Қазақстанда ғылыми-зерттеуге жұмсалған қаржы көлемі былтыр 135 млрд теңгеге жеткен. Бір атап өтер жайт, бұл соманың 90 пайызға жуығы жаратылыстану мен инженерия саласына бағытталыпты. Бұл туралы finprom.kz зерттеулерінен белгілі болды. Қазақ ғалымдарының зерттеу бағыттары ішінде жаратылыстану саласының басым болғаны қуантады. Әрі деректерге қарағанда, бұл зерттеулердің арасында биотехнология мен инфекцияға қарсы зерттеулер де әжептәуір үлесті құрағаны байқалады. Дегенмен ғылыми-зерттеудің 93 пайызының 5 аймақта ғана шоғырлануы бірқатар мәселенің бетін ашып берді. Атап айтқанда, ғылыми әлеует аймақтардың әлеуметтік-экономикалық даму деңгейіне тікелей байланысты екені байқалып қалып отыр. Мәселен, еліміздегі ғылыми-зерттеу жұмыстарының 47,9 пайызы Алматы қаласының үлесінде болса, астанамызда бұл көрсеткіш – 21,7 пайыз, Шығыс Қазақстан облысының еншісіне – 7,9, Атырау облысына – 7,7, Маңғыстау облысына 7,7 пайыздан үлес тиеді. Бұл деректерді қаржыға шаққанда алматылық ғалымдар 64,4 млрд теңгені игерген. Астаналықтар болса 29,1 млрд теңгені ғылыми мақсатқа пайдаланыпты. Өзге облыстардың әрқайсысы 10 млрд теңгеден сәл асатын деңгей көрсеткен. Бұл дегеніңіз ғылыми жұмыстармен айналысу мәселесінде КСРО кезінде белгілі бір ғылыми-тәжірибелік орталықтар қалыптасқан өңірлердің алға шыққанын байқатады. Алайда Қарағанды, Ақтөбе тәрізді өндірісті аймақтардың, халқы көп және ірі оқу орындары бар Түркістан облысы мен Шымкент шаһарының не себепті ғылыми-зерттеу ісінде алғашқы бестікке бәсекелес бола алмағаны таңдандырады. Сонымен қатар ғылымды қаржыландыру үлесінің былтыр алдыңғы жылмен салыстырғанда 3,5 пайызға мол болғанын да атап өту керек. Алайда ғалымдар саны 1,5 пайызға азайған. Қазір елімізде ғылыми-зерттеу саласында жұмыс істеп жүрген қызметкерлер саны – 13,5 мың адам.
Ардақ СҰЛТАН