Бурабай мен Қапшағайдан басқа жерде жаңа ойын аймақтары ашылмайды – Нұрлан Нығматулин
Бурабай мен Қапшағайдан басқа жерде жаңа ойын аймақтары ашылмайды – Нұрлан Нығматулин
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметінен алынды
206
оқылды
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин ел аумағында жаңа ойын аймақтарын ашу мәселесін қолдамады. Осы заң жобасы бойынша депутаттар көптеген маңызды түзетулер енгізді. Мәселен, жұмыс тобы барысында жаңа үш ойын аймағын ашу туралы нормаларды алып тастау, ойын бизнесін ұйымдастырушыларға заң жобасында көзделген міндеттерді орындамағаны үшін әкімшілік жауаптылық белгілеу жөнінде, сондай-ақ жақын туыстарының өтініші бойынша соттың құмар ойындарды және бәс тігуді теріс пайдаланатын адамдарды әрекет қабілеті шектеулі деп тануға қатысты ұсыныстар енгізді.
«Депутаттардың ұсынысы бойынша қосымша үш ойын аймағын ашу туралы нормаларды алып тастады. Букмекерлік кеңселер мен тотализаторлар қазір жұмыс істеп тұрған ойын аймақтарына ауысады», – деді Нұрлан Нығматулин.
Осы орайда ол бумекерлік кеңселер мен тотализаторларды мегаполистер мен облыс орталықтарында және қалаларда қалдыру туралы тұжырымдар негізсіз екенін атап өтті.
«Менің ойымша, осында мемлекеттік органдардың қолдауымен депутаттар белсенді ілгерілеткен ұстанымды екінші оқылымға дейін қолдауы керек», – деді Нұрлан Нығматулин. «Бізде не болып жатыр? Жұмыстан шыққан адам үйіне жеткенше жолдағы он шақты кеңселер арқылы өтеді. Қолындағы ақшаны соған салып, үйіне тапқан табысынан айырылып келеді. Егер ойнағысы келсе, көлікке отырып, тиісті аймақта (Бурабай, Қапшағай - ред.) ойнайды», – деді Мәжіліс төрағасы.