Ауыл шаруашылығы министрлігі ірі өндірушілерге «бәс тігем» деп ұтылды. Пандемия және дағдарыс жағдайындағы сала ахуалын осылай бірауыз сөзбен түюге болады. Мысалы, өңірлерде 8-9 мың сиырға арналған бордақылау алаңдары жабылып қалған. Әлемді қандай нәубет жайласа да, адамзат ет жеуін қоймайды. Алайда шектеу қысқанда, күйзеліс құрсаулағанда, адамдар оқшауланғанда көп маман қызмет көрсететін кешендер тоқырауға ұшырайтыны анықталуда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемкомиссияның қорытынды отырысында ауыл шаруашылығына жаңа көзқараспен қарауды және оның келешектегі рөлін айқындауды тапсырды. Ол министрге саланы өркендету бойынша жөн-жоба көрсетті. Қазақстанда 1 миллион 700 мыңдай жеке қосалқы шаруашылық бар. Осы ірі ресурс, зор әлеует, мол мүмкіндік пайдаланылмайды: Мемлекет басшысы олардың өнімі сауда орындары арқылы ресми сатылмайтынын және өңдеу кәсіпорындарына жеткізілмейтінін айтты. Бұдан салық та түсіп жатқан жоқ. Оның жұмыскерлері әлеуметтік тұрғыдан қорғалмаған.
Бұл вирусқа карантин бола ма?
Ауыл шаруашылығы министрлігінің тірлігі ұзақ жылдардан бері үздіксіз сынға ұшырап келеді. Енді оның міндетін өзге ведомстволар қоса атқаруға кірісті. Бақыт Сұлтанов басқаратын Сауда және интеграция министрлігі ауыл шаруашылығы өндірушілерінің ісін ілгерілетіп берем деп, көтерме-тарату орталықтарын (КТО) салу идеясын Үкіметке мақұлдатты. Осы бастаманы қорғау мақсатында Министрлер кабинетінің отырысында ауыл шаруашылығына жауаптылардың тірлігі аяусыз сыналды. Елде азық-түлік өнімдерінің бағасы шығандап бара жатқаны, оның қымбатшылығы Қазақстанның инфляция бойынша көрсеткішін бүлдіргені еске салынды. Агроөнеркәсіп кешені өндірушілерінің шетел түгіл, отандық нарыққа еркін кіре алмайтыны, делдалдардың қаптап жүргені ауызға алынды. Салада ет, сүт, жеміс-көкөніс және басқаларының бағалары қалай қалыптасатыны, қай буынның көп үстемеақы қосатыны белгісіз екені тілге тиек етілді. Қазақстандағы ауыл шаруашылығы салаларының өнімділігі дамыған елдер тұрмақ, Ресей мен Беларусьтан төмен болып шықты. Нарықты ауыл өнімдерімен жыл он екі ай тұрақты қамтамасыз ету жолға қойылмаған. Байырғы заманнан келе жатқан, ата-баба мирас еткен басты саланың перспективасы да беймәлім көрінеді: 2030 не 2050 жылы Қазақстанның ауыл шаруашылығы қандай деңгейге жететінін, төрт түліктің саны қаншаға өсіп, экспорт нендей асуларды бағындыруы керегін ел білмейді. Министрлік сонша алыс келешектің көкжиегіне көз жүгіртуге қауқарсыз секілді. 15 жылдай мұнай-газ саласында еңбек етіп, ақыры болашақтың саласы ауыл шаруашылығы екенін түсініп, осы кәсіпке бет бұрған Руслан Ибатов өз шаруа қожалығын ұйымдастырған жаңа ауыл шаруашылығы өндірушілерінің бірі. Оның үстіне, ол осы саланың маманы: жоғарғы ауыл шаруашылығы білімі бар. Ол Ауыл шаруашылығы министрлігі «вирусқа шалдыққанын» айтады. – Бүкіл әлем коронавирус жұқтырса, біздің аграрлық ведомство «гигантомания» вирусына ұшырады. Ең үздік ғалымдар COVID-19 вакцинасын таба алмай жатса, ал мына вирустың шипасы белгілі, одан жеңіл арылуға болады. Ниет болса жеткілікті. Сөзім