Тіршілігі түлеген Арал
Тіршілігі түлеген Арал
Басынан қилы тағдыр өтіп, экологиялық апаттың зарда­бын тартқан Арал өңірі хал-қадірінше өркендеп келеді. Әрине, теңіз толық оралма­ғанмен, оның атын иеленген ауданда игі істер баршылық. Қазір аймақ халқы мемлекет­тің қамқорлығын сезініп, ке­лер күннен үміт күтеді. Өңірдің тіршілігін түзеуге ба­ғытталған «Арал ауданының эко­номикасын дамытудың 2017-2019 жылдарға арналған Жол кар­тасы» аудан тұрғындары үшін игі­ліктің қайнарына айнал­ды. Қазір облыс пен аудан бас­шы­лығы өңірді әлеуметтік-эконо­ми­­калық дамудың кешенді жос­па­рындағы Арал ауданына қатысты жо­балаларды іске асыруға ерек­ше көңіл бөлгені байқалады. Иә, аталған жоспар тұтас облыс­тың дамуына серпін беру үшін әзір­лен­гені рас. Дегенмен біздің пайым­дауымызша бұл жоспардың игі­лі­гін Арал ауданы тұрғындары да көре бастаған. Мәселен, өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына ауданнан 1,8 млрд теңгенің 4 жоба­сы енгізілді. Бұған дейін 3 жоба жұ­мыс істесе, биыл тағы біреуі іске қосылады. Ол – «Қазақстан Аква­­культура» ЖШС-нің «Балық қа­был­­дау және өңдеу цехы» жобасы. Жалпы Арал ауданында жыл­дық қуаттылығы 19900 тоннадан асатын 8 балық өңдеу зауыты жұ­мыс істейді. Оның 4-еуі балықты тереңінен өңдейтін болса, қалғаны балықты қатыру, мұздату және ыстау сияқты қарапайым өңдеу түрімен айналысады. Сонымен қатар осы зауыттардың екеуі - «Арал балық өңдеу зауыты» ЖШС және «Арал сервистік дайындау орта­лығы» ЖШС Еуропа нарығына шы­ғуға мүмкіндік беретін «Евро­код» белгісіне ие. Былтыр ауланған балық 3157 тон­на болса, өңделген балық – 3100 тоннаға жеткен. Оның ішінде 2004 тон­насы Ресей, Қытай, Германия, Поль­ша, Нидерланды, Грузия, Ук­раи­на, Әзербайжан, Қырғыз республикасына экспортқа шыға­рыл­­ды. Бұдан бөлек, «Түйе сүтінен құр­ғақ ұнтақ дайындау» жобасын енгізу жоспарлануда. Qazaq Camel ЖШС жылына 130 мың тонна дайын өнімді өндірмекші. Мал және мал өнімдерін экспорттауға бай­­ланысты ауданнан «Жаңа-Арал» ЖШС Қытайға еліне 40 тонна түйе жүнін өткізді. Ал «Арал Талап Агро» ЖШС Өзбекстанға 189 бас түйе сатты. 2018 жылмен салыстырғанда ірі қара – 7,5 пайызға, жылқы – 22 пайызға, түйе – 6,8 пайызға, қой мен ешкі 9,1 пайызға өскен.  

Жұмыссыздық деңгейі төмендеді

Өндірістен бөлек ауданның әлеу­меттік-экономикалық дамуын қам­тамасыз ету, жаңа жұмыс орын­дарын құру да өзекті болып тұр. Аудандағы кәсіпкерлікті жаппай дамытып, салық түсімін молайтып, инвестицияны тарту жұмыстарын жандандыру да назардан тыс қалған жоқ. Жыл басынан бері аудандағы шағын және орта бизнес субъектінің саны 4187 бірлікке жетті. Оның ішінде жұмыс істеп тұрғаны – 3 537. Соның арқасында Арал ауданында ресми жұмыссыздық деңгейі 0,9 пайызға тұрақтады. Бұл дегеніміз – жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызға төмендегенін көрсетеді. Мәселен, жыл басынан бері жұмыс іздеуші ретінде орталыққа хабарласқан 3 525 адамның 1 593-і тұрақты жұ­мыс­­қа орналасты. Бос жұмыс орын­­дары жәрмеңкесі 12 рет өткі­зі­ліп, 1 662 жаңа жұмыс орны ашыл­ды. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамы­­ту­дың 2017-2021 жылдарға ар­нал­ған «Еңбек» мемлекеттік бағ­дар­­ламасының екінші бағыты бо­йын­ша 470 адам оқытылып, сер­ти­фикаты табысталды. Олардың іші­нен 101-і өз кәсібін ашуда 318,5 млн теңге несие алды. Бастапқы бизнесті іске асы­рып жатқан 50 адамның әрқай­сы­сына 100 айлық есептік көр­сет­кіш көлемінде гранттар беріліп, оны ңжалпы сомасы 12,6 млн тең­ге­ні құрады. Одан бөлек мұндай кө­мек көпбалалы және табысы аз отба­сыларға, еңбек етуге қабілетті мүге­дектерге берілді. Дәлірек айт­қан­да 150 адамға 75,8 млн теңгенің гранты бөлінді. Яғни олардың әр­қайы­сына 200 айлық есептік көр­сет­кіш көлемінде қаржы беріл­ді. Мемлекеттік атаулы әлеу­мет­­тік көмекке биыл 1,2 млрд тең­ге бөлінді. Қазір 2 111 отба­сы­на кө­мек көрсетілді. Жыл басы­нан бері жалған ақпарат бер­ген отба­сы­ларға анықталған бұзу­­шылықтар бойынша талдау жұ­мыс­тары жүргізіліп, қайта есеп­те­­лініп, төлемдер тоқтатылды. Мы­­салы, 126 отбасынан заңсыз есеп­телген атаулы әлеуметтік кө­мек қайтарылып, 13,5 млн теңге бюд­­­жетке түсті. Сонымен қатар Арал қаласы мен елді мекендерді абаттандырып, жолдарды жөндеу жұмыстарын жалғастырып, әрбір әлеуметтік ны­сандарды көгілдір отынға қо­сып, жарықтандыру жұмысы жүр­­гізілді. Биыл энергетика сала­сына 46,8 млн теңге қаржы бө­лін­ді. Оның ішінде Сексеуіл кен­ті мен Бекбауыл елді мекенінен жаңа­дан тұрғын үй салу үшін жер телім­де­рін беру мақсатында электр желі­сін кеңейтіліп, мемлекеттік сарап­та­мадан өткізілуде. Ал аудандық бюджеттен Жақсықылыш кенті және Аралқұм, Бекбауыл, Бөген, Ақирек, Жаңақұрылыс, Қаратерең, Мергенсай ауылдық округтерінің көшелеріне 9,7 млн теңгеге жарық­тан­дыру жұмысы жүргізілді. Сон­дай-ақ, Қамбаш елді мекеніне тран­с­форматор орнатылды.  

