Дене шынықтыру мұғалімдеріне қосымша ақы төленеді – министр
Дене шынықтыру мұғалімдеріне қосымша ақы төленеді – министр
© Egemen.kz
227
оқылды
Қазақстан мектептеріндегі дене шынықтыру пәні мұғалімдеріне жалақысынан бөлек қосымша ақы төленеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мәлімдеді. Оның айтуынша, халықты дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылдануға тарту деңгейін 35%-ға дейін арттыру мақсатында кешенді жоспар дайын. Құжат 34 тармақ пен 5 негізгі бағыттан тұрады. Қазақстан Республикасының 8 заңнамалық актісіне 33 түзету енгізе отырып, бұқаралық спорт жөніндегі заң жобасын енгізу қаралған.
«Қазіргі уақытта Заң жобасы ҚР Парламенті Мәжілісіне енгізілді. Заң жобасына дене шынықтыру мұғалімдеріне сабақтан тыс спорт сабақтарын жүргізгені үшін базалық лауазымдық жалақыдан 100% мөлшерінде қосымша ақы енгізіліп отыр. Сондай-ақ, Заң жобасында ұлттық спорт түрлерін дамыту жағы да жоспарда бар», - деді А.Райымқұлова.
Елімізде 5 428 жалпы білім беретін мектепте спорт залдары бар. Министрдің мәліметінше, алдағы уақытта спортты үйрететін педагогтарды көбейту көзделген.
«Халықпен жұмыс істеу үшін спорттық нұсқаушылардың санын арттыру көзделіп отыр. Бүгінгі таңда ауылдық жерлерде 1 345 маман тапшы. Бұл шара әсіресе ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Нұсқаушының орташа жалақысы 50-80 мың теңге», - деді министр.
Кешенді жоспарда спорт саласын цифрландыру мақсатында «Е-sport» цифрлық тұғырнамасын енгізу көзделген. Оны министрлік «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен бірлесіп әзірледі. Енді 2020 жылдың соңына дейін бір өңірде пилоттық жоба ретiнде сынақтан өткізу жоспарланып отыр.