Іздегенге жұмыс бар

Іздегенге жұмыс бар

Әлемді дүрліктірген пандемия бір адамды байыта түссе, екінші адамды жұмысынан айырып, кедейлік қамытын іліп қойды. Алпауыт мемлекет АҚШ-тың экономикасы тоқырап, көптеген кәсіпорындар жабылып, жұмыссыздар саны 33,5 мил­лионға жетті. Финляндияда індеттің кесірінен әрбір жетінші жұмысшы қысқартуға ұшырайды. Қазақстанда да жұмыссыздар саны 1,1 пайызға артуы мүмкін. Eurostat мәліметінше, соңғы 2 айда 373 мың неміс жұмысынан айырылған. Бұған Германиядағы карантин себепші болып отыр. ГФР-де жұмыссыздық деңгейі 5%-дан 5,8%-ға өскен. Бұл деге­німіз 2 млн 600 мың адам тұрақты табыс көзінен айырылған деген сөз. Испанияда осы кезеңде 120 мың аза­мат жұмыссыз қалған. Олар­дың жалпы саны 3 млн 300 мың­ға жетті. Сарапшылар жағдай бұ­дан да нашар болуы мүмкін деп бол­жам айтуда. Францияда 8 млн адам жұмыссыздық үшін мем­лекеттен өтемақы алып жатыр. Әрине, бұл жағдай бізді де ай­налып өтпеді. Жұмыссыздық саны арта түспесе, кемімейтіні тағы бар. 11 мамырда Үкімет үйінде өткен брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов: – Қазақстандағы еңбек нары­ғының жағдайы және жұмыспен қамтудың қалпына келуі ең ал­дымен карантин шараларының жеңілдеуіне және төмендеуіне, кәсіпорындар мен ұйымдар жұмы­сының қайта қолға алынуына, сонымен қатар экономиканың жандануына байланысты екені сөзсіз. Жұмыспен қамту процесінің қалпына келуі күрделі болады, – деді. Министрліктің жорамалынша, биылғы жылдың қорытындысында жұмыссыздық деңгейі төтенше жағдайға дейінгі 4,8 пайызға қара­ғанда 5,9 пайыз деңгейінде болмақ екен. – Үкімет қазірдің өзінде халық­ты жұмыспен қамту шараларын қабылдады. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» іске қосылып, «Еңбек» бағдарламасының мүм­кіндіктері кеңейтілді. Бұған қоса, өзге мемлекеттік бағдарламаның әлеуе­тін ескеріп, 2020 жылы 1 млн 200 мың адамды жұмыспен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр­мыз, – деді Біржан Нұрымбетов.  

3 мыңға жуық адам жұмысқа орналасты

«Жұмыс жоқ» деп ауызды қу шөппен сүрте беруіміз де дұрыс болмас. Өйткені қазір әртүрлі бағ­дарламалар жүзеге асуда. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысында «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша 3 мыңға жуық адам жұмысқа ор­на­ласты. Айта кету керек, осы бағ­­­дарлама аясында өңірде 816 ин­­­фра­құрылымдық жоба жүзеге асы­­рыл­мақ. Осылайша, 20 мыңнан ас­там жұмыс орны ашылады, оның ішінде 18 870 – уақытша, 1 150 – тұрақты. Бүгінде 789 жоба бойын­ша келісімшарт жасалса, 26 жо­баның конкурстық рәсімдері аяқ­талуда. 2020 жылы 812 жобаны аяқ­тау жоспарланса, 4 ірі жоба ке­лесі жылы аяқталады. Нақты айт­сақ, Өскемен әуежайын қайта жаңарту, Есенберлин даңғылынан Жібек жолы даңғылына дейін және К.Маркс даңғылынан «Өс­ке­мен-Алматы» тасжолына дейінгі ара­лықтағы инженерлік-ком­му­ни­кациялық инфрақұрылым құрылысы, сондай-ақ Семейдегі Қара­ғайлы шағынауданында кварталішілік жол салу жоспары бар. Айта берсек, мұндай мысалдар әр өңірде бар. Мәселен, қазір елорданың көптеген көшелері жөнделіп, қаланың шетінде газ құбыры төселіп жатыр. Мұндай шаралар өзге өңірлерде де бас­талды. Демек, маусымдық болса да жұмыс табу мүмкіндігі бар. Сондықтан «екі қолға бір күрек» табу мүмкіндігі күзге дейін сақ­талуы бек мүмкін.  

