Алматы әуежайының шетелдік компанияға сатылуы туралы ақпарат қоғам пікірін екіге жарды. Әлеуметтік желілерде «мемлекет бәрін сатып жатыр, сатылмаған не қалды?» деп жазғандар көп болды. Олардың басым бөлігі Алматы әуежайының бұған дейін жекеменшікте болып келгенін білмеген сияқты. Бір қызығы, әуежайдың сатылуына қатысты кәсіби сарапшылар пікірі де түрліше. Мысалы, экономист Мұхтар Тайжан 2000 жылдар басында мемлекет ақшасына салынған әуежайдың кейін жекешелендіріліп кеткеніне қынжылды. Оның пікірінше, жекешелендіру кезінде тиын-тебен жұмсап сатып алғандар әуежайды ірі сомаға сатып, пайдаға кенелді, ал біз әдеттегідей айдың-күннің аманында кезекті стратегиялық нысаннан айырылып қалдық. Ал келесі топ соңғы 10 жылда қазақстандық менеджмент әуежай басқаруда бәрекелді дегізер ештеңе істей алмағанын, осы олқылықтың орнын түрік компаниясы толтырады деген үмітте. Әуежайды сатып алған TAV Airports Holding президенті Сани Шенер әуежайдың әлеуетін көтереміз деп сендіріп отыр. «Қазақстан – аймақтағы жағрафиялық және экономикалық жағынан ірі ел. Ал Алматы – елдің үлкен қаласы, ел экономикасындағы ішкі жалпы өнімнің 20 пайызы Алматыдан түседі. Сонымен қатар бұл – Қытай, Еуропа және Африканы қосатын «заманауи Жібек жолының» орталығы. Потенциалы жоғары және біз өз білімімізге сүйене отырып, оны толық іске асыру үшін жұмыс істейміз», – дейді холдинг басшысы.
Жаңа қожайын туралы не білеміз?
Осы тұста TAV Аirports Holding туралы аз-кем ақпар айта кетсек, аталған компания 1997 жылы Tepe және Akfen компаниялар тобының бірігуі арқылы құрылған. Компания Стамбұлдағы Ататүрік әуежайын, Эсенбог халықаралық әуежайын (Анкара), Аднан Мендерес (Измир), Газипаша-Анталия, Милас-Бодрум әуежайларындағы халықаралық терминалдарды басқарады. Сонымен қатар шет мемлекеттерде – Тбилиси әуежайын, Батуми әуежайын, Тунистегі Хабиб Буржуиб Монастир әуежайын, Сауд Арабиясындағы Медина және Хорватиядағы Загреб әуежайын, Латвия, Хорватия, Солтүстік Македония, Сауд Арабиясы және Тунистегі терминалдарды басқарады. 2018 жылы компания 152 миллион жолаушыға қызмет ұсынды және шамамен 1 миллион рейске қызмет көрсетті. Түрік компаниясы Алматы әуежайының терминалын кеңейту үшін 270 млрд теңге жұмсауды жоспарлап отыр. Кеңестік кеңістіктен шыққан елдердің халқы үшін ірі құрылымдарды шетелдік компаниялардың басқаруына беру қалыпты жағдай саналмайды. Себебі бәрін мемлекет басқаруы тиіс деген түсініктің көбесі сөгілмей тұр. Оның үстіне, Алматы әуежайы да өзге құрылымдар секілді кеңес заманында мемлекеттің меншігінде болды. Бұл да әлгі пікірді өзгертуге кедергі болса керек. Ал тәуелсіздік алған соң жекешелендіру бағдарламасы аясында Алматы әуежайы Қазақ азаматтық авиация басқармасының «Қазақстан әуежолы» ұлттық акционерлік авиакомпаниясына кірді. 