Ұжым мүшелеріне кандидат А.Таспиховтың сайлауалды тұғырнамасын таныстырып, еңбек қоғамы мен еңбек адамы үшін өзектілігіне тоқталды.
Ұжымдық шарт қана жұмысшыны қорғай алады. Алайда жұмыс берушілердің көбі ұжымдық шарт жасап, өзіне міндеттеме алудан қашқақтайды. Бұл туралы А.Таспиховтың бағдарламасында айтылған. Білім қызметкерлерінің Кәсіподақтар үйінде өткен жиынында үміткердің сенімді өкілдері сайлаушыларды А.Таспиховтың сайлауалды бағдарламасымен таныстырып, сауалдарға жауап берді.
– Қазақстан президентіне үміткер Аманкелді Таспиховтың сайлауалды тұғырнамасының өзегі – осы ұжымдық шарт. Ұжымдық келісім-шартта жұмысшыларға әлеуметтік қолдау көрсету, еңбекақы жүйесін ынталандыру, еңбек жағдайын жақсарту бойынша қосымша іс-шараларды қарастыруға болады. Қазір елімізде жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың 41 пайызында ғана ұжымдық шарт жасалған. Біздің кандидат өз бағдарламасында меншік түріне қарамастан барлық кәсіпорын мен ұйымдарда міндетті түрде заң аясында ұжымдық шарт жасалуына қол жеткіземіз деген ниетте, – деді Ерұлан Мағзымбеков.
Кандидаттың сенімді өкілдері БҚО білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының мүшелерімен кездесті. Кандидаттың сенімді өкілі М.Даупаев еңбек адамының мүддесі мен құқығын қорғау кәсіподақтың басты міндеті болса, кандидаттың сайлауалды тұғырнамасы да осы мақсатқа негізделгенін жеткізді.
Айдана БЕГІМ