Жергілікті тұрғындар тартылуда

Жұмыс демекші, бір медальдың екі бетіндей дүниеде кейбір жа­ғымсыз дүниелердің де оң ықпал ететін кездері болатыны бар. Мәселен, Түркістан об­лысы Мақтаарал ауданының бі­раз ауылын су алып кеткені қабыр­ғамызға аяздай батқан. Бі­рақ қазір сол өңірде қайнаған тір­шілік басталды. Тасқын судан зардап шеккен азаматтарға арнап салынатын тұрғын үйлердің құ­рылыс жұмыстары басталып кетті. Қазірдің өзінде Мырзакенттің шығыс бетіндегі 50 гектар аймақта 40-тан астам құрылыс компаниясы келіп, үйлердің іргетасын қалау жұмысына кірісіп кеткен. Мұндағы құрылысқа негізінен облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына орай Мақтаарал ауданының тұр­ғындары тартылуда. Ондағы мақсат – аудандағы жұмыссыз жүрген жас­тарды еңбекпен қамтып, әлеу­меттік жағдайын дұрыстауға атса­лысу. Мырзакент іргесіндегі тұр­ғын үй салу жұмыстарын ерте бас­та­ған компаниялардың бірі – «Стройконсалтинг» ЖШС. Бүгін­де аталған компанияда 40-тан астам жергілікті құрылысшы ең­бек етіп жатыр. Аталған құрылыс ком­паниясы бірінші кезеңде 10 үй­дің құрылысын маусым айының аяғына дейін аяқтаймыз деп отыр. – Біз бүгінде 10 үйдің іргетасын құю жұмыстарына дайындықты бас­тап кеттік. Құрылыс жұмыс­та­рына қажетті қол күшін не­гізі­нен Мақтаарал ауданының тұр­ғын­дарынан тартып жатырмыз. Құры­лыс­шыларға жалақы істеген жұмыс кө­леміне сай әрі кезең-кезеңі­мен тоқ­таусыз төленіп отыра­тын бо­лады. Ең басты мақсат – құры­лысты сапалы аяқтап, елдің ыстық ықы­ласы мен алғысына бөлену, – дейді компания басшысы Талғат Оразұлы.  

Сұранысқа ие мамандықтар

Электрондық еңбек бир­жасында (ЭЕБ) enbek.kz сайтына мамыр айының басында Қазақстан бойынша жұмыс берушілерден 125,4 мың бос жұмыс орны ор­на­ластырылған. Ал жұмыс іздеу­шілердің түйіндемесі екі есе аз, яғни 75,7 мыңды құрайды. – Бос жұмыс орындары мен түйіндемелердің күрт төмендеуі елде енгізілген төтенше жағдай режимімен тікелей байланысты. Алайда карантин шектеулері алынып, нарыққа жан бітіп, кәсіп­орындар жұмысын қайта бастады және олар кадрларға мұқтаж, – дейді Еңбек ресурстарын дамыту орталығы АҚ вице-президенті Бал­жан Шаменова. Жұмыс іздеушілердің бірінші үштігі 2,6 мың – автокөлік жүргізушісі, 2,3 мың – медицина (медбике) қыз­меткерлері және 2,2 мың – заңгер. Алайда жұмыс берушілер үшін қажет мамандардың үштігіне – патрульдеу инспекторы, күзетші және ме­дициналық қызметкерлер енді. Ең аз сұранысқа ие маман­дықтар (түйіндемелер мен бос орындар арақатынасы бойынша) – заңгер, іс жүргізуші және дене­шынықтыру мұғалімі. Жалпы, жұмыс берушілер тарапынан ең үлкен сұранысқа ие мамандар: кәсіби мамандар – 36,6 мың, қыз­мет көрсету және сату саласының қызметкері – 21,2 мың, құрылыс, көлік және басқа да ұқсас сала жұмысшылары – 19,5 мың бос жұмыс орны бар. Ал Алматыдағы халықты жұ­мыс­пен қамту орталығының дирек­­торы Диляра Иманқұлова болса: – Бүгінде слесарь, дәне­керлеуші, темір-бетон құры­лым­дарын құрастырушы, электрик, жүргізуші, жүк тиеуші, аула сы­пырушы, газбен дәнекерлеуші сияқ­ты жұмысшылар кәсіптері аса сұранысқа ие. Сондай-ақ қызмет көрсету саласының қызметкерлері мен медицина қызметкерлеріне де қажеттілік бар», – дейді.     ТҮЙІН:  

Ка­рантин уақытында жеке көлігі, самокат немесе велосипеді бар курьер іздеушілер саны ерекше өскен. Олардың табысы бір ай ішінде 20%-ға артқан. Курьерлердің айлық табысы орта есеппен 150-200 мың теңгені құрады. Дегенмен бұл уақытша екенін де ойлауымыз керек. Сонымен қатар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Coursera жаппай онлайн білім беру платформасымен келісімге келіп, Халықты жұмыспен қамту орталықтарында есепте тұрған жұмыссыздар үшін қажетті дағдылар мен мамандықтар бойынша онлайн-режимде курстан өту мүмкіндігіне қол жеткізді. Ақылы негізде бір курс бойынша оқыту шамамен 400 АҚШ доллары тұрады. Келісім аясында жұмыссыз қазақстандықтарға бұл мүмкіндік тегін беріледі. Ал «Екі қолға – бір күрек» іздегендер үшін жұмыс табылады. Тек ынта болса болғаны.

 

  Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