеңді. Кезінде әлем іш сүзегі, оба, ше­шек, испан тұмауымен, бертін ке­ле құс тұмауымен күресті. Мә­селен, 2 жылға созылған испан тұ­мауы 550 млн адамға жұқты. 60-100 млн-ға тарта адам  қайтыс болды. Ғалымдар ұзақ уақыт ауру­дың емін іздеді. Ақыры 1940 жы­лы испан тұмауына қарсы вак­ци­на көпке қолжетімді болды. Қай ауру болмасын, бейжай қа­рауға болмайды. Алдын алуды ойлаған абзал. Сондықтан әлем ел­дері гепатит В, туберкулез, по­лио­миелит, көкжөтел, дифтерия, сіреспе, қызылша, қызамық, тұ­мау, паротит, пневмококк ин­фек­циясына қарсы екпе жасайды. Әрі уақытылы салуды қадағалауға тырысады. Өйткені екпе екпесе, ауру­дың таралуы жиілеп, эпиде­мия басталады.  

Күніне 2 әйел жатыр мойны обырынан қайтыс болады

Жоғарыда гепатит пен жатыр мой­ны обырына қарсы вакцина туралы жаздық. С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ профессоры Сәкен Әміреұлы­ның айтуынша, елімізде 2010 жылы жатыр мойны обырына қарсы вакцина салдыру мәселесі қозғалған. Алайда жұрт қарсы болғандықтан, екпенің бұл түрін салуды кейінге қалдырған екен. Әлем бойынша 178 ел аталған ек­пеге зерттеу жүргізіп, 150 ел екпе егу­ді құптаған. «Елімізде жатыр мойны обыры­нан күніне 2 әйел көз жұмады. Жыл бойғы өлім-жітім санын шығару үшін сол санды 365 күнге көбейтіңіз. Егер бұл вакцинаны егуді бастасақ, бірталай адамның жанын сақтап қалар едік. Екпе жайын 2010 жы­лы қолға алғанымызбен, қарсы тарап­қа мән беріп, министрлік мәсе­ле­ні шетке ысырып қойды. Сөй­тіп жүр­генде арада 10 жыл өтті. 10 жылдың ішінде жатыр мойны обыры қан­шама адамның өмірін қиды? Егер екпені егу кодекс бойынша бекітілсе, 11-13 жас аралығындағы қыз бала­ларға вакцина салуды жоспарлап отырмыз», – дейді медицина ғы­лым­­дарының профессоры Сәкен Әміреұлы.  

Екпенің кері әсері бар ма?

Иә, өлім-жітім оқиғасы ілуде бір тіркеледі. Жоғарыда билікке петиция жолдаған Марина Шаймаханова туралы айтқанбыз. Ол Qazaqstan арнасына берген сұхбатында сәбиінің осыдан 5 ай бұ­рын вакцина әсерінен шетіне­генін айтты. Сол үшін дәрігерлерге қарсы қылмыстық іс қозғалғанын қалайды. Ал ата-аналарды екпеге бейжай қарамауға шақырады. Ек­пені егер алдында баланы кешенді тексеруден өткізуді талап етеді. Әрі вакцинаның әсеріне тек ата-ана емес, дәрігер мен Денсаулық сақтау министрлігі де жауапты болсын дейді. Осыдан бірнеше жыл бұрын Бибігүл Ботымбаева Astana TV ар­насына берген сұхбатында вак­цинадан кейін ұлының мүгедек бо­лып қалғанын жеткізген-ді. Оның сөзінше, ұлы 6 айында АКДС алған. Оған дейін баласы еңбектеуге, отыру­ға жарап қалған. АКДС вак­ци­насынан кейін жансақтау бөлімі­не түскен. Аталған бөлімде 24 күн жатып, 4 рет жүрегі тоқтап қалған. 3 ай бойы ауру­ханада емделген. Ақыл-есі дұрыс бол­ғанымен, өздігі­нен жүріп-тұра ал­майды. Екпе әсерінен өлім-жітімнің көр­сеткіші қандай? ДСҰ мәліметі бойын­ша, вакцинациядан ауруға шал­дығатындардың көрсеткіші – 3-5%. Оның өзінде вакцина егу­дің ал­дын­да кешенді тексеру жүргіз­беудің сал­дарынан немесе бала бо­йын­дағы ауру әсерінен өлім-жітім тір­­келуі мүмкін екен. Өйткені бала бойында туылғаннан невроло­гия­лық немесе басқа да ауру түрі болуы ғажап емес. Сондықтан екпе егудің алдында баланың даму картасын қарап, бұрын салынған вакцина әсерін мұқият оқу керек. Бала ден­саулығын жіті тексеріп барып, екпе егуді қолға алған жөн екенін ескертеді.  