Елді мекендер ауызсумен қамтылды

Басты міндет – елді мекендерді са­палы ауызсумен қамтамасыз ету. Айталық, Сексеуіл кентінің тұр­ғын үйлерін орталық су жүйе­сіне қосу жұмыстары және Сексеуіл кен­тіне қарасты Жалғыза­ғым ел­ді мекенінің тұрғын үйле­рі­не ауыз су құбырын тарту жұмыс­та­ры толыққанды аяқталды. Арал қа­ласындағы Шүкіров, Жұба­ния­зов, Тәңірбергенов көшелеріне жүргізілген ауызсу құбырлары ағым­дағы жөндеулерден өткізілді. 2019 жылға облыстық бюд­жет­тен Қамыстыбас және Ақ­ша­тау көлдер жүйесіндегі су ша­­руа­шылығы нысандарының тех­никалық құжаттарын жасауға 5,1 млн теңге бөлініп, Аманөткел, Бек­бауыл, Жетес би, Райым ауыл­дық окрутері су шаруашылығы нысан­дары­ның техникалық және баға­лау құжаттары жасалды. Мы­са­лы, Ақирек ауылдық окру­гін­дегі Қаһар каналына тазалау жұмыстарын жүргізуге, Қаратерең ауылдық окру­гіндегі «Баян» каналының және Бөген ауылдық округіндегі «Көкіш» каналының (Сағымбай) су шаруашылығы жұмыстарын жүр­гізуге 190,6 млн теңге бөлінді. Жетес би ауылдық округіндегі «Совет­жарма» каналының сағасына 2 көзді су тоспасын салынды. Сондай-ақ Бөген ауылдық окру­гіне қарасты Қарашалаң елді мекеніне ауызсу құбыры тартылып, Ка­мыстыбас елді мекеніндегі ла­герь насосты стансасына, Ра­йым елді мекеніндегі насос стан­сасына күрделі жөндеу жүр­гі­зілсе, Ақбасты елді мекеніне су тұщытқыш қон­дырғы алынды. Ал аудандық бюд­жеттен бөлінген 58,4 млн тең­геге аудандық өнер мектебі, мә­де­ниет орталығы, Гүлдер, Ме­реке, Алтын балық бала­бақ­ша­­лары, № 64 орта мектептің бу қазандықтары газ отынына ауыс­ты­рылды. Ал ауыл халқының игілігі үшін 6 санитарлық автокөлік алы­нып, 3 автокөлік Қызылжар, Бөген, Жақ­­сықылыш дәрігерлік емха­на­ларына, 1 автокөлік Арал қала­сын­дағы Байтұрсынов дәрігерлік емха­насына, 2 автокөлік орта­лық ауруханаға табысталды. Жер­гі­лікті бюджеттен 4,5 млн теңгеге ме­дициналық құрал-жабдық­тар алып, пайдалануға берілді. Жал­пы, жыл басынан бері 1659 бала туылып, туу көрсеткіші өт­кен жылмен са­лыстырғанда 0,6 про­мил­лге жо­ға­рылады. Туберкулез ауруы­мен алғаш рет ауырғандар және ал­ғаш­қы рет тіркелген қатерлі ісік ауру­лар саны біршама төмендеп отыр. Ендеше, бірлігіміз бекем болып, өз мүддемізден елдік мұратты биік қоя білсек, алар асуымыз көп бол­мақ. Халқымыздың өжет рухы мен жинаған тәжірибесіне сүйе­не отырып, алдағы кезеңге де абы­рой­мен қадам басатынымызға күмән жоқ. Өйткені өз еліміздің дамуы мен халық тұрмысының сапасын көтеру – бәрінен биік ортақ мүдде.  

Миуа БАЙНАЗАР, Қызылорда облысы