Қостанай облысының полиция департаменті күзет агенттігі қызметкерінің қатысуымен болған видео туралы ресми ақпарат таратты. Әлеуметтік желілерде «Арыстан» күзет агенттігі қызметкерінің қызды шашынан сүйреп, көлікке мінгізіп жатқан видеосы тарады. Қостанай облысы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Ирина Беженарьдің айтуынша, оқиға кеше сағат 16.50-де болған. «Пульттік күзетті Абай-Быковский даңғылында орналасқан жанармай құю станциясының операторлары шақырды. Оқиға орнына «Арыстан» жедел әрекет ету тобы жетті. Олар қыздың жанармай құю бекеті әйнектеріне тас лақтырып, асфальт төсеуші жұмысшыларды ұрғанын анықтады. Қызды ұстау кезінде күзетшілер жарақат алған. Күзет қызметкерлері күдіктіні полицияның «Оңтүстік» бөліміне жеткізді. Оның 1988 жылы туған ер адам екені анықталды. Ол Нұр-Сұлтан қаласынан келген», - деді Ирина Беженарь. Сондай-ақ, полиция видеодағы күзетшінің іс-әрекетіне байланысты ҚР ҚК 252-бабы, 1-бөлімі («Жеке күзет қызметі қызметкерлерінің өкілеттіктерін асыра пайдалануы») бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. «Ал күдіктінің әрекетіне алғашқы материал жиналғаннан кейін бір тәулікте баға беріледі», - деп атап өтті полицияның баспасөз хатшысы. https://www.instagram.com/p/CAKKKqWJcKT/