2020 жылдың 1 наурызында Қазақстандағы халық саны 18 млн 671 мың адамнан асты. Олардың 58,5 пайызы қалада, қалған 41,5 пайызы ауылда тұрып жатыр. Статистика комитетінің дерегіне сенсек, биыл қазақстандықтардың саны 2019 жылғы 1 наурыздағы көрсеткішпен салыстырғанда 240,4 мың адамға, демек 1,3 пайызға өскен. Дәл осы бір жыл аралықта 66 мыңға жуық адам көз жұмған. Елдегі демографиялық ахуалға көз жүгіртсек.
Кезінде белгілі демограф Мақаш Тәтімов «қазақ даласында ашаршылық, Екінші дүниежүзілік соғыс болмағанда бүгін халық саны 32-35 миллионға жетер еді» деп айтатын. Қош, тарих екі қайтып келмейді. Ал қазіргі жағдай қандай?
Негізінен, демографиялық өсім жайлы сан түрлі мәлімет бар. Сәуір айында countrymeters.info сайты қазақстандықтардың саны 20 миллионнан асқанын хабарлады. Сайт ұжымы Біріккен Ұлттар Ұйымының ресми деректерін пайдаланатынын алға тартып, сөзін растағысы келген. Ақпараттың растығын білмекке педагог, демограф зерттеуші Мақсат Имандосовқа хабарласқанымызда Статистика комитетінің дерегіне сәйкес келетін жаңа мәліметтерді ұсынды. Мәліметке сүйенсек, 2020 жылы 1 сәуірде халық саны 18,7 млн адамнан асқан.
Тәуелсіздік жылдарынан бері Қазақстанда демографиялық ахуал барлық өңірде біркелкі емес. Осы орайда, 2020 жылдың бірінші тоқсанындағы (қаңтар, ақпан, наурыз айлары) деректерді салыстырсақ. Үш мегаполисте алғашқы тоқсанда адам саны едәуір артқан. Бір қуантарлығы, елімізде урбанизация қарқын алғанымен, демографияға кері әсерін тигізбепті. Алматы қаласында 3 айдың ішінде жалпы өсім 15 038 адамға толыққан, оның ішінде 4 831-і жаңа туған сәбилер болса, 10 207-сі көші-қон өсімі. Осылайша, Алматыда 1,93 млн-нан астам жан өмір сүріп жатыр. Екінші орынға Нұр-Сұлтан қаласы жайғасқан. Мұнда 3 айда жалпы өсім 11 716 адамды құраған, 5 271 сәби дүниеге келіп, 6 445 адам қоныстаныпты. Ал Шымкент қаласында 8 273 жалпы өсім тіркелген, 5 605 сәби дүниеге келсе, 2 668 адам көшіп келген.
Жалпы, Қазақстанда бала туудың рекордтық көрсеткіші 1987 жылы болған. Ол кезде елімізде 417 мың бала дүниеге келген екен. Мақсат Имандосов биыл жақсы көрсеткіш болуы мүмкін екенін айтып отыр.
– Қазақстанда демографиялық өсім баяу, бірақ сенімді, нақты. Жалпы өсім жыл соңында қайтыс болған адамдардың нақты саны жарияланғанда айшықтала түседі. Негізінен, көп нәрсе жаңа туған сәбилерге байланысты.
Соңғы жылдары орташа есеппен халық санының жылдық өсімі 230-250 мыңға жетеді. 2019 жылы, былтыр 403 мың бала дүниеге келді. Бұл – 32 жылдан бері болмаған рекордтық көрсеткіш. Биыл жыл басындағы көрсеткіш былтырғы жыл басындағы көрсеткішті қайталап отыр. Бұл – көптеген елмен салыстырғанда жақсы нәтиже. 2020 жылы дүниеге келетін бала саны 403 мыңнан асады деп ойлаймын, – деп болжам жасады.
Биыл қазан айында елімізде халық санағы өтеді. Ең басты ескерілетін мәлімет демография екені сөзсіз. Біз алғашқы тоқсандағы деректерді тілге тиек еттік. Жазушы Шерхан Мұртаза айтпақшы, «Халқы көп елде ғана адамдардың санасы мен сапасы артса керек». Ол үшін дені сау ұрпақтың көбейгені абзал.
Мадияр ТӨЛЕУ