Әлеуметтік желіде Жандарбек Бекшиннің қызметінен алынуы орыс тілін дұрыс білмеуінен болды. Қазақ тілін орыс тіліне жығып бердік деген пікір айтыла бастады. Бұл туралы Ертай Нүсіпжанов есімді блогер желіде жазды. "Жандарбек Бекшин орысшасынан сүрініп еді, жұрт жамырап күлді. Мазақ етті. Ақыры қызметінен құлап тынды. Қызмет жолын қарасаңыз, бар еңбегін санитарлық салаға арнаған кісі. Өте білікті, таптырмас маман. Қазіргі Бас санитарлық дәрігерге қарағанда медицина ғылымының кандидаты деген дәрежесі бар, ғылыммен айналысқан адам. Әрі еңбек өтілі Есмағамбетовадан кемінде он жылға артық. Сонда бұл кісінің бар кінәсі орысшадан қателескені ме? Өзінің ана тілінде екі сөздің басын құрай алмай былжырап тұратындардың қасында Бекшиннің орысшадан шатасуы кешірілмейтіндей қандай "күнә" екен сонда? Орысша білу қай заңда міндеттелген? Неге біз өз-өзімізді орға жыға береміз? . Есмағамбетованың қызметке тағайындалғалы бері халық алдына шығып қазақша бір ауыз сөйлегенін немесе сол бір айда өз саласында қандай да бір есеп бергенін көргендеріңіз бар ма? Керісінше, қашан көрсең Ж.Бекшин талдау жасап жатады. . Өз басым бұл ауыс-түйістен ешқандай да оң шешім көріп тұрған жоқпын. Керісінше, әлі сол қазақ тілін кемсіту. Орыс тілінің үстемдік етіп тұрғанын байқатты. Былайша айтқанда, қазақ тілін орыс тілініне жығып бердік. Болды. Әйтпесе, қазақша білмегені үшін қай шенеунік жазаланып еді? Қазақша бір сөзі түсініксіз Гүлжан Қарағұсова да жүр жайраңдап... . Қазақ тілінің мәртебесін қағаз жүзінде ғана қорғап жүрген кейіп танытып, ал іс жүзінде орыс тілінің дәурені жүріп тұрғанын, өкінішке орай ешқайсысымыз да ұғып жүрген жоқпыз, - деп жазды ол Facebook-тегі парақшасында.