Түркістан облысында COVID-19 инфекциясын ерте анықтау мақсатында үшінші вирусологиялық зертхана ашылды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, COVID-19 инфекциясын ерте анықтау мақсатында ашылған соңғы үлгідегі аппараттармен жабдықталған вирусологиялық зертхана «Облыстық фтизиопульмонология орталығында» іске қосылып отыр.
«Германияда өндірілген Xpert, БАК-ТЕК, БИОНЕР, Хайн-тест аппараттарының мүмкіндіктерін пайдалана отырып коронавирус індетін анықтауға болады. Зертханаға өңірдегі ауруханалардан алынған сынамалар жолданады. Сонымен қатар ауруханаға түскен науқастар да бірден коронавирус инфекциясына тексеруден өткізілуде. Зертхана мамандары бұл әдісті жақсы меңгеріп, халыққа көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттыруға өз үлестерін қосуда» дейді баспасөз қызметіндегілер.
Тельман БЕЙСЕНОВ.