Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 1-ші департаментінің аға тергеушісі Данияр Бекайдаровтың хабарлауынша, 20 млн теңге жымқырды деген күдікпен Нұр-Сұлтан қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы мен тағы бірнеше адамның үстінен қылмыстық іс қозғалды. «Агенттікке қарасты елордалық департамент Нұр-Сұлтан қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы мен өзге де адамдарға қатысты тергеу амалдарын бастады. Олар «Нұр-Сұлтан қаласының жер учаскесін ревизиялау» жобасына бөлінген 20 млн теңге соманы жымқырды деген күдікке ілінді», – деді Данияр Бекайдаров. Құрылысқа қатысты жемқорлық фактісі елордамен бірге Қостанай облысында да тіркелген. Данияр Бекайдаровтың айтуынша, Қостанай қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімінің басшысы да сотқа дейінгі тергеу амалдарынан өтіп жатыр. Ол «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында аз қамтылған отбасыларға арналған пәтерлерді сатып алуға қатысты мемлекеттік сатып алу келісімінің кедергісіз ресімделуі үшін Жылжымайтын мүлік агенттігі риэлторынан 800 мың теңге пара алды деген күдікке ілініп отыр.