Бүгінде әлем әдеттегіден тыс, ерекше күй кешуде. Кинотеатрлар жабылып, фильм түсіру жұмыстары тоқтап қалды. Дүние жүзінің ең ірі кинофестивальдері өтпейтін болды. Мұның екінші жағы бар: жұмыстың көбі ғаламтор кеңістігіне ауыстырылып, елдердің арасындағы шекаралар шын мәнінде жойылуда. Киноға қатысты ірі іс-шаралар онлайн тәртібіне көшірілді және оларға кез келген жерден, кез келген адам қатыса алады. Қазақстандық кинематографистер үшін бірлескен өнім шығаратын әріптестер тауып, онлайн келіссөздер жүргізу мүмкіндігі туды. Маусымның 8-і Мәскеуде Key Buyers Event халықаралық аудиовизуалды контент онлайн нарығы басталады. Бұл іс-шара екінші рет өткізіледі. Былтырғы жылдың қазан айында Мәскеуде Еуропа, Латын Америкасы және Азияның 60-тан астам елі мен АҚШ-та дистрибуцияны жүзеге асыратын телеарналар мен цифрлық платформалардың өкілдері жиналған болатын. Ол кезде көрсетілген фильмдер, телехикаялар және анимациялық жобалардың жалпы саны 119 болған. Биыл продюсерлер мен сатып алушылар 150-ден астам сағаттық контентті көре алады деп жоспарлануда, оның ішінде дайын фильмдер мен хикаялар және әлі өндіріліп жатқан жобалар бар. Аталмыш алаңда компаниялар мен жобалардың таныстырылымдарын, скринингтер (соның ішінде live режимінде), бірлескен өнімдер бойынша питчинг және онлайн келіссөздер жүргізу жоспарланып отыр. Ресей және халықаралық кино индустрияның ең ірі ойыншылары бұл нарыққа қатысуға бірден қызығушылық білдірді. Key Buyers Event форумына Қазақстанның кино өндірісі атынан Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы қатысады. Кино орталығының өкілдері іс-шара қатысушыларына Кино орталығын таныстырып, еліміздегі кинематографияның даму келешегі жайлы әңгімелеп береді. «Қазақстан Ресейдің бұрыннан келе жатқан стратегиялық әріптесі. Енді біз Қазақстанның Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығымен өзара әрекеттестік жүргізуіміздің арқасында кино өндірісі саласында да ынтымақтастық түзе аламыз. Бірлескен өнім – басты бағыттардың бірі, әрбір елде, яғни Ресейде де, Қазақстанда да шетелдік продюсерлер үшін рибейттер енгізілді, жаңа жобалар әзірленіп, елдеріміздің керемет жерлері ұсынылып отыр. Әлемдік кино өндірісі жақын арада кино түсіруді бірте-бірте қайта бастайды, сондықтан Key Buyers Event форумында біз жуырдағы екі жылда халықаралық жобаларды талқылап, іске қосуға дайындап жатырмыз. Бұл жұмысқа қазақстандық кинематографистер де қатысады. Осы форум біздің қазақстандық әріптестерімізбен кино және теледидар саласында жемісті жұмыс жүргізуіміздің бастамасы болады деген үміттеміз», – деп атап өтті «Роскино» бас директоры Евгения Маркова. Key Buyers Event форумы аясында қазақстандық және ресейлік продюсерлердің қатысуымен екі елдің бірлескен өнімдер шығаруы және жалпы ынтымақтастық түзуі мәселелері талқыланатын арнайы Zoom-сессия өткізіледі. Ол сессияда қазақстандық продюсерлердің Ресеймен және әлемнің басқа да елдерімен бірлесіп шығаруды көздеп отырған жобаларының таныстырылымын өткізу жоспарлануда. Жобаларды іріктеу байқау негізінде жүргізіледі. Қазақстандық сатып алушылар өз кезегінде Ресей кинематографиясының контентін қарап, сатып алатын өнімдерін іріктеп алу мүмкіндігіне ие болады. Егер сіздің (Ресеймен немесе әлемнің басқа елімен әріптестікте шығаруды көздеп отырған) меншікті жобаңыз бар болса, сіз оны Key Buyers Event форумы аясында бірлескен өнімдер сессиясында алдыңғы қатарлы ресейлік продюсерлерге көрсете аласыз. Іріктеу байқау негізінде жүргізіледі. Ол үшін мамырдың 14-нен 22-не дейінгі кезеңде өтінім беруге тиіссіз. Егер сізде жоба болмаса, сіз халықаралық онлайн нарықтың жұмысына тек жай ғана тыңдаушы ретінде қатыса аласыз. Ол үшін стандартты тіркеуден өткеніңіз жеткілікті.