Вакцина сапасы төңірегіндегі күмән

Баласына екпе егуді қаламайтын ата-ананың көбі вакцина сапасына күмәнмен қарайды. Жалпы, елі­міз­де екпе туралы Ұлттық күнтізбе бар. Күнтізбе бойынша 22 ауруға қарсы вак­цина салынады. Үкімет обаға қар­сы вак­цинаны елде өн­дірсе, қал­ған 21-ін шетелден сатып алады. Эпи­демиологтың айтуынша, Қазақстанда бірнеше оба ошағы болғандықтан, бұл ауруға қарсы вакцина өндіру заңдылық екен. АҚШ, Германия, Автралия, Ресей­мен қатар вакцинаны Үн­дістан да өндіреді. Үндістанның дең­гейін аталған елдермен салыс­тыра­тындар бар. Дегенмен ДСҰ өн­дірілген вакцинаға қатаң тәртіп­пен қарап, қадағалайды. Арнаулы зертханада зиянды қасиеті бар-жоғын тексереді.  

Міндеттеу мүмкін бе?

Вакцина салуды міндеттеу тура­лы сөз қозғалғанда ата-аналар конс­титу­циялық құқықты таптады деп ша­ғымданады. Дәрігерлер бол­са, екпе салдырмаған адамның өзге­нің алдында жауапты екенін еске са­лады. Ал шетелде екпе салдырмаған адамға қандай шара қолданады? Мәселен, Германияда науқас ек­пе салдырмау салдарынан ауру­ханаға түссе, оның сақтандыру кар­­тасы жарамсыз болып қала­ды. Білуімізше, Германияда ауруха­на­ға жатып емделудің бағасы қым­бат. Германия Еуропада қызыл­шамен ауырғандардың қатары кө­бей­гендіктен, 2019 жылы жағдайды мықтап қолға алды. Егер ата-ана ба­ла­сына екпе салдырмаса 2 500 еуро айыппұл белгіледі. Ал Италияда ата-ана баласына вакци­на сал­дыру­дан бас тартса, 500 евроға жуық айып­пұл салады. 6 жасқа дейін ек­пеге бармаған баланы балабақшаға кіргізбейді. Ары қарай мектепке бару-бармауы да вакцина мәселесіне тәуелді. Украинада да вакцина салдырмаған баланы балабақша мен мектепке қабылдамайды. Сондықтан да билік нақты заң жо­басын қарауды қалап отыр. Қазір әлемде болып жатқан жағдай да ойлануды талап етеді. Адамзат коронавирусқа қарсы вакцинаны күтіп жүр. Олар ек­пенің керек екенін топшылаған сыңай­лы. Ал Сәкен Әміреұлы халық ара­сында уақытылы екпе егу туралы түсін­діру жұмысының лайықты түрде жүрмейтініне қынжылады. Ол COVID-19 инфекциясының әлеуметік желі мен теледидарда тоқтаусыз хабар­ланатыны тәрізді вакцинаға да мән бер­генін қалайды. Ата-аналарға баласына вакцина сал­маудан денсаулығына келер залалды байыппен түсіндірсе, ыңғайға жығыларына сенеді.  

 width=Айзат АЙДАРҚЫЗЫ