Алматы әуежайы: саудада кім ұтты?
Алматы әуежайы: саудада кім ұтты?
174
оқылды
Алматы әуежайының шетелдік компанияға сатылуы туралы ақпарат қоғам пікірін екіге жарды. Әлеуметтік же­лілерде «мемлекет бәрін сатып жатыр, сатылмаған не қалды?» деп жазғандар көп болды. Олардың басым бөлігі Алматы әуежайының бұған дейін жекеменшікте болып келгенін білмеген сияқты. Бір қызығы, әуежайдың сатылуына қатысты кәсіби сарапшылар пікірі де түрліше. Мысалы, экономист Мұхтар Тай­жан 2000 жылдар басында мем­лекет ақшасына салынған әуе­жай­дың кейін жекешелендіріліп кет­кеніне қынжылды. Оның пікі­рін­ше, жекешелендіру кезінде тиын-тебен жұмсап сатып алғандар әуе­жайды ірі сомаға сатып, пайдаға ке­нелді, ал біз әдеттегідей айдың-күннің аманында кезекті страте­гия­­лық нысаннан айырылып қалдық. Ал келесі топ соңғы 10 жылда қазақстандық менеджмент әуе­жай басқаруда бәрекелді дегізер ештеңе істей алмағанын, осы ол­қы­лықтың орнын түрік компа­ниясы толты­рады деген үмітте. Әуежайды сатып алған TAV Airports Holding президенті Сани Ше­нер әуежайдың әлеуетін көтереміз деп сендіріп отыр. «Қазақстан – аймақтағы жағра­фиялық және экономикалық жа­ғы­нан ірі ел. Ал Алматы – елдің үлкен қаласы, ел экономикасын­дағы ішкі жалпы өнімнің 20 пайызы Алма­ты­дан түседі. Сонымен қатар бұл – Қытай, Еуропа және Афри­каны қо­сатын «заманауи Жібек жолы­ның» орталығы. Потенциалы жо­ғары және біз өз білімімізге сүйене отырып, оны толық іске асыру үшін жұмыс істейміз», – дейді холдинг басшысы.  

Жаңа қожайын туралы не білеміз?

Осы тұста TAV Аirports Holding туралы аз-кем ақпар айта кетсек, аталған компания 1997 жылы Tepe және Akfen компаниялар тобының бірігуі арқылы құрылған. Ком­па­ния Стамбұлдағы Ататүрік әуежа­йын, Эсенбог халықаралық әуе­жа­йын (Анкара), Аднан Мендерес (Измир), Газипаша-Анталия, Ми­лас-Бодрум әуежайларындағы халықаралық терминалдарды бас­қарады. Сонымен қатар шет мем­лекеттерде – Тбилиси әуежайын, Батуми әуежайын, Тунистегі Хабиб Буржуиб Монастир әуежайын, Сауд Арабиясындағы Медина және Хор­ватиядағы Загреб әуежайын, Латвия, Хорватия, Солтүстік Ма­ке­дония, Сауд Арабиясы және Ту­нистегі терминалдарды басқарады. 2018 жылы компания 152 мил­лион жолаушыға қызмет ұсынды және шамамен 1 миллион рейске қызмет көрсетті. Түрік компаниясы Алматы әуежайының терминалын кеңейту үшін 270 млрд теңге жұм­сауды жоспарлап отыр. Кеңестік кеңістіктен шыққан елдердің халқы үшін ірі құры­лымдарды шетелдік компания­лардың басқаруына беру қалыпты жағдай саналмайды. Себебі бәрін мемлекет басқаруы тиіс деген тү­сініктің көбесі сөгілмей тұр. Оның үстіне, Алматы әуежайы да өзге құрылымдар секілді кеңес зама­нында мемлекеттің меншігінде болды. Бұл да әлгі пікірді өзгертуге кедергі болса керек. Ал тәуелсіздік алған соң жекешелендіру бағдар­ламасы аясында Алматы әуежайы Қазақ азаматтық авиация басқар­масының «Қазақстан әуежолы» ұлттық акционерлік авиаком­па­ния­сына кірді. 1994 жылы «Алматы әуежайы» дербес акционерлік қоғамы болып қайта құрылды, Мемлекеттік меншіктен шығары­лып, сатылды. Алғашқы меншік иесінен кейін әуежай бірнеше қолға өтті. Ал түрік компаниясы әуежайды Нидерландта тіркелген Venus Airport Investments B.V. компаниясынан сатып алды. Venus Airport Investments B.V. компа­ния­сы әуежайды 2011 жылы 12,6 млрд теңгеге немесе 86,7 млн долларға сатып алған екен. Арада 9 жыл өткенде бұл компания әуежайды 415 млн долларға сатып, пайдаға кенелді деуге болады. Алматы әуежайына қатысты сын жолаушылар тарапынан жиі айтылатыны жасырын емес. Елі­міздегі ең ірі мегаполис саналатын қаладағы халықаралық әуежайдың қызмет көрсету деңгейі көңілден шыға бермейді. Оның үстіне, әуежай басшыларының кәсіби бі­ліктілігі былтыр желтоқсанда Ал­маты – Нұр-Сұлтан бағытындағы №Z92100 рейсі апатқа ұшыраған кезде де белгілі болып қалды. Әуежай маңындағы санитарлық аумақта халық баспана салып тұрып жатқанда мұның заң бұзу екенін жергілікті билікке жеткізе алмағаны әуежай әкімшілігі үшін үлкен сын болды. Ал бұл кемшілікті жаңа компания қалай жояр екен? Егер жолаушы қауіпсіздігі бірінші орында тұратынын ескерсек, түрік компаниясы жұмысты осы мәсе­лені шешуден бастауы керек-ау.  