1994 жылы «Алматы әуежайы» дербес акционерлік қоғамы болып қайта құрылды, Мемлекеттік меншіктен шығарылып, сатылды. Алғашқы меншік иесінен кейін әуежай бірнеше қолға өтті. Ал түрік компаниясы әуежайды Нидерландта тіркелген Venus Airport Investments B.V. компаниясынан сатып алды. Venus Airport Investments B.V. компаниясы әуежайды 2011 жылы 12,6 млрд теңгеге немесе 86,7 млн долларға сатып алған екен. Арада 9 жыл өткенде бұл компания әуежайды 415 млн долларға сатып, пайдаға кенелді деуге болады. Алматы әуежайына қатысты сын жолаушылар тарапынан жиі айтылатыны жасырын емес. Еліміздегі ең ірі мегаполис саналатын қаладағы халықаралық әуежайдың қызмет көрсету деңгейі көңілден шыға бермейді. Оның үстіне, әуежай басшыларының кәсіби біліктілігі былтыр желтоқсанда Алматы – Нұр-Сұлтан бағытындағы №Z92100 рейсі апатқа ұшыраған кезде де белгілі болып қалды. Әуежай маңындағы санитарлық аумақта халық баспана салып тұрып жатқанда мұның заң бұзу екенін жергілікті билікке жеткізе алмағаны әуежай әкімшілігі үшін үлкен сын болды. Ал бұл кемшілікті жаңа компания қалай жояр екен? Егер жолаушы қауіпсіздігі бірінші орында тұратынын ескерсек, түрік компаниясы жұмысты осы мәселені шешуден бастауы керек-ау.Сәтті өткен сауда
Шет мемлекеттерде әуежайды шетел компаниялары басқаратын мысалдар жетерлік. Мысалы, Ресейдің Владивостогының әуежайын Сингапурдың Changi әуежайлар холдингі сатып алған. Аталған әуежайды оған дейін малайдың Swiss Group компаниясы басқарған екен. Испаниядағы Сьюдад-Реал әуежайы бірер жыл бұрын CR International Airport SL компаниясына сатылды. Ал Лондондағы көлемі бойынша екінші орында тұрған Гетуик әуежайын француздың Vinci airport компаниясы сатып алған. Мұндай мысал біздің елде де бар. Ақтау мен Атыраудағы әуежайды түрік компаниялары басқарып отыр. Ақпарат құралдарында Нұрсұлтан Назарбаев атындағы халықаралық әуежай мен Ақтөбедегі әуежайға да шетелдіктердің «сөз салып» жүргені жазылып жатыр. Саудасы келіссе, сатылып кетуі әбден мүмкін. Заңға сәйкес, стратегиялық нысандарды сату туралы шешімді меншік иесі Үкіметтің рұқсатымен ғана қабылдайды. Алматы әуежайы – стратегиялық нысан. Бұл нысанның сатылатыны туралы әңгіме 2 жылдан бері айтылып келеді. Демек, Үкімет келісім берген. Содан бері сатушы мен сатып алушы саудаласумен болды. Осы аралықта отандық сарапшылар әуежайдың қаншаға сатылуы мүмкін екенін болжаған-ды, бірақ олар әуежайды тым арзанға бағалаған болып шықты. «Интерфакс-Қазақстан» агенттігінң сауалнамасына жауап берген DAMU Capital Management ЖШС бас директоры Мұрат Қастаев Алматы әуежайы 180-210 млн долларға өтеді деп болжаған. Себебі 2019 жылдың қараша айындағы жағдай бойынша әуежай активі 218 млн долларды құраған, ал міндеттемесі 36 млн доллар болған. Егер міндеттемені активтен алып тастаса, әуежайдың меншіктегі капиталы 180 млн долларды құрайды. Сарапшы өз болжамын осы цифрға сүйеніп жасаған екен. «Алматы бағалау орталығы» ЖШС директоры Бауыржан Бектаев та әуежайдың құнын сол шамада болады деген. Алайда әуежай, әлгінде айтқанымыздай, 415 млн долларға сатылды. Коронавирус инфекциясы кезінде бірінші кезекте әуекомпаниялар мен әуежайлар қиындыққа тап болды. Табысынан қағылып, жабылып жатқаны да жетерлік. Осындай тенденцияға қарамастан, Алматы әуежайының 415 млн долларға сатылуы таңғаларлық жағдай және сәтті сауда деуге болады. Қалай десек те, әзірге бұл саудадан әуежайдың бұрынғы меншік иесі ғана ұтып тұр. Ал сатып алушы компания коронавирус жағдайындағы экономикалық дағдарыста тиімді басқару жүйесін енгізе алса ғана табысқа кенеледі. Жаңа басқарушы табысқа кенелсе, жергілікті халық та пайда көреді, себебі бюджетке салық түседі. Бірақ оған бүгінгі экономикалық дағдарыс жағдайында көп уақыт керек болады...