5 мамыр күні Youtube платформасына өзгеше бір видео жүктелді. Онда ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлының кіндік қаны тамған жер – Сырт Қасқабұлақ ауылында жасалып жатқан жоба көрсетілген. Видеоны түсіріп тұрған адам Абайдың 175 жылдық тойына орай ақынның үш ішекті домбырасының бейнесі төсеме тастар (брусчатка) арқылы өрнектеліп жатқанын баяндайды. Бұл видео әлеуметтік желілерде тез тарап, желі қолданушылардың қызу талқысына түсті. Видеодан байқағанымыздай, төбенің басынан етегіне қарай көлбей төселген домбыраның сұлбасы түрлі түсті тастармен өрнектеліпті. Мәселен, домбыраның мойны ашық қоңыр түсті тастан өрілсе, шанағының тасы сарғылт түсті. Үш ішек қызыл тастан тізілген. Сырттай қарағанда әдемі көрініс, әрине. Әйтсе де, домбыра бейнесінің жерге төселгені ұлттық таным-түсінік тұрғысынан үлкен дау тудыратыны анық еді. Осыған орай, желі қолданушылары да жоба авторларының мұндай қадамға баруын жауапсыздық деп санап, сынға алды. Әсіресе, абайтанушы ғалымдар бірден келіспейтінін білдіріп, Facebook-те пікір жазды. Бұл мәселеге қатысты ойын білмек болып ақын, абайтанушы Алмахан Мұхаметқалиқызына хабарластық. «Қазақ домбыраны жерге төсемек түгіл, босағаға ілмейтін халық. Қай қазақтың үйіне кірсеңіз де, домбыра төрінде тұрғанын көресіз. Тіпті, домбыраның тілін білмейтін, шерте алмайтын адамның өзі оны төріне іліп қояды. Өйткені домбыра біздің – ұлттық аспабымыз, қасиетті, қастерлі жәдігеріміз. Домбыра – қазақтың жан жүрегі. Шетте жүрген қандасымыз домбыраның үнін естісе, ет-бауыры езіле, отыра қалып жылайтыны анық» деп пікір білдірген ғалым домбыраның сұлбасын да, бейнесін де жерге төсеп, аяқасты етуге мүлдем қарсы екенін жеткізді. «Қазақ құрметтеген дүниесін көкке көтереді. Ұлтымыздың дүниетанымында жерге тастау деген жақсы сөз емес. Біз баскиімнің өзін жерге тастамайтын халықпыз. Сондықтан ұлы ақынның үш ішекті домбырасын әлемге танытқысы келген жергілікті билік өкілдері басқа жолын ойластыруы керек еді. Мына іс – ұлт руханиятын ойлаған, қастерлі мұраны қадірлегендік емес», – дейді ғалым. Алмахан Мұхаметқалиқызының айтуынша, Абайдың 30-ға жуық ән мұрасы, күйлері бар. Ақын мұрасын насихаттау үшін ескерткіш жоба жасағандар осы жағын ескергені жөн еді. Мақаланы әзірлеу барысында Семейде тұратын белгілі ғалым, филолог Арап Еспенбетовке қоңырау шалдық. Ол кісі Абайдың 175 жылдығы қарсаңында құрылған облыстық комиссияның мүшесі болғанымен, дәл осы жобадан хабарсыз екенін айтты. «Бұл Абай ауданы әкімдігінің облыс басшылығымен келісіп жасалып жатқан жұмыс болуы керек, одан нақты хабарым жоқ. Мен өзім домбыраның бейнесін аяқасты етуге қосыла қоймаймын. Бірақ шешім жасалғанда арасында болмағандықтан, пікір айта алмаймын» деп қысқа қайырды. Ал PhD докторы Қарлығаш Әубәкірова Facebook-те «Абай атам айтпақшы, ертең елге келген мейман мен бала-шағаның алдында «Бетті бастым, қатты састым, тұра қаштым жалма-жан» демесек болды. Әйтпесе, Қадыр Мырзалиев «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп жырламап па еді? Домбыраны аяқасты қылуды қандай ишара деп түсінеміз?» деген пікір қалдырыпты.
ӘКІМДІК НЕ ДЕЙДІ?
