Пітір садақаны мешітке беру міндетті ме?
Пітір садақаны мешітке беру міндетті ме?
5,139
оқылды
Күні кеше ғана сайтымызда Алматы облысының Талғар ауданына қарасты Еламан ауылының орта мектебінде ұстаздар қауымы пітір садақаны мектепте жинап, кейіннен көмекке мұтаж отбасыларға азық-түлік алуға жұмсап жатқандарын жазған болатынбыз. Аталған материалдан кейін, көпшіліктің пікірі екіге бөлінді. Біреулер пітір садақаны мешітке беру керек десе, енді біреулер ол әркімнің өз еркі дейді. Әркімнің өз бетінше садақа жинауына болмайды Осыған орай Azattyq Ruhy тілшісі Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының «Шариғат және пәтуа» бөлімі меңгерушісінің орынбасары – Хасан Аманқұл ұстазға хабарласып, пітір садақаны мешіттен басқа жерге беруге болады ма, оны кімдерге берген дұрыс деген сұрақтардың жауабын білді. Хасан Аманқұлұлының айтуынша, пітір садақаны мешіт сынды діни мекемелерге өткізу міндеттелмеген.
«Пітір садақаны тек мешітке беру керек деген заң жоқ. Ең бастысы оның шын мұқтаждарға жетуінде. Шариғат жағынан алғанда, мешіт қызметкері қазіргі таңда зекет жинауға тағайындалған тұлғаның қызметін атқарады. Бұрынғы кезде ондай адамдарды патша арнайы тағайындайтын болған. Мешіт қызметкерлері зекет, пітір садақа істері бойынша алдымен Алланың алдында, сосын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы алдында жауап береді. Әркім өз бетінше садақа жинап кете беруіне болмайды», - дейді дін өкілі.
Садақа ақшасының шектеулі бөлігі ғана мешітке жұмсалуы тиіс Имам-молдалар түскен пітір садақаның бір бөлігін сол жердегі жағдайы төмен отбасыларға, пақыр адамдарға үлестіруі тиіс дейді Хасан Аманқұл. Ал, тағы бір бөлігі мешіттің отын-суы секілді ең қажетті шығындарына және дін жолына жұмсалуы керек. Садақаға түскен қаражаттың Алла үйінің пайдасына жұмсалуының өзі шектеулі. Мәселен, мешіт құрылысы, жол салу секілді істерге пітір садақадан түскен ақшаны жұмсауға болмайды екен.
«Жоғарыда мектеп ұстаздары пітір садақаны өз беттерінше жинап жатқанын айттыңыз. Мұнда, ең бастысы, жиналған қаражаттың мектептегі мұқтаж (мұғалім, жұмысшы, оқушы) отбасыларға берілуінде. Мектепке берген пітір садақа басқа бір шаруа жұмыстарына жұмсалып, мекеменің шығындарына жұмсалып немесе жағдайы бар жандарға берілсе, онда ол пітір-садақа қабыл болмайды. Сол себепті, оны жұмсауда мұқият болған жөн», - дейді пәтуа бөлімінің маманы.
Пітір садақаны кімдерге берген дұрыс? Діні маманы «Пітір – оразаның қате-кемшіліктерін толтыратын, Құдайға шүкіршілік ету үшін рамазан айында берілетін және кедейлерді қуантатын садақа» дейді.
«Бүкіл ел қуанып, тойлайтын мейрам күнінде пітір садақалары арқылы қажетті нәрселерін алып, кедейлер де жұрт қатарлы қуанып шаттанады. Хадистердің бірінде: «Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ораза ұстаған адамды ұнамсыз сөздер мен жағымсыз іс-әрекеттерден тазарту әрі кедейлерді тамақтандыру үшін пітір садақаны міндеттеді. Кім оны (айт) намаздан алдын берсе, ол пітір болып қабылданады, ал намаздан кейін берсе, жай садақа болып есептеледі», – делінген (Әбу Дәуіт).
Ханафи мәзһабы бойынша мұсылман адамның өзі және жанұясы үшін пітір садақа беруі – уәжіп. Қайтыс болған адамдарға, ана құрсағындағы бала үшін пітір садақа берілмейді. Пітір садақаны өзінің қажеттілігін қоспағанда мал-мүлкі, дүниесі күміс нисабына (595 гр) жеткен адам беруі керек. Бүгінде күміс нисабы шамамен 127 мың теңге деп бекітілді, яғни осы сомаға ие адам пітір садақа беруі тиіс дегені. Тұрмысы нашар, яғни артық мал-мүлкі нисаб мөлшеріне жетпеген кісі пітір садақа беруге міндетті емес, сауап үшін беріп жатса өз еркі. Алайда, ол адам садақаны өзінен де жағдайы төмен адамға бергені дұрыс.
Пітір садақа Құранда айтылғандай, жағдайы жоқ жандарға, дымы жоқ міскінге, зекет жинауға тағайындалған белгілі адамдарға, қарызға батқандарға, Алла жолында қызмет етіп жүрген азаматтарға, ақшасы бітіп, жолда қалған жолаушыларға беріледі. Пітір садақаны алдымен бауырларына, туыстарына, ағайындарына, көршілеріне берген абзал. Әке-шешесіне, ата-әжесіне, әйеліне, өзінің ұл-қыздарына, олардан туған немерелеріне садақа берілмейді. Өйткені, ер адам оларды садақамен емес, нәпақамен қамтамасыз етуі міндет. Одан артылып жатса немесе беретін жері болмаса, мешітке апарып берсе де болады. Бұл үрдіс бізде бұрыннан қалыптасқан», - деп жауап берді Хасан Аманқұл.
2020 жылғы пітір садақа құны қанша? ҚМБД-ның төралқа мәжілісінің шешімімен, биыл бір адамға берілетін пітір садақа мөлшері 370 теңге деп бекітілді. Пітір садақаның құны 2 келі ұнның республика бойынша нарықтық орташа бағасымен шығарылды. Материалдық жағдайы бар азаматтар пітір садақаны мейіз немесе құрманың құнымен берсе болады. Өз қажеттілігін қоспағанда, мал-мүлкі, дүниесі, күміс-нисабына жеткен, яғни, 127 мың теңгесі бар адам өзі және жанұясы үшін пітір садақа беруі міндет. Мобильді қосымшада онлайн жүйе арқылы садақа беруге болады. Рамазан айында берілетін зекетті «Каспий банк», «Халық банкі» және «Qiwi» мобильді қосымшалар арқылы аударуға болады. Мобильді қосымшаларға әр облыс пен  республикалық маңызы бар қалалардағы Орталық мешіттердің есепшоттары енгізілді. Әр азамат өз өңіріндегі мешіттің есепшотын пітір садақасы мен зекетін үйден шықпай, онлайн-режимде аудара алады.