Штабтағы жүздесу
Штабтағы жүздесу
148
оқылды

Штаб мүшелері өздерін толғандырған сауалдарын қойып, өңірлік жұмыс жөнінде баяндады.

Үміткер Әміржан Қосановтың республика­лық сайлауалды штабының мүшелері елорда іргесіндегі Қоянды ауылына келіп, жергілікті тұрғындармен кездесті. Басқосуды респуб­ликалық штаб жетекшісі Дәурен Бабамұратов жүргізді. Штаб өкілдері халықпен кездесуде үміткердің сайлауалды тұғырнамасындағы негізгі бағыттарын айқындап, кандидат тұр­ғын­дарды толғандырған сұрақтарға жауап берді.

Ал Өскемен қаласында кандидаттың облыстық сайлауалды штабы саясаттанушы Дос Көшім мен сайлаушылардың кездесуін ұйымдастырды. Белгілі саясаттанушы бүкіл республика бойынша сайлаудағы байқаушылар үшін семинарлар өткізуді жалғастырып жа­тыр. Бұл жолы тренинг өскемендік тыңдау­шы­ларына арналды.

Кандидаттың республикалық штабына түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі, Ислам ынтымақтастығы ұйымы және түркітілдес мемлекеттердің парламенттік ассамблеясы делегациялары келді.

Қазақстан президентінің кезектен тыс сайлауын бақылау миссиясы аясында ұйым өкілдері штаб жұмысымен танысты. Кездесуде кандидат Ә.Қосанов өзінің сайлауалды плат­формасындағы негізгі бағыттар, өңірлердегі жұмыс пен өз жоспары туралы айтып берді.


Айдана БЕГІМ