Аталған жобаның маңызы туралы аудандық атқарушы билік өкілдері не айтады екен деп Абай еліне қоңырау шалып, сұрау салғанбыз. Абай ауданы әкімдігі мәдениет бөлімінің басшысы Елдар Оразалиннің айтуынша, биылғы 175 жылдық торқалы тойға орай Абайдың туған жеріне қандай ескерткіш қоямыз деген мәселе талқыға түскенде аса ұтымды ұсыныс бола қоймаған. «2004 жылы Абайдың дүниеден өткеніне 100 жыл толды деп Сырт Қасқабұлақтағы төбенің басына белгі тас орнатылған болатын. Ол белгі таста «Аға сұлтан Құнанбайдың ауылында 1845 жылы данышпан Абай дүниеге келді» деген жазу болды. Біреулер соны күреп тастайық деген де пікір айтты. Бұл жер тарихи орын болғандықтан, есте қалдыратындай жоба жасауды мақсат еттік. Алғашқыда төбенің басынан етегіндегі бұлаққа дейін жай ғана жол салмақшы болдық, ойлана келе осыны таңдадық. Абайдың өз домбырасын қоялық деп шештік», – дейді. Елдар Кәменұлы айтқандай, әуелгіде ақын домбырасына қатысты жоба мүлдем басқаша жасалыпты. Дегенмен кейін жағдайын және басқа пікірлерді ескере келе, жоба өзгеріске түскен. «Бастапқы шешім бойынша домбыраның шанағындағы ойықтың орнында гүл тұру керек болатын, ал тиегінің орнына жерден 1 метрдей көтерілген «Сырт Қасқабұлақ – ұлы Абайдың туған жері» деген жазу орнатылуы керек еді. Одан бөлек, тиектен төмен тігінен ұзындығы 8 метрлік қауырсын қалам тұрғызылады да, жартылай ашылған орама қағазға Абайдың «Туғанда дүние есігін ашады өлең» деген сөзі жазылуы керек болатын. Ары қарай келген жолаушы төменге түсіп, бұлақтың суынан дәм татады. Мұның жалпы композициялық шешімі осылай болу керек еді», – дейді Е.Оразалин. Алайда кейіннен үлкен жолмен өтіп бара жатқан жолаушыларға домбыра көрініп тұру керек деген талаптан кейін құрылысшылар домбыраның сұлбасын 90 градусқа бұрған. «Осылайша, бұлаққа баратын жол бөлек жасалды. Жолдың бойындағы тастарға Абайдың 45 нақыл сөзі жазылады. Мәселен, «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» сөзі бір тасқа жазылса, келесі тасқа «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез» деген нақылы жазылады. Кішігірім туристік кешен болғалы тұр», – дейді аудандық мәдениет бөлімінің басшысы.ҚАРЖЫ КӨЛЕМІ ҚАНДАЙ?
Абай ауданы әкімінің орынбасары Мейіржан Смағұловқа хабарласып анықтағанымыздай, Сырт Қасқабұлақтағы жобаның жалпы аумағы – 1,2 гектар. Салыстыру үшін айта кетейік, 1 гектар – 10 000 текше метр немесе 100 сотық жер. Демек, әжептәуір аумақ. Ал тас төселген жердің аумағы – 2 000 шаршы метр. Оның ішінде домбыраның сұлбасы 750 шаршы метрге салыныпты. Оған қоса, кешен аумағына 70 тал шырша ағашы, 83 терек отырғызылған. «Туристік кешен жұмысының 70%-ы аяқталып қалды, қазір гүл егіліп жатыр. Сегіз орындық орнатылып, қасына қоқыс салатын жәшіктері қойылды. Енді жарықтандыру жұмысы қалды, ол жерге 96 дана шам орнатамыз», – деді аудан әкімінің орынбасары. Мейіржан Смағұловтың сөзіне қарағанда, аталған кешенді қолға аларда жергілікті әкімдік ұлттық аспабымыз – домбыраға нұқсан келсін дегенді әсте ойламаған. Мақсат – тарихи орынның құнын арттырып, туристік жерге айналдыру. «Неше жылдан бері жаздың ыстығында үйездеген жылқы, оқыралаған сиыр лайлап жататын бұлақты қоршауға алып, әсемдеп, абаттандыру жұмысын жүргізіп жатырмыз. Ертең бұл жер адам танымастай орынға айналғалы тұр. Өкінішке қарай, біздің жұмысымызға тек біржақты сын айтылып жатыр», – дейді әкімнің орынбасары. М.Смағұловтың сөзінше, аталған кешен Абай аудандық мәдениет үйінің балансына берілген. Отырғызылған талдар мен гүлдерді суарып, күтіп-баптауға штат бөлініп, екі адам жұмысқа алыныпты. Жобаның жалпы құрылысына бюджеттен 50 млн теңге бөлінгенін білдік. Бұдан басқа, аудан орталығы Қарауылға баратын үлкен жолдан Сырт Қасқабұлаққа қарай 1 шақырым 700 метр көтерме жол салыныпты, жоспар бойынша алдағы уақытта оған асфальт төселуі тиіс. Жалпы жол құрылысына қарастырылған қаржы көлемі 42 млн теңге. Осылайша, ақынның кіндік қаны тамған жер – Сырт Қасқабұлақтың өзіне 92 млн теңге жұмсалатыны мәлім болды. Айтпақшы, 7 мамыр күні Абай ауданына барған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов 175 жылдыққа бөлінген ақша ауданды дамытуға жұмсалатынын айтқан. Өңір басшысының айтуынша, жалпы аудандағы нысандарды қайта құруға 150 млн теңгеден астам қаражат бөлінген. «Сырт Қасқабұлақтағы бұлақ Абайдың өмірлік жолының басталуын бейнелейді. Бұл – ерекше қасиетті жер. Туризммен байланысты барлық шара осы жерден басталуы тиіс» деп атап өтті Д.Ахметов. Әрине, ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында өңірге қаражат бөлініп, туристік маңызын арттыру қажет іс. Алайда Абай мұрасын насихаттау жолында ақынның үш ішекті домбырасының бейнесін жерге төсеген жоба көпшіліктің көңілінен шыға қоюы қиындау секілді. Бәлкім, кешен құрылысын бастамас бұрын жергілікті билік өкілдері ақынның «Домбыраға қол соқпа» деп басталатын әйгілі өлеңін бір оқып шықса, жағдай мұндай болмас па еді…Бауыржан САБЫРБЕК