Карантин кезіндегі оқшаулану әркімге әрқалай әсер еткені анық. Біреулер отбасынан, достарынан және әріптестерінен бөлініп қалғанына қиналып жатқанда, енді біреулер төрт қабырғаға қамалғаны үшін күйінді. Бұл оқшаулану әрі отбасылық жанжалды үдетіп жіберді. Бұған Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қостанай облысындағы зорлық-зомбылық оқиғалары дәлел болатындай. Қарым-қатынасын үзіп үлгермеген, бұған дейін бір-бірінен алшақ өмір сүріп келген кейбір ерлі-зайыптылар бір шаңырақ астында қамалуға мәжбүр болды. Қарт адамдар балаларымен, немерелерімен оңаша қалды. Мұның бәрі адам бойындағы «тәуелсіз» кеңістікті шектеген секілді. Бұл кей адамдардың қарым-қатынасына айтарлықтай әсер етті әрі психологиялық және физикалық тәуелділік отбасындағы жағдайды нашарлатқаны анық. Сәуір айының басында БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш коронавирус инфекциясы басталғалы бері әлемде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың көбейгенін мәлімдеген еді. Мұндай қиындыққа бірде-бір мемлекет дайын болған жоқ. Қазақстан да бұдан сырт айналып кете алмады.
10 мамыр күні әйел затына күш көрсеткен тағы бір оқиға тіркелді. Қостанайлық Лаура есімді студент өзіне Темірлан есімді ер адамның қол көтергенін айтып, қоғамнан көмек сұрады. «Кеше мені ұрды. Ол менің жігітім емес, біздің арамызда ондай жақын қарым-қатынас болған емес. Мен бұл істің қатаң қаралуын сұраймын. Себебі ол маған физикалық және моральдық тұрғыда зиян келтірді. Мен сіздерден осы ақпаратты таратып, қолдау көрсетулеріңізді сұраймын. Бұл жағдай маған өте қауіпті», – деп жазды Instagram-да қостанайлық студент. Алдын ала мәліметтерден белгілі болғандай, күдікті Темірлан Досмұхамедовтің әкесі бұрынғы полиция қызметкері екені мәлім болды. «НеМолчиKZ» қорының жетекшісі Дина Смаилова әлеуметтік желі арқылы көпшілікті студент қызды қорғауға шақырды.Онсызда соңғы жылдары тұрмыстық жанжалдар көбейіп, әйелдердің зорлық-зомбылық көруі, балалар мен қарттардың жарақат алуы секілді оқиғалар жиілеген еді. Бас прокуратураның өткен жылғы мәліметі бойынша, Қазақстанда жыл сайын 400-ге жуық әйел тұрмыстық зорлыққа шыдай алмай, өз-өзіне қол жұмсайды екен.
Психоаналитик мамандар «садист бар жерде міндетті түрде мазохист те болады» деп айтады. Ал кәмелетке толмаған балалардың құқығын қорғайтын әлеуметтік психологиялық «Шанс» орталығының жетекшісі Ольга Рыль «оның түпкі себебін балалық шағынан іздеу керек» дейді. «Ол отбасылық психикалық немесе эмоционалдық зорлық-зомбылықта өскен бала болуы мүмкін. Отбасында зорлық көрмесе де, бала кезде қандай да бір жан жарақатын алған. Оны, тіпті әке-шешесі де білмеуі мүмкін. Кейін сол жан жарақаты ұлғайып, біреудің жапа шеккенінен ләззат алатын жанға айналуы мүмкін», – дейді Ольга ханым.Коронавирус пандемиясы кезіндегі карантин отбасылық институтқа соққы боп тиді. Тіпті, көп отбасы ұзақ уақыт бірге тұруға дайын болмай шықты. Айлар бойы төрт қабырғаға қамалу оларға кері әсерін тигізгені анық еді. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің сөзімен айтқанда, «оқшаулану кезінде бірқатар әйелдер күйеуінің «қақпанына» түсіп, құрбандыққа шалынуда. Көп елдерде көмек сұраған әйелдер саны артқан. Құқық қорғау органдары мен медицина қызметкерлеріне салмақ түсіп отырған бүгінгі қым-қуыт уақытта оларға көмек қолын созатын адам табылмай қалуы мүмкін». ХХІ ғасырдың ең үлкен қасіреті отбасы трагедиясы болғалы тұр. Мұндай жағдайда отбасы институтын сақтап қала аламыз ба? Жоқ па? Мамандарды жиі мазалайтын сауалдар да осы. Кейбіреулер бұл тығырықтан шығатын жол бар деп есептейді. Ал кейбіреулер «сынған кесе» қайта жамалмайтынын алға тартады. Қайтсек отбасы бұзылмайды?
