1 мамыр күні Өзбекстандағы Сардоба су қоймасының жарылуы салдарынан Түркістан облысының Мақтаарал ауданында бірнеше ауыл су астында қалған болатын. Бүгінде ауданға еліміздің барлық аймағынан гуманитарлық көмек ағылуда. мақтааралдың іргесіндегі ірі шаһар Шымкент те асардан алыстаған жоқ. Көрші облыс тұрғындарының басына түскен бұл ауыртпашылыққа шымкенттіктер де бейжай қараған жоқ. Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаментіне қарасты құтқарушылар тобы Мақтаарал ауданының су басқан елді мекендеріне алғашқылардың бірі болып жетті. Жедел-құтқару жасағы күн-түн демей ондағы судың деңгейіне мониторинг жүргізіп, су басқан ауылдарды қайықпен аралап, ірі және ұсақ малдарды құтқару шараларымен айналысты. Су басқан үйлерден құнды заттар мен құжаттарды көшіруге көмектесті. Сонымен қатар ауылды су ағысынан қорғау үшін жергілікті тұрғындармен бірлесіп жағалауды бекіту жұмыстарын жүргізді. Ал жуырда шымкенттік бір топ кәсіпкер тасқын судан зардап шеккен мақтааралдықтарға гуманитарлық көмек жөнелтті. Қалалық Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Қайрат Молдасеитов пен қалалық Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабыштаев бастаған делегация Мақтаарал ауданына20 миллион теңгеден астам көмекті алып барды. Делегация алдымен 188 отбасы тұрақтаған, су тасқынының зардабына көбірек ұшыраған Өргебас ауылына аялдады. «Отау Групп» ЖШС-нің президенті Қайрат Молдасеитов Өргебас ауылының тұрғындарын қолдау үшін өз атынан 12 миллион теңге бөлгенін атап өтті. Бұл қайырымдылық шарасынан бүгінде сапалы өнімімен танымал болған Bal-Tekstil кілем фабрикасы да шет қалған жоқ. Осы күні фабриканың 6 млн теңге болатын өнімі де келіп жетті. Bal-Tekstil кілем фабрикасының директоры, белгілі кәсіпкер-меценат Талғат Исқақов мақтааралдықтарға 400-ден аса кілемді сыйға тартты. «Мақтаарал ауданындағы су тасқынынан 6 мыңға жуық тұрғын зардап шекті. Мыңға жуық отбасы баспанасынан айырылды. 8 мың гектарға жуық егістік жер мен мал-мүліктерін су шайып кетті. Осыны ескере отырып, біздің ұжым да Мырзашөл халқына көмек қолын созуды азаматтық борыш деп санаймыз. Біз жіберген кілемдер жаңа үйге кіріп, қоныс тойын тойлайтын тұрғындарға таратылатын болады», – деді ол. Сонымен бірге, тосыннан келген апаттан зардап шеккендерге AGF Group тоқыма фабрикасының басшысы Гаухар Насырова 40 жинақ төсек-орын сыйласа, VIZiT алкогольсіз сусындар зауытының директоры Вилким Злавдинов 500 мың теңге болатын сусын алып келіпті. Шымкент қаласы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Алма Архабаева бастаған іскер әйелдер қауымы азық-түліктен бөлек киім-кешек, гигиена құралдары мен қажетті заттар, соның ішінде балаларға арналған гуманитарлық көмек көрсетсе, «Карлскрона» ЖШС-нің директоры Уәлихан Ахметов пен «Мега Смарт» иесі Сергей Хегай гуманитарлық көмекті тасымалдайтын жүк көліктерімен қамтамасыз етті. Көмек қолын созған кәсіпкерлердің қатарында «Даму» фармацевтикалық ұйымдар қауымдастығының төрайымы Хадиша Алжанова, «Еврокристалл» әйнек зауытының басшысы Рустам Сухов және «Телеком Сауда» ЖШС директоры Нұржан Мамытов та бар. Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабыштаев бұл жағдайдың ешкімді бейжай қалдырмағанын, үшінші мегаполис бизнесмендерінің қайғылы оқиға орын алған сәттен бастап Мақтаарал ауданына ақша жинауды бастағанын атап өтті. «Біздің кәсіпкерлер қайырымдылық шаралары үшін жиналған қаржыны өз қалталарынан да, кәсіпорындарынан да бере бастады. Бұдан бөлек, Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасы зардап шеккендердің қорына қаражат аударды. Шымкент қаласы тарапынан көмек түрлері қолма-қол ақшамен, азық-түлікпен және негізгі қажеттіліктермен қамтамасыз етуді әлі де жалғастыруда. Апатқа ең алғашқылардың бірі болып үн қосқан қалалық Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің мүшелеріне алғысымыз шексіз. Түркістандық кәсіпкерлер палатасындағы әріптестерімізбен біргеміз.Біз ортақ күш-жігермен қиындықты бірге жеңетінімізге сенімдіміз және бәрі жақсы болады!» – деп атап өтті Нұрлан Қабыштаев Өргебас ауылында өткен кездесуде. Бұдан бөлек, Шымкент қаласындағы жекелеген мекеме ұжымдары да тасқыннан зардап шеккендерге бір күндік жалақысын аударуды жалғастырып жатыр.
Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы