Елордада «Реальные доходы» қаржы пирамидасын құрған әйел ұсталды

Елордада «Реальные доходы» қаржы пирамидасын құрған әйел ұсталды

Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаменті «Реальные доходы 1» және «Реальные доходы 2» деп аталатын қаржы пирамидаларын құрған 45 жастағы әйелді ұстап, сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастап кетті. Күдікті әйел 2019 жылдың мамыр айынан бері жүздеген адамды алдап, аса ірі көлемдегі қаражатты қалтасына басқан. Белгілі болғандай, ол WhatsApp мессенджерінде «Реальные доходы 1» және «Реальные доходы 2» деген екі чат ашып, тұрғындарды пирамидаға ақша салуға көндірген. Шарт бойынша әр қатысушы кемі 20 мың теңгеден беруі тиіс болған. Алаяқ әйел бұл ақшаны 15 күн ішінде екі есе көлемінде қайтарып беретінін айтып сендірген. Қазіргі таңда полицияға 40-тан астам адам арыз жады. Ал тергеу барысында анықталғаны, барлығы 300-ден астам адам алаяқтықтың құрбаны болған. Қазір аталған жайт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабы (қаржылық пирамида құру және оны басқару) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Күдікті қамауға алынған.