Ғалымдар азайып, қаржы көбейді
Ғалымдар азайып, қаржы көбейді
195
оқылды
Қазақстанда ғылыми-зерттеуге жұмсалған қаржы көлемі былтыр 135 млрд теңгеге жеткен. Бір атап өтер жайт, бұл соманың 90 пайызға жуығы жаратылыстану мен инженерия саласына бағытталыпты. Бұл туралы finprom.kz зерттеулерінен белгілі болды. Қазақ ғалымдарының зерттеу бағыттары ішінде жара­ты­лыс­тану саласының басым бол­ғаны қуантады. Әрі деректерге қа­рағанда, бұл зерттеулердің ара­сында биотехнология мен ин­фек­цияға қарсы зерттеулер де әжеп­тәуір үлесті құрағаны бай­қалады. Дегенмен ғылыми-зерт­теудің 93 пайызының 5 ай­мақта ғана шо­ғырлануы бірқатар мә­селенің бетін ашып берді. Атап айтқанда, ғылыми әлеует ай­мақтардың әлеуметтік-эко­но­микалық даму деңгейіне ті­келей байланысты екені бай­қа­лып қалып отыр. Мәселен, елі­міздегі ғылыми-зерттеу жұмыс­тарының 47,9 па­йызы Алматы қаласының үлесінде болса, астанамызда бұл көрсет­кіш – 21,7 пайыз, Шығыс Қазақ­стан облысының еншісі­не – 7,9, Аты­рау облысына – 7,7, Маң­ғыстау облысына 7,7 пайыздан үлес тиеді. Бұл де­ректерді қаржыға шаққанда ал­матылық ғалымдар 64,4 млрд теңгені игерген. Ас­таналықтар болса 29,1 млрд тең­гені ғылыми мақсатқа пай­да­ла­ныпты. Өзге облыстардың әр­қайсысы 10 млрд теңгеден сәл асатын деңгей көрсеткен. Бұл дегеніңіз ғылыми жұмыстармен айналысу мә­селесінде КСРО кезінде белгілі бір ғылыми-тә­жірибелік ор­талықтар қалып­тас­қан өңір­лер­дің алға шыққанын бай­қатады. Алайда Қарағанды, Ақтөбе тәрізді өндірісті аймақ­тардың, халқы көп және ірі оқу орындары бар Түркістан облысы мен Шымкент шаһарының не себепті ғылыми-зерттеу ісінде алғашқы бестікке бәсекелес бола алмағаны таңдандырады. Сонымен қатар ғылымды қаржыландыру үлесінің был­тыр алдыңғы жылмен салыс­тырғанда 3,5 пайызға мол бол­ғанын да атап өту керек. Алайда ғалымдар саны 1,5 пайызға азайған. Қазір елі­мізде ғылыми-зерттеу сала­сында жұмыс істеп жүрген қыз­мет­кер­лер саны – 13,5 мың адам.  

Ардақ СҰЛТАН