Бала жан жарақатын алмауы керек
– Пандемия кезінде жаһандық деңгейде тұрмыстық зорлық-зомбылық та, ажырасу да, ішкілікке салыну да көбейіп кетті деген статистика жиі айтылып жатыр. Бұл, тіпті пандемияға да байланысты болмауы мүмкін. Оның нақты себебін әлеуметтік ахуалдан іздеген жөн секілді. Бір кездері ұрыс-керіс, жанжалды жасырып, «бас жарылса – бөрік ішінде» деген сияқты бетіне опа-далап жағып, ешкімге сыр білдірмей жүрген әйелдер зорлық-зомбылық туралы ашық айтыла бастағаннан кейін ғана ішкі құпияларын жария ете бастады. Әйтпесе, бұл бұрыннан бар проблема-тұғын. Қазір, тіпті ушығып кетті. Карантин кезінде әлеуметтік жағдайдың төмендігі, жұмыссыздық, ақша жоқтығы, азық-түліктің жетіспеуі көбейді. Көптеген ер-азаматтар, әйелдер телефоныма жиі қоңырау шалады. Сонда айтатыны: «Бір-бірімізді жек көріп кетуге дайын тұрмыз. Біз қазір жұмыссыз үйде отырмыз. Сырттан табыс келіп жатқан жоқ» дейді. Пандемияға байланысты ажырасу саны көбейді деп айта алмаймын. Кейбір ер-азаматтар өмірде өз орнын таба алмай, адасып жүр. Адасқан адам не істейді? Ішеді, құмарлыққа салынады. Бос жүріспен күнелтеді. Ондай адам ашуын кімнен алады? Одан әйелі, жақындары, балалары азап тартады. Карантин ары қарай жалғасып, жұмыссыздық жаппай белең алатын болса, онда тұрмыстық зомбылық та көбейе беретін болады. Қазір әйел адамның көбі өзін қорғай алады, құқығын біледі дейміз. Өз құқығын талап етіп, бөлек кеткен әйелді Дағдарыс орталығында алты ай ғана ұстай алады. Одан кейін қайда барады? Алты айдан кейін мұның бәрі артта қалып, әлеуметтік мәселелер алдыңғы орынға шығады. Бала-шағаны асырау керек, жалғыз әйелдің тапқаны ештеңеге жетпейді. Сондықтан ең басты кезекте отбасын сақтап қалуға күш жұмсаған абзал. Әйелге күйеуінің, туыстарының қолдауы қажет. Біз балалардың да көз жасын ойлауымыз керек. Олардың жүрегі жараланбағаны жөн. Бала жан жылуын ата-анасынан алатынын ұмытпасақ екен.Отбасы жылуын қалай сақтаған жөн?
– «Карантин кезінде отбасының, әсіресе ер-азаматтардың әйелдерге қарым-қатынасы бұзылды. Отбасында қақтығыстар жиіледі» дегенді жиі айтатын болды. Мұндай сауалдың тууы – заңдылық. Бұл карантинге дейін отбасылар жақсы өмір сүріп еді, карантиннен кейін осындай дағдарысқа ұшырады деген сөз емес. Олар онсыз да «қауіпті алаңда» өмір сүрген отбасылар. Оларды сақтап қалып отырған нәрсе – уақытының көбін жұмыста өткізуі. Ерлі-зайыптылар төрт қабырғада бірге болған уақытта бір-бірінің кемшіліктерін жиі көре бастайды. Бұлар бұған дейін де бір-бірінің жақсылығын байқамай келген болуы керек. Кемшіліктерді көргеннен кейін бір-біріне айтқан сөздері де ауыр тиеді, істеген істері де жақпай тұрады. Мұның бәрі – адамдардың бір-біріне деген жеккөрінушілігін оятады. Сөз көтере алмау, бір-біріне дес бермеу көбейеді. Әрі бойда ауруға деген қорқыныш, үрей басым. Ондай кезде олар бір-біріне қолдау көрсете алмайды. Карантин уақытында проблеманың ушығуы дегеніміз – осы. Бұрын адамдар негативті энергиясын жұмыста, немесе сыртта шығарып алатын. Карантин кезінде мұның бәрі бір-біріне беріліп отырды. Мұндай жағдайда отбасын сақтайтын не? Ерлі-зайыптының бір-бірімен тіл табысуы. Осындай жағдайдың болатынын қабылдау. Яғни, карантин кезінде жанжалдың көбейіп кетуіне дайын болу. Қиындықтарға бетпе-бет келуден қорықпау. Олар өмір бойы жауласып жүрген жоқ қой. «Бұрын қандай едік? Қарым-қатынасымыз қандай еді? Неге тіл табыса алмай қалдық? Неге бір-бірімізге деген жылуды жоғалтып алдық?» деген сияқты сауалдарға ашық сөйлесіп, бір-бірінің кедергілерін жоюға тырысу. Әрине, көп адамдар мұндай сұхбаттасуды, ашық сөйлесуді қаламайды. Одан гөрі ішімдік ішіп, іштегі «күйігін» басқанды жақсы көреді. Бұл жердегі басты проблема – адамның сана-сезімінде. Әрі қолда бардың қадірін білмегенінде. Отбасы құндылығын сезінбеуінде, білмеуінде. Осындай кезде адамдар мамандар көмегіне көбірек жүгінгені абзал болар еді. Сонда ғана олар бір-бірінің сыйластығын, отбасы жылуын сақтай алады.