Енді қазақстандықтар 42 500 теңгені ұялы телефон нөмірімен ала алады, - деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі. "42 500 теңге"әлеуметтік төлемін банк шотының жоқтығынан ала алмаған азаматтар енді оны IBAN шотын ұсынбай-ақ, ұялы телефон нөміріндегі "ұялы байланыс операторының электрондық әмиянындағы" жеке шоты арқылы ала алады. Ағымдағы жылдың 6 мамырында Төтенше жағдай кезінде табыстан айырылуға байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі - МӘСҚ) төлем тағайындау қағидаларына (бұдан әрі - Қағидалар) тиісті өзгерістер енгізілді", - делінген министрліктің хабарламасында. Ұялы байланыс операторының электрондық әмиянының" шотына әлеуметтік төлем алу үшін SMS-хабарлама арқылы өзінің келісімін растауы қажет дейді. "Азаматтан жауап алғаннан кейін оператор алушының жеке сәйкестендіру нөмірін (бұдан әрі – ЖСН) тексеріп, ұялы телефонының жеке шотына ақшаны жібереді. Оны Халық банкінің банкоматтары немесе Қазпошта бөлімшелері арқылы алуға болады. Арнайы мобильді электрондық әмиян қосымшасының көмегімен 2000-ға жуық қызметтің ақысын төлеуге болады. Механизм пилоттық тәртіпте жүзеге асырылды. Бұл нұсқа Қытайда, Үндістанда, бірқатар Еуропа және Азия елдерінде сәтті қолданылуда", - дейді ведомстводағылар.