Birgemiz қоры Мырзакентте 20 үй тұрғызу үшін 340 миллион теңге бөлді – Бауыржан Байбек
Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек топан судан зардап шеккен Мақтаарал өңіріне арнайы барды.
Аймақтағы ахуал туралы Бауыржан Байбек Facebook-тағы парақшасында: «Елбасы, партиямыздың лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Түркістан облысының Мақтаарал ауданына арнайы келіп, апат ауқымын өз көзіммен көріп шықтым. Жүргізіліп жатқан қайта қалпына келтіру жұмыстарымен таныстым. Көршілес Өзбекстандағы су бөгетінің жарылуы салдарынан су астында қалған Достық, Жеңіс, Фирдоуси, Жаңатұрмыс және Өргебас ауылдарының тұрғындарымен кездестім. Төтенше жағдайдың кесірінен мыңнан астам үй бұзылып, 8 мың гектар егіс алқабын су басқан.
«Апат айтып келмейді» дейді халқымыз. Мақтаарал жұртының басына түскен қиындық елге ортақ. Ең бастысы, бас аман болсын.
Қазір мемлекет тарапынан барлық қажетті көмек көрсетіліп, су тасқыны салдарын жою жұмыстары жүргізілуде. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап көрсеткендей, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар толықтай қайта жөндеуден өткен немесе жаңа салынған үйлермен қамтамасыз етіледі. Су басқан аймақтағы әрбір адам республика бюджетінен 100 мың теңгеден ақша алады. Әлеуметтік нысандарды, инженерлік желілер мен жолдарды қалпына келтіруге 14 миллиард теңгеден аса қаражат бөлінді.
Мемлекет басшысының үндеуіне қолдау білдірген қазақстандық кәсіпкерлер де 5 млрд. теңгеден астам қаражат аударды. Бұл ортақ іске Nur Otan партиясы да қызу атсалысуда. Нұротандықтар Мақтааралдағы халыққа қазірдің өзінде 920 тоннадан астам гуманитарлық көмек жіберді, оның ішінде азық-түлік, гигиеналық құралдар, киім-кешек, төсек-орын мен құрылыс жабдықтары бар.
https://www.youtube.com/watch?v=uePopuLcBtM
Елбасының бастамасы бойынша Тұңғыш Президент қоры мен Nur Otan партиясы құрған Birgemiz қоры да қосымша көмек көрсетеді. Осыған орай Қордың қамқоршылық кеңесі Мырзакент елді мекеніне 20 үй тұрғызу үшін 340 млн теңге бөлу туралы шешім қабылдады. Осылайша Достық ауылы тұрғындарының баспана мәселесі толықтай шешілетін болады. Облыс әкімі Ө.Шөкеевпен бірге бөлінген жерді қарап, тұрғындармен және құрылысшылармен кездестім. Бұл жерде саман үйлердің орнына газоблоктан 100 шаршы метрді құрайтын 4 бөлмелі үйлер салынады. Жұмыс сапасы авторлық және техникалық бақылау саласындағы мамандардың қатысуымен, ерекше партиялық бақылауда болады.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, бірлесіп тірлік қылсақ, шешілмейтін мәселе қалмайды.
Сонымен бірге сапар барысында жедел штаб отырысын өткіздік. Мұнда бірқатар өзекті мәселелерді, оның ішінде инфрақұрылымдарды сапалы түрде қалпына келтіру, ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне қолдау көрсету және тағы басқа жәйттерді талқыладық.
Атакент ауылында волонтерлармен кездестім. Өткен жылы 700-ден астам жасотандық бірнеше ай бойы Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстарына белсене атсалысқан болатын. Бүгінде Nur Otan партиясы жастар қанатының мүшелері мен белсенділері мақтааралдықтарға көмектесіп жатыр.
Волонтерлік – Батыста пайда болған қозғалыс және бізге ешқандай қатысы жоқ деген пікірді естіп жүрміз. Бірақ бұл бізге жат емес. Асар дәстүрі қазақтың қанында бар. Осы игі дәстүрді біздің жастарымыз жақсы жалғастырып отыр.
Бұл жастарға осындай қиын кезеңде елмен бірге болып, өз еріктерімен жанкешті еңбек етіп жүргендері үшін алғыс айттым. Олар өздерінің нақты істерімен отаншылдықтың, ұйымшылдық пен адамгершіліктің үлгісін көрсетіп жүр. Міне, дәл осындай жауапкершілігі мол жаңа буынның өкілдері алдағы Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат сайлауларында Nur Otan партиясының тізімінде болуы керек. Еліміздің болашағы – осындай жастар!», – деп жазды.