Алматыда блок-бекеттер әдеттегідей күшейтілген режимде жұмыс істеп тұр. Елде төтенше жағдай режимі аяқталғанмен, карантин режимінің сақталатыны туралы ақпаратты дұрыс түсінбеген көпшілік әлі де болса қаладан облыс аумағына немесе керісінше облыстан қала аумағына кіруге әрекет етіп жатқаны байқалады. Біз қаладағы блок-бекеттің біріне барып жағдайды біліп қайттық.
Қалаға немесе облыс аумағына жұмыстарына асыққандарды полицейлер қалаға уақытша тіркелгенін немесе анықтамасын тексеріп, медицина-санитарлық қызмет өкілдері ыстығын өлшеп, талапқа сай келетіндерін блок-бекеттен өтуіне рұқсат беріп тұр. Арасында рұқсатнамасын көрсетіп, еш кедергісіз блок-бекеттен өткендер де немесе кері қайтып жатқандар да бар.Қазіргі таңда бақылау-өткізу пункттерінде полицейлер саны артқан. Қала периметрі бойынша блок-бекеттерде 700-ге тарта полицей жұмыс істеуде. Блок-бекеттерге волонтерлар да тартылған.
– Бүгін жұмысқа шықсақ деп ойлағанбыз, дегенмен блок-бекеттен өте алмадық. Жұмыс орнымыз Алматы облысының аумағында орналасқан. Мақта-жүн түтетін цехта жұмыс істейміз. 2 айдан бері жұмысқа бара алмай қалдық. Қалада тіркеудемін. Блок-бекеттегілер жеке куәлігімізді алып, ЖСН-ді тексеріп, өтуге болмайтынын айтты. Облыста жұмыс істейтініміз жөнінде анықтама сұратып жатырмын, рұқсат берсе өтеміз, болмаса тағы да үйде боламыз. Жұмысшылардың пәтерақысын төлеп, тамағын алып беріп, уақытша демалысқа шығарғанбыз. Жұмыс жүрмеген соң оларды ұстап тұру қиын болып тұр. Еңбекақы төлеу керек. Қарамағымда 6 адам жұмыс істейді. 2 айдағы қарызымыз 1 миллион 200 мың теңгеге жетті, – дейді жеке кәсіпкер Шалқар ҚАУАН.
Мурзанова Аружан Айтжанқызы