Білімқұмар балаларды қолдайды
Білімқұмар балаларды қолдайды
166
оқылды

Биыл М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің 8 оқытушысы 2018 жылдың қорытындысы бойынша республикада үздік атанды. Негізі «Жоғары оқу орындарының үздік оқытушысын» анықтаған байқауға білім ордаларының әрбір 50 оқытушысы­ның ішінде біреуі ғана қатысуы тиіс болған. Мұндай мүмкіндік аталған білім ордасының 12 қызметкеріне бұйырып, соның 8-і жүлдегерлер қатарынан көрінді. Бұл – әр 3 оқытушы-профессордың 2-еуі байқау жеңімпазы атанып отыр деген сөз.

Үздіктер қатарынан көрінген Гумани­тарлық-әлеуметтік ғылымдар факультетінің «Педагогика және психология» кафедрасының аға оқытушысы, магистр Сандуғаш Үсенова – Инклюзив білім берудегі психологиялық бейімделу орталығының аға үйлестірушісі. Бүгінгі күні мүмкіндігі шектеулі жандардың үздіксіз білім алуына мейлінше қолжетімді жағдай жасап жүрген оқытушы. Сандуғаш Мейрамбекқызы М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде 2002 жылдан бері қызмет етіп келеді. Ғылыми-педагоги­калық қызметін 2009 жылдан «Педагогика және психология» кафедрасында оқытушы қызметінен бастаған. Ол жүзге жуық ғылыми еңбектердің авторы. Оның жетекшілігімен 2 шәкірті халықаралық пәндік олимпиада­лардың жеңімпазы, 3 студенті республикалық олимпиада жүлдегері атанды. Сондай-ақ С.Үсенованың жетекшілігімен А.Нысаналиева, Т.Сағындық, А.Құттыбек, А.Шұғай Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының стипендиаттары атанды. 3 студенті халықаралық ғылыми жобалар байқауларында жүлдегер атанса, 7 студенті республикалық байқауларда топ жарды.

– «Білім туралы» Заңның 3-бабының 1, 2-тармақтарында Білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттарына баршаның сапалы білім алуда құқықтарының теңдігі, әрбір адамның зияткерлік дамуы, психикалық-физиологиялық және жеке ерекшеліктері ескеріле отырып, халықтың барлық деңгейдегі білімге қолжетімділігі жатады деп көрсетілген. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі жандарға ерекше көңіл бөліну қажет екені айтпаса да белгілі. Жас буынның өнерге деген құштарлығын арттырып, қолдау көрсетіп, шығармашылық деңгейін көтеру мақсатында түрлі шаралар өткізіп тұрамыз. Ал инклюзивті білім беру – баршаның сапалы білімге қолжетімділігін қамтамасыз етуге ба­ғытталған білім беру жүйесін тарату үдеріс­терінің бірі. Ол балалардың дене, психикалық, зияткерлік, мәдени этникалық, тілдік және басқа да ерекшеліктеріне қарамастан, сапалы білім беру ортасына білімқұмар балаларды қосуды, барлық кедергілерді жоюды, олардың сапалы білім алуы үшін және олардың әлеу­меттік бейімделуін, социумге кірігуін көздейді, – дейді Сандуғаш Мейрамбекқызы.

Жуырда «Өнер жүрегі» және инклюзив білім берудегі психологиялық бейімдеу ор­талығы ұйымдастыруымен әрі Жастар жылына орай «Мен өмірге құштармын» байқауы өтті. Осы шарада балалардың дене бітімі мен қимыл-қозғалысына қарамастан, тамылжыта салған әндері тыңдаған әрбір жанды тебірент­ті, мәнерлеп оқыған өлеңдері бойды шымыр­латты. Сондай-ақ қатысу­шылар «Ең жарық жұлдыз», «Жігерлі жас», «Ең үздік дауыс», «Екі жұлдыз» сынды аталымдар бойынша марапатталып, алғыс хатқа ие болды.

 

Арсен БАЙЗАҚ,
Тараз қаласы