жалаң болмауы үшін мынадай дерек келтірейін: 2009 жылдан бері мемлекеттік қолдау түрінде 26 ет комбинатын салу үшін 21 миллиард теңге, ал 56 ірі бордақылау алаңының құрылысына 43 миллиард теңге бюджеттен бөлініпті. Яғни, әрбір ет комбинатын тұрғызуға ел қаржысын – 807 миллион теңгеден, ал әрбір бордақылау алаңына – 767 миллион теңгеден төленген. Ұсақ, шағын және орташа фермерлерге, ірі қара немесе қой мен ешкі өсіретін минифермаларға қуатты қолдау көрсетілмейді, – дейді Р.Ибатов. Себебі ұсақ шаруашылықтар «агроөнеркәсіп кешенінің басымдығы», ал олардың нысаны – «стратегиялық маңызды» болып саналмайды. Әйткенмен, ірі кешендерге қарағанда шағын фермаларды құру және ісін жолға қою жеңіл екені мәлім. Сарапшының айтуынша, бұл үшін қора, жас төлді жылыда ұстайтын панажай, қыста шөп сақтайтын орын, дәнді дақылдар мен жемазық сақтайтын шағын қойма ғана керек. Айтқандай, 2017 жылы инвестициялық субсидиялау ережелеріне сәйкес, министрлік минифермаларды АӨК басым бағыттары тізіміне қосты. Бірақ оның тиімсіздігі байқалып, сұранысқа ие болмапты: 12-15 миллион теңгеге миниферма салу үшін 5 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) жасату қажет көрінеді. Осыдан кейін фермерге 25% инвестсубсидия берілетінін ескерсек, оны алудың еш мәні қалмайды. Нәтижесінде, ірі қара және ұсақ мал өсіруге арналған шағын фермалар құрылысы 2018 жылы әлгі тізімнен алып тасталды. – Бұдан басқа да қайшылықтары жетерлік. Мәселен, «Инвестициялық салымдар кезінде АӨК субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидаларын» қарайық. Онда ет бағытындағы мал өсіру үшін сыйымдылығы кемінде 5 текше метр болатын жемтаратқыш-ұсақтағыш сатып алу талабы бекітілді. Оның құны 6 миллион теңгеге дейін барады. Иелігінде небәрі 50-100 сиыры немесе 300-дей қойы ғана болатын ұсақ фермерге мұндай алып жемтаратқыштың керегі не?! Нарықта 3 текше метрлік түрі де жетеді. Соған қарамастан қағиданы әзірлеушілер 5 текше метр кем болмасын деп табандайды. 2019 жылы мен Ауыл шаруашылығы министрлігіне үлкен емес фермалар құрылысы мемқолдау көруі керегін айтып жүгіндім. Бұл мәселеге артынша Республикалық фермерлер съезінде де жеке тоқталдым. Оған қатысқан министрлік өкілдері үнсіз ғана тыңдап қайтты, – дейді Руслан Ибатов.Жылқыға – жеңіл несие
Сарапшылар кез келген елдің ауыл шаруашылығы индустриясының негізін ұсақ және орташа шаруа-фермер қожалықтары құрайтынына екпін түсіреді. Мемлекет басшысының өзі қуатының жартысы көлемінде ғана жұмыс істеп тұрған отандық ірі ет комбинаттарын және басқа да кәсіпорындарды 70 пайызға дейін жүктеу үшін ауылдағы жеке қосалқы шаруашылықтарды кеңінен тарту қажет деп отыр. Алпауыттарға жақ министрлік бұл райынан енді қайтар ма екен? «Министрлік үміт артқан ірі кешендер дәрменсіздікке ұшырауда. Мысалы, сауатсыз стратегия және біліксіз менеджмент үлгісіндей, 8-9 мың басқа арналған «Crown Батыс» бордақылау алаңы, «Батыс Марка Ламб» ет комбинаты бірнеше жылдан бері қаңтарылып тұр. Мемлекет оған жаңа инвестор тартуға мәжбүр. Небәрі 30-35% ғана жүктелген шығынды ет комбинаты жетерлік. Рас, кейінгі кезде ілгерілеушілік те барын айта кеткен жөн. Министрлік қой шаруашылығына мән бере бастады. Ұрғашы тоқтыларды сатып алуға субсидия берілмек, – дейді ауыл кәсіпкері Р.