Түркістан облысының Төлеби ауданы тұрғындарын тағы да табиғаттың тосын мінезі әбігерге түсірді. 13 мамыр күні түстен кейіннен бастап жауған нөсер жауын аудандағы бірқатар ауылға қауіп төндірді. Нөсер жауын Қасқасу ауылындағы көпірді шайып кетті. Сонымен қатар Ленгір қаласындағы орталық көшелерде су толды. Ең күрделісі, Киелітас ауыл округіне қарасты Сұлтанрабат ауылының Сауран көшесімен судың ағып өтуі күрделі жағдайды қалыптастырып, бірнеше үйдің ауласына, үйінің ішіне су кірген. Төлеби ауданының әкімдігі нөсер жауын орын алған сәттен бастап оқиға орнында болып, төтенше жағдай орын алған аймақтарды ретке келтіру шараларын ұйымдастырып жатыр. Бүгінгі таңда облыстық және аудандық төтенше жағдай қызметкерлерінің жұмылдырылуымен зардап шеккен тұрғындар Ленгір қаласындағы №8 колледж ғимаратына эвакуациялануда. [caption id="attachment_43450" align="alignnone" > © Куәгерлер түсірген сурет[/caption] Таулы аудандағы бұл төтенше оқиға көрші жатқан Шымкент қаласының Тоғыс елді мекенімен қоса Елтай ауылына да жетті. Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша салдарынан 60 тұрғын үйдің ауласын су басып, 3 шаруашылық нысан құлаған. Қазіргі таңда төтенше жағдай департаменті күштерімен су сору жұмыстары жүргізіліп, жергілікті атқарушы орган қызметкерлері арықтарды тазартуға атсалысып жатыр. 60 тұрғын үйдің 150-ге жуық тұрғыны туысқандарының үйіне көшірілсе, 150 тұрғын Тоғыс елді мекенінде орналасқан №120, №119 орта мектептеріне эвакуацияланып жатыр. https://www.youtube.com/watch?v=ZeMG5zgREfM Тұрғын үй аулаларындағы судың деңгейі 20-50 см-ді құраса, судың келу деңгейі 3-5 м.кубты құрауда. https://www.youtube.com/watch?v=FFheu4Uae18 Шымкентте аталған аумақтағы төтенше жағдай салдарын жою үшін жедел штаб құрылды. [caption id="attachment_43452" align="alignnone" > © Куәгерлер түсірген сурет[/caption]
Н. Назарбек.