Президенттікке үміткер Жамбыл Ахметбековтің сенім білдірген тұлғалары қалалық Ардагерлер кеңесімен кездесті. Кездесу кезінде партияның жаңа мүшелеріне партиялық билеттер табысталып, шахмат турнирі ұйымдастырылды.
Нұр-Сұлтан қаласы сайлауалды штабының жетекшісі Н.Оразханов пен партияның құрметті ардагері Н.Батюта кездесуден кейін партияның жаңа мүшелеріне салтанатты түрде партиялық билеттер тапсырды. Н.Оразхановтың пікірінше, партияның жаңа мүшелері үшін өмірдің ерекше кезеңі басталады. Оларға партияның үндейтін идеялары мен құндылықтарын ілгерілендіруді жалғастыру міндеті жүктеледі.
Билет табыстау рәсімінен кейін шахмат турнирі өтті. Турнирде қалалық комитеттің жас белсенділері қала ардагерлерімен сайысты.
Нұр-Сұлтан қаласындағы сайлауалды штаб «ҚКХП саламатты өмір салтын қолдайды» флешмобын ұйымдастырды. Жастар сарайының жанында Ж.Ахметбековтің өкілдері мен партия белсенділері жиналды. Н.Оразханов қатысушылар алдында сөз сөйлеп, Қазақстан болашағы алдындағы азаматтар мен мемлекеттің ортақ жауапкершілігі туралы тілге тиек етті. Үміткердің жұмыс сапары мен сайлаушылармен өңірлердегі кездесулері туралы айтты.
Оның айтуынша, қатардағы азаматтар партияның жұмысына, оның идеялары мен ұстанымдарына қызығушылық танытып жатыр. «Қазақстан Коммунистік Халық партиясы қарапайым халық мүддесін қорғауға басымдық беретінін мәлімдеді. Халық коммунистері интернационализмнің, еуразияшылдық идеяның және XXI ғасырдағы ұлттың ерекше жолының жақтаушысы», – деді ол.
Бұдан кейін партия нышандары бейнеленген киім киген жастар кеңес жылдарындағы әуенмен жаттығулар жасады.
Айдана БЕГІМ