Сәтті өткен сауда

Шет мемлекеттерде әуежайды шетел компаниялары басқаратын мысалдар жетерлік. Мысалы, Ре­сейдің Владивостогының әуежа­йын Сингапурдың Changi әуежай­лар холдингі сатып алған. Аталған әуежайды оған дейін малайдың Swiss Group компаниясы басқарған екен. Испаниядағы Сьюдад-Реал әуежайы бірер жыл бұрын CR International Airport SL компаниясына сатылды. Ал Лондондағы көлемі бойынша екінші орында тұрған Гетуик әуежайын француздың Vinci airport компаниясы сатып алған. Мұндай мысал біздің елде де бар. Ақтау мен Атыраудағы әуе­жайды түрік компаниялары бас­қарып отыр. Ақпарат құралдарында Нұрсұлтан Назарбаев атындағы халықаралық әуежай мен Ақтө­бедегі әуежайға да шетелдіктердің «сөз салып» жүргені жазылып жа­тыр. Саудасы келіссе, сатылып кетуі әбден мүмкін. Заңға сәйкес, стратегиялық нысандарды сату туралы шешімді меншік иесі Үкіметтің рұқсаты­мен ғана қабылдайды. Алматы әуежайы – стратегиялық нысан. Бұл нысанның сатылатыны туралы әңгіме 2 жылдан бері айтылып ке­леді. Демек, Үкімет келісім берген. Содан бері сатушы мен сатып алушы саудаласумен болды. Осы аралықта отандық сарапшылар әуежайдың қаншаға сатылуы мүм­кін екенін болжаған-ды, бірақ олар әуежайды тым арзанға бағалаған болып шықты. «Интерфакс-Қа­зақ­стан» агенттігінң сауалнамасына жауап берген DAMU Capital Management ЖШС бас директоры Мұрат Қастаев Алматы әуежайы 180-210 млн долларға өтеді деп болжаған. Себебі 2019 жылдың қараша айындағы жағдай бойынша әуежай активі 218 млн долларды құраған, ал міндеттемесі 36 млн доллар болған. Егер міндеттемені активтен алып тастаса, әуежайдың меншіктегі капиталы 180 млн дол­ларды құрайды. Сарапшы өз бол­жамын осы цифрға сүйеніп жаса­ған екен. «Алматы бағалау ор­та­лы­ғы» ЖШС директоры Бауыржан Бектаев та әуежайдың құнын сол шамада болады деген. Алайда әуежай, әлгінде айтқанымыздай, 415 млн долларға сатылды. Коронавирус инфекциясы ке­зінде бірінші кезекте әуекомпа­ниялар мен әуежайлар қиындыққа тап болды. Табысынан қағылып, жабылып жатқаны да жетерлік. Осындай тенденцияға қарамастан, Алматы әуежайының 415 млн дол­ларға сатылуы таңғаларлық жағдай және сәтті сауда деуге болады. Қалай десек те, әзірге бұл сау­дадан әуежайдың бұрынғы меншік иесі ғана ұтып тұр. Ал сатып алушы компания коронавирус жағда­йын­дағы экономикалық дағда­рыста тиімді басқару жүйесін енгізе алса ғана табысқа кенеледі. Жаңа бас­қа­рушы табысқа кенелсе, жергілікті халық та пайда көреді, себебі бюд­жетке салық түседі. Бірақ оған бү­гін­гі экономикалық дағдарыс жағ­дайында көп уақыт керек болады...  

 width=  Халима БҰҚАРҚЫЗЫ