Шараның тізгінін ұстаған модератор, Қазақстандағы балама энергетика қауымдастығының директоры Арман Қашқынбеков қатысушылардан сайлауалды науқан жөніндегі пікірлерін сұрады.
Саясаттанушы Талғат Қалиев халықтың шамамен 95 пайызы кандидаттардың сайлауалды бағдарламасын білмейтінін айтты. «Бізде қоғам сайлауалды бағдарламаға емес, адамға қарап дауыс береді. Біз ұзақ уақыт бәрі Назарбаевқа дауыс берген қоғамда тұрып келдік. Назарбаевты халық жақсы білетін. Сондықтан адамдар оның бағдарламасына емес, өзіне қарап, таңдау жасаған. Қазір де көпшілік кандидаттардың қандай мәселелерге назар аударып, бағдарламаларында қандай уәде беріп жатқанынан хабарсыз», – дейді ол.
Eurasia Blockchain Fintech Group Limited компаниясының директоры Тілектес Адамбеков Украинада өткен сайлау кезінде Владимир Зеленскийдің бүкіл әкімшілік ресурстарды қолына жиған Петр Порошенконы жеңуі қазақстандық кандидаттарға сабақ болуы керек еді деп есептейді. Оның пікірінше, үгіт-насихат материалдары өте нашар дайындалған, ал кандидаттардың сайлауалды науқанға жұмсаған бюджеттерінің әртүрлі болуы жұмыс сапасына әсер еткен болуы мүмкін.
Мүмкіндігі шектеулі жандар мәселесін көтеріп жүрген белсенді Алмаз Рашитханұлы сөзін «Бұл – сын емес, менің жеке пікірім» деп бастады.
– Кандидаттардың сайлауалды бағдарламасындағы ұсыныстарды қарағанда, көңілім толған жоқ. Бірде-бір кандидаттың инклюзивті қоғам мәселесін көтергенін көрмедім. АҚШ-та төрт рет президент болған Рузвельт арбада отырғанын, соған қарамастан елін экономикалық дағдарыстан алып шыққанын білеміз. Ол сайлауалды бағдарламасында инклюзивті қоғам мәселесін шешетінін мәлімдеп, Вьетнамнан оралған әскерилерге басқалармен тең дәрежеде қызмет көрсетілуін қамтамасыз етті. Біздің қоғамда мүгедек жандарға қатысты дискриминация көп. Тіпті, парламенттің өзінде бірде-бір мүмкіндігі шектеулі депутат жоқ. Барлық бағдарлама «тұрақтылық, жақсылық болады» деген мәтінде. Бейбітшілік пен даму болғанын біз де қолдаймыз. Бірақ қазақта «Ауруын жасырған өледі» деген сөз бар. Сондықтан аталған мәселелерге де назар аудару керек, – дейді ол.
Жиынды жүргізіп отырған Арман Қашқынбаев Алмаз Рашитханұлының пікіріне қосылып, Қазақстанда ресми дерек бойынша 660 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам бар екенін айтты. «Миллионға жуық адам немесе бір қала халқына тең қоғамға да ерекше көңіл аударған дұрыс» деді Арман Қашқынбаев.
Қаржыгер Дәурен Баймағамбетов сайлауалды бағдарламада барлық мәселенің қамтылмауын үгіт-насихат жұмыстарына небәрі бір ай уақыт берілуімен байланыстырады. «АҚШ-та сайлауалды науқаны мүлде аяқталмайды. Бір сайлау аяқталғанда, екіншісі басталады. Ал бізде барлығына бір ай уақыт берілді. Мұндай аз уақытта халық аз танитын кандидаттар өздері туралы толық ақпарат беріп те, адамдар саналы таңдау жасап та үлгермейді», – деді ол.
Жиын барысында азаматтардың сайлауға қатысу мәдениетін қалыптастыру үшін мемлекетке өткізетін салықты бірден жалақыдан ұстамай, азаматтың өзі жеке тапсыратын ету керек деген ұсыныс та айтылды. Идея «сонда халық «менің ақшам қайда кетіп жатыр?» деп, саяси процестерге қызығушылығы оянады» деп түсіндірілді.