Ибатов. Ауыл шаруашылығы министрлігі 2020 жылға арналған инвестсубсидиялау жобасын әзірледі. Онда да 5 мың бастан көп мал бордақылайтын алаңдарға барынша мемқолдау көрсету көзделген. Президент тапсырысына орай ведомство басымдықтарын қайта қарайды деген үміт бар. Бүгінде ауыл шаруашылығымен айналысқысы келетін қазақстандықтар саны жетерлік. «Ауылдан кіндігіміз үзілмеген қазақпыз ғой, бұл кәсіпке тез бейімделіп кетемін деген ойдамын. Жылқы өсірейін деп едім. Әрине, бірден үйір-үйір жылқы айдай алмаймын ғой. Алдымен 50-60 шақты бастан бастап, өсіріп-бағайын деген жоспарым бар. Бұл іске мемлекет тарапынан субсидия болса, жақсы болар еді», – дейді кәсіпкер Қайрат Асқаров министрге хатында. Шағын мал өсіру шаруашылықтарының өркен жаюы ет комбинаттарын және базар-дүкен сөрелерін отандық өніммен жүктеп қана қоймай, бизнесті нақты өндіріске бейімдеуге, елде өндірістік қуаттың өрістеуіне, инвестиция ағынының артуына, ауыл инфрақұрылымының дамуына, адамдардың баюына жол ашары сөзсіз. Ауыл шаруашылығы министрлігі Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Еркебұлан Ахметов бүгінде жылқы сатып алу үшін субсидия берілмейтінін, тек несие ұсынылатынын жеткізді. – Осы мақсатта пайыздық ставкасы шағын, қайтару мерзімі ұзақ, сондай-ақ оны алу кезінде кепіл саясатын оңтайландыру мүмкіндігі бар жеңілдетілген кредит бөлуді қарастыратын бағдарламалар әзірленіп, күшіне енді. Несиені «Мал шаруашылығын дамыту», «Қарапайым заттар экономикасы», «Агробизнес» және «Іскер» бағдарламалары арқылы иеленіп, ауыл шаруашылығы малдарын, соның ішінде жылқыны да сатып алуға болады. АӨК-пен айналысқысы келетін азаматтарды қызықтырған жайылым жердің болуы, база құрылысы, кепілзат, бизнес-жоспар және несиелеудің шарттары бойынша барлық ақпарат бағдарламаларда көрсетілген, – деді Еркебұлан Ахметов. Жеңілдетілген бұл несиелерді беруді жүзеге асыратын оператор – «ҚазАгроның» еншілес ұйымдары, яғни «Аграрлық несие корпорациясы», «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры». Департамент басшысы субсидияның да барын хабарлады: «Мемлекет мал шаруашылығымен шұғылданатын өндірушілер жұмсаған шығындардың бір бөлігін өтеп береді. Яғни, субсидияны шаруа жұмыс нәтижесі бойынша алады. Субсидия төлеу бойынша оператор – жергілікті облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы», – деді Е.Ахметов. Кезінде гигантомания Кеңес Одағында мал-мүлкі ортақ колхоз-совхоздардың жаппай құрылуына соқтырды. Ақыр соңында ел өзінің азық-түлік қауіпсіздігін сақтай алмай, дүкен сөрелері бос қалды. Сол кезде 212 миллион халқы болған АҚШ-ты 4 миллион фермер азық-түлікпен қамтып шықты. «Бір фермер елу адамды асырайды» деген америкалық нақыл содан туған. Мұндай тәжірибе барлық дамыған елдерде кең таралды. Оларда ауыл-деревняда негізінен ауыл шаруашылығымен айналысатын адамдар тұрады. Қазақ елі атакәсіп бағын ашатынын түсінді. Енді тек пәрменді қимыл мен қуатты қолдау керек.