Солтүстік Қазақстанда 40 кг балықты заңсыз аулаған тұрғын ұсталды
Солтүстік Қазақстанда 40 кг балықты заңсыз аулаған тұрғын ұсталды
© Сурет ғаламтордан
Солтүстік Қазақстан облысында балық аулаудың тәртібін бұзу бойынша 140 дерек тіркелді СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңір тұрғыны Есіл ауданы Үлкен Тораңғыл көлінде балық аулаған. Жағалауға шыққан одан табиғатты қорғаушылар ауды, бірнеше келі мөңке мен шортан балығын алды. Ер адамда өзімен бірге балық аулауға рұқсат беретін құжаттары болмаған. Енді балықшы 55 мың теңгеге дейін айыппұл төлеуі мүмкін.
«20 мамырға дейін Есіл өзенінде, оның салаларында, Сергеев су қоймасында балық аулауға тыйым салынған. Бұл – осы уақытта шортанның уылдырық шашуына байланысты. Басқа су қоймаларында балық аулауға болады. Алайда көлді жалға алушылардан рұқсат алу қажет», - дейді СҚО ПД табиғатты қорғау тобының аға инспекторы Асқат Қожабаев.
Шал ақын ауданының 26 жастағы тұрғыны да айыппұл төлеуі мүмкін. Кіші Тораңғұл көлінде балық аулау талаптарын орындамаған ер адамға әкімшілік материал жиналып жатыр. Одан ау, балық аулайтын керек-жарақ, 40 келі балық, қайық тәркіленді.
«Балық аулау – көпшілік үшін демалыс. Сол себепті екінің бірі заңның сақталуына мән бермейді. Балық аулау тәртібін бұзғандарға, балық және басқа да су жәндіктеріне зиян келтіргендерге әкімшілік жаза барлығын еске саламыз. Айыппұл төлейді, сондай-ақ соттың шешімімен балық аулауға арналған заттары тәркіленуі мүмкін», - дейді Асқат Қожабаев.
Жалпы облыста жыл басынан балық аулау тәртібін бұзудың 140 дерегі тіркелген.