Қаржы мониторингі комитеті кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен келген қаржыны жылыстату және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңның негізгі тұстарын түсіндіріп берді. ҚР Президенті бүгін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды . Заңды ҚР Қаржы министрлігі Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң жобалау жұмыстарының жоспарын іске асыру шеңберінде мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп әзірлеген. Құжатты қабылдаудың мақсаты - қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы заңнаманы Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобының (ФАТФ) халықаралық стандарттарына сәйкес келтіру; террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын жетілдіру», делінген хабарламада. Заңның негізгі бағыттары - бірінші клиентті тиісінше тексеру, ішкі бақылау жүргізу және күдікті операция туралы хабарлама жіберу сияқты қаржы мониторингі рәсімдеріне өзгерістер енгізілді. Екінші, Қаржы мониторингі комитетіне реттеуші мемлекеттік органы жоқ қаржы мониторингі субъектілеріне (қаржы мониторингінің 5 субъектісі: 1) тәуелсіз заң консультанттары; 2) лицензиясыз лизинг берушілер; 3) бухгалтерлік ұйымдар; 4) риэлторлар; 5) бағалы металдарды, тастарды және зергерлік бұйымдарды өткізушілер) қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар жасау бойынша өкілеттіктер берілді. Үшінші, Қаржы мониторингі комитетінің қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы, оның ішінде қылмыстық активтерді іздестіру және қайтару бойынша халықаралық өзара іс-қимыл рәсімдері регламенттелді. Төртінші, халықаралық стандарттарды іске асыру үшін заңға коммерциялық емес секторды терроризмді қаржыландыру мақсатында пайдаланудан қорғауға байланысты новеллалар енгізілді (талаптар ерікті қаржылық және басқа да қайырмалдықтарға жүгінетін қайырымдылық ұйымдары мен діни бірлестіктерге қолданылады). Бесінші, ұлттық заңнамаға БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарларына сәйкес терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қатысты мақсатты қаржы санкцияларының тетіктері имплементацияланды. Алтыншы, заңда салалық тәсіл арқылы террористік тұрғыдан осал объектілердің (УТО) терроризмге қарсы қорғалуының тиімділігін арттыруға бағытталған түзетулер көзделді. Комитеттің мәлімдеуінше, заң нормалары алдын-алу сипатына ие және ұлттық қаржы жүйесінің қауіпсіздігін арттыруға, кәсіпкерлік субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдарды ақшаны жылыстату мен терроризмді қаржыландыру мақсатында пайдаланудан қорғауға